Президенттік шырша алауын жақты
Кеше Астананың «Думан» ойын-сауық отауында президенттік шырша өтті. Астанада ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша болды. Президенттің атынан ұйымдастырылып отырған кешке Астанадағы балалар үйінен, «SOS-Киндерсдорф» қалашығынан және қаланың білім беретін мекемелерінен 9-13 жас аралығындағы 150-ге жуық жетім бала қатысты. Жанарларынан жетімдіктің табы байқалатын балалардың жүздері дәл осы кеште ерекше бал-бұл жанып, көңіл күйлерінің арнасынан тасығанын көрдік. Шырша кеші өте жоғары деңгейде өтті.
Бір байқағанымыз, мерекелік кеш ұлтаралық бейбітшілікті насихаттауды мақсат еткен. Елбасының «ұлтаралық татулықты келер ұрпаққа аманат ету қажет» деген өнегесі дәл осы шыршадан басталғандай. Шыршаға жиналған балалар қазақ, орыс, ағылшын, швед, неміс, француз және түрік кейіпкерлерін тамашалап, солардың әнін айтып, биін биледі. Мерекенің маңызды бөлігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың балаларды құттықтап сөйлеген бейнежолдауы болды. Президент өз сөзінде балалардың білім алып, елге адал қызмет етуіне мемлекет барлық жағдай жасап отырғандығын атап өтті. «Еліміз асыл армандарыңды шындыққа айналдыру үшін дарынды балаларға арналған мектептер ашуда. Еліміздің барлық өңірлерінде думанды орталықтар салынуда. Данышпан бабамыз Абай аталарың: «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген қасиеттерімен озады», – деп айтқандай, сендер барынша жақсы оқып, сапалы білім алып, туған Отанымызды шын сүйетін үлгілі, еліміздің келешегіне үлес қосатын үлкен азамат болыңдар. Ұлағатты ұлт ұрпағына тән ұқыптылық көрсетіңдер. Біздің халқымыз «талаптыға нұр жауар» дейді. Сендер талапты да талантты, батыл да алғыр, зерек те зерделі болып өсіңдер», – деді Елбасы бүлдіршіндерге зор үміт артып, асқақ арман тудырып. Балалар Елбасының сөзін ерекше ықыласпен тыңдады.
Мерекелік кеш барысында Елбасы атынан ноутбук секілді бағалы сыйлықтар табысталды. Артынша дастарқан жайылып, зор қуанышқа кенелді.