Махамбет, Қасым, Мұқағали, Тұманбай, Қадыр десек, ешкім де «ақын деген көп қой бізде, пәлі!» дей алмады. Себебі әрқайсысы өз алдына шоқтығы биік шың болғандықтан, ақындар ешқашан көптік етпейді. Бір ақын – бір әлем өйткені. Ал Қадыр – ақындардың ішіндегі әр сөзі қанатты сөзге айналған ақын. «Қазақ осы құда бол деп қинайтын, құдаларын Құдайындай сыйлайтын» деп бастап, әлі күнге қазақтың бесік тойы да, үйлену тойы, барлығы ақын өлеңінсіз өтпейді.
Дариға-ай, сөйткен Қадыр ақынның да арамыздан кеткеніне жыл айналып, тағы да жылға жалғасып үлгеріпті-ау. Бір еске алу кешін ұйымдастырған соң тым-тырыс қалып, ешкім сондай бір ақыны барын ауызға алмай кетендей болып еді, таяуда Қадыр Мырза Әлінің туған өлкесі Ақ Жайығынан жақсы бір ақпар жетті. Жақында Орал қаласындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында Қадыр Мырза Әлі қорының ақынды еске алуға арналған кеш және 18 томдық шығармасының тұсаукесері болып өткен. Қор мүшелері түгел және ақынның зайыбы Салтанат Мырза Әлі келіп, елмен ақын жайлы сыр бөлісті, сұхбаттасқан осы кеште М.Өтемісұлы атындағы университеттің екі студентіне Қадырдай ақын аталарының атындағы айына 20 мың теңге шәкіртақы тағайындалғаны ресми мәлім етілді. Қор директоры Донеділ Қажымов алдағы уақытта мұндай шаралар тек Батыс Қазақстан облысында ғана емес, қазақтың қара өлеңі мен Қадырдай ақынының қадірін білетін барлық өңірлерде жалғасын табатынын айтса, ең бір қуанышты жайды облыс әкімі Нұрлан Ноғаев ортаға салған. Яғни таяу болашақта Орал қаласының ең көрікті жерлерінің бірінде Қадыр Мырза Әлі атындағы ескерткіштің, жалпы, ақын атындағы еңселі мәдени орталықтың бой көтеретіндігін айтып, ел-жұртты серпілтіп тастады.
Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері:
– Қадырдың жырламаған тақырыбы жоқ, ол қамтымаған сала жоқ. Афоризмдерінің өзі бір кітап боп шығып жатыр, «Жазмышы» мен «Иірімі» өз алдына. Абайдың стилінде ұлтқа айтқан парасатты жыр жолдары мен ұлт намысы жайлы жыр жолдарын біз мектептен бастап, одан балаларымыз, бүгінде немерелеріміздің жаттауы – олардың адам жадында тез жатталып, өміршең өлеңге айналғанының нақты дәлелі. Қадырдың әрбір шумағы қазақтың танымына сіңген мақалдарынан, даналығы мен данышпандығынан туған. Біз Қадырды танып та, зерттеп те, аударып та болған жоқпыз, тіпті бастаған да жоқпыз. Қадырдай ақынды таныта алмай жүргендігіміз біздің ұлттық салақтығымыздан деп қарауымыз керек. Қасымызда жүргенде «өзіміздің Қадыр ғой» дедік, сосын «е, Қадыр ақын ғой» дедік, бірақ шын мәнінде бағалап, өз дәрежесінде зерттей алмадық. Мінекей, сондай бір ұлттық формаға айналып кеткен ақынды тек қана ақын атындағы қордың жоқтап жүргені, әрине, қынжылтарлық дүние. Себебі ол – бүтін ұлт боп ұлықтап, бүтін жұрт боп жоқтайтын ақын.