Батыстық зерттеушілер Слава Дончев пен Вернер Бахман бүгінде әлемде ең алғаш пайда болған шекті аспап Қорқыттың қобызы екенін, ал Еуропаның скрипка, альт, виолончель, контрабас сынды классикалық аспаптарының содан бастау алатындығын дәлелдеп шықты. Осыдан сегіз жыл бұрын, яғни 2001 жылы көшпенділер өркениетінің әлемдік музыка мәдениетіндегі рөлін насихаттау мақсатында құрылған «Қорқыт» қоғамдық қоры кеше Ұлттық баспасөз клубында журналистер қауымының басын қосты.
Бүгінге дейін бірқатар мәдени бағдарламаларды, атап айтқанда, Үлкен Театрдың дирижері Фуат Мансуровтың қатысуымен ҚР Тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған Қайырымдылық акциясы, Арам Хачатурянның 100 жылдығына орайластырылған мерекелік концерттерді өткізген аталған қор сәуірдің 18-і күні «Қазақконцерт» ғимаратында «Наурыз» мерекесіне арналған концерт өткізбек екен. Оған А.Жұбанов атындағы дарынды балалар музыкалық мектебінің «Giovanni Talеnti» камералық оркестрі, сондай-ақ халықаралық байқауларда қазақтың атын шығарып жүрген белгілі фортепианошы Арман Тілеубергенов пен скрипкашы Ақан Мейірбековтер қатысып, күй атасы Қорқыттан бастап, Бах, Вивальди, Моцарт, Паганини, Сағатов пен Серкебаевтардың шығармаларын орындайды. Баспасөз өкілдерін жинаған «Қорқыт» қоғамдық қорының директоры Дана Мейірбекова осындай жаңалықпен қоса қазақ өнерпаздарының қобыз және скрипка, т.б аспаптарда ойнаған музыкаларының CD, DVD жинақтарының жарық көргендігі жайында мәлім етті.
Қазіргі таңда қордың мақтанышы – жеті жасында Запорожьеде өткен «Кішкентай ханзада» атты байқаудың жүлдегері атанып, содан бастап талай халықаралық байқауларда қазақ музыкасы мен өнерін айдай әлемге паш етіп келе жатқан жас скрипкашы Ақан Мейірбеков. Содан кейін ауылдардан келіп А.Жұбанов атындағы дарынды балалар музыкалық мектебінде білім алып жатқан, кіп-кішкентай болса да лауреат болып үлгерген жас өнерпаздар. Басқосуға солардың жетекшісі, тәлім беруші ұстазы Гүлмира Бүйенбаева, атақты музыкатанушы Юрий Аравин, Ақан Мейірбековтер қатысты.
Заманауи шекті дүниелердің дамуы мен жаңғыруын үнемі назарда ұстайтын «Қорқыт» қоры Еуразия халықтарының тамыры терең мәдени-тарихи байланыстарын айшықтайтын шараларды алдағы уақытта да өткізіп тұруды мақсат етіп отыр.
Қадамы құтты «Қорқыт»
Последние статьи автора