Танымал әнші Қайрат Нұртас концерттері кезенде не себепті сахналық киімдерін лақтыратынын түсіндірді деп хабарлайды NUR.KZ.
Бұл туралы әнші 31 арнаның "Айта берсін" бағдарламасына берген сұхбатында мәлімдеді.
Қайраттың айтуынша, ән айтып тұрғанда оның "арқасы қозып кетеді" екен, сондықтан ол бұл әрекетін"өзін-өзі ұстай алмаймын" деп түсіндірді.
Әншінің анасы әрі продюсері Гүлзира Үсенқызы Қайрат осы уақытқа дейін он шақты киімін үлестіргенін айтады.
"Қайрат, ең құрғанда келесі концертке қалдыршы, әрең тіктірген киіміңді бермей тұра тұршы десем, мама кешірші, мен шыдай алмадым деп айтады", - деп сырын айтты.
Продюсер әншінің киімдерінің бағасы бес мың доллардан басталатынын айтты. Сондай-ақ Қайрат Нұртас талай рет жолдас-жораларына очки, сағаттарын, басқасын сыйлап кеткен көрінеді. Мәселен, досы Абайға құны 18 мың доллар тұратын Вreitling брендінің швейцариялық сағатын сыйлаған. Ақ алтыннан жасалған сағат гауһар тастармен көмкерілген.
Танымал әнші тек очкимен көпшілік алдына шықса да, небары екі дана көзілдірігі бар екенін айтты.
Әнші бір тіктірген сахналық костюмын әрі кетсе, 3-4 рет кие алатынын айтады.
"Оны сақтағанда не істеймін, тыңдармандарыма берсем, қуанып қалады", - дейді ол.