Қызылордалық Қырымбай Мұхамбетяров ағамыз «Қазақстандық преферанс» атты кітапты баспа жүзінен шығарды. Бұрын-соңды елімізде мұндай дүние қазақ тілінде оқырман қауымның қолына тимеген-тін. Кітапты жазуға не себеп болды? Бұл карта ойынының біздің өмірде алатын орны қандай? Бірнеше жыл бойы осы тақырыпты жүйелі зерттеген автор оның адамның ой-өрісін дамытуда пайдасы зор екендігін дәлелдеп шыққан. Жалпы, көпшілік арасында преферансқа жай ғана карта ойыны есебінде қарайтын адамдар аз емес. Әрине, әңгімені осылайша шолақ қайырған орынсыз болар еді. Қазір зейнеткерлік жастағы ағамыз аталмыш тақырыпта жүйелі сараптама жасауды дұрыс көрген екен. «Алаш айнасы» тілшісі автордан естелікке кітабын алып, қолтаңбасын қойдырып алған еді.
Ерте кезден әлемде карта ойыны кеңінен өрісін жайған. Адамдар оны түрлі жағдайда өз кәдесіне жаратып келді. Еріккен ермекке ойнады. Ендігісі оны қызық көрді. Тағы біреуі картаны коммерциялық жағдайға пайдаланды. Ағамыз олардың арасында преферанс ойының орны бөлек екенін айтады. Бұл ойынға ақша тігіледі. Сондықтан ол құмар ойындар қатарында саналады. Кітап иесі осы тұрғыда өз пікірін айтады. «Әлемде преферанстан басқа құмар ойындар аз ба? Шахмат, бильярд және өзге де ойындарды алып қарайықшы. Мәселен, олардың әрқайсысынан әлемдік жарыстар өткізіледі. Мұндай додалы жарыстарда бәс тігіледі. Ендеше, аталмыш спорт түрлерін құмар ойындар қатарына неге қоспаймыз? Бұл жөнінде асықпай ойланғанымыз артықтық етпейді» дейді Қ.Мұхамбетяров. Құмарлықты белгілі мөлшерде ақылмен тежеп, өзіңнің біліктілігіңді көрсеткен артық емес. Преферанс та тура шахмат секілді. Адамның ақыл-өрісін арттыруда пайдасы аз емес екен. Әлемнің кейбір елдерінде карта ойындары мектепте өзіндік пән есебінде өткізіледі деген дерек те бар.
Преферанс есепке құрылатын ойын. Оны кез-келген адам өз деңгейінде меңгеріп кете алмайды. Оған да әрбір адамның қабілеті қажет-ақ. Жүйелі ойында да ғана жеңіске қол жеткізуге болады. Ендеше, оған салқын көзқарас қайдан пайда болған? Рас, елімізде құмар ойындарға шектеу салынған. Дегенмен, әрбір шешімді қабылдарда оның астарына үңіліп жүрміз бе? Автор бізбен әңгімесінде осындай пікірін білдірді.
90-шы жылдардың басынан Ресей мен өзге де мемлекеттерде преферанс туралы кітаптар көбірек шыға бастады. Атап айтқанда, Н.Ю.Розалиевтің «Карточные игры России», Покровскийдің «Преферанс» атты туындылары оқырман қолына жол тартты. Біздің елімізде де ондай дүниелер шықты. Дегенмен олардың басым бөлігі орыс тілінде болып отыр. Қазақша тәржімаланған бір кітап көпшілікке онша түсінікті тілде жазылмаған. Осындай олқылықтың орнын толтыру мақсатында қолға алынған «Қазақстандық преферанс» кітабында жалпы жұрттың ұғымына сай дайындалған.
Қырымбай МҰХАМБЕТЯРОВ, кітаптың авторы:
– Мен преферанс туралы шыққан өзге дүниелерді де жоғары бағалаймын. Оларда ойын кезінде пайдаланылатын қағидалар мен түсіндірмелер молынан қамтылған. Аталған авторлардың арасынан кезінде жоғары оқу орнының басшысы болған, шахматтан ел біріншілігіне алты мәрте қатысқан Ғалимолла Сәйденов ағамыздың жөні бөлек. Ол кісі преферансты ойнағанда әдемілікті, ойын өрнегінің сауаттылықты байқап отыратын. Тарихқа үңілсек, талай танымал тұлғалар да осы ойыннан шет қалмаған. Олардың қатарында қазақтың белгілі ғалымы, жиһанкезі Шоқан Уәлиханов та болған. Сондай-ақ, қазақ қаламгерлері арасында Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин сынды азаматтар да преферансты жақсы білген. Қарап тұрсаңыз, аталмыш азаматтардың барлығы да ой еңбегімен айналысқан жандар емес пе? Сондықтан бұл ойынға үрке қараудың реті жоқ. Бір сөзбен айтқанда, преферанс әлемде ақсүйектер мен тектілер арасындағы ойынның біріне айналған. Мені кітап жазуға осындай ойлар жетеледі. Жалпы, преферансқа бір жақты баға беруге болмайды. Преферанстан да өзге де ойын түрлері секілді бәйге тігіп, арнайы жарыстар өткізуге көңіл бөлгеніміз артық емес.
Бірқатар елге белгілі азаматтар кітап жайында өз пікірін білдірген екен. Соғыс және еңбек ардагері, көп жылдар бойы облыстың қаржы саласында басшылық қызметте болған Бименде Баймаханов ағамыз өткен ғасырдың 70-80 жылдарында облыста преферанс ойнайтын адамдардың шоғыры пайда болғанын тілге тиек етеді. Солардың арасында ойынды өз деңгейінде түсініп, оны өнер есебінде бағалай білген жандардың қатарында Қ. Мұхамбетяров та бар екен.
Қазіргі таңда әлемде преферанс логикалық ойды дамытатын, интелектуалдық ойын есебінде өз мәртебесін алып жатыр. Осыған қарай отырып, оның келешегі зор деп бағалаймын. Осы күндері көптеген мемлекеттерде халықаралық турнирлер өткізілуде. Оларға қатысып жүрген қазақстандық ойыншылар да бар. Сол себепті Қ.Мұхамбетяровтың «Қазақстандық преферанс» кітабы оны үйренемін деген адамға өте қажет дүние деп бағалаймын.
Автордың айтуынша, кітапты жазуға преферанс жөнінде қазақ тілінде ешқандай әдебиет пен көрнекті құралдың болмауы түрткі болған. Ойынды білмейтін адамға өзге дүниелерді пайдалану қиынға соғары анық. Әрине, ойынды дамыту жөнінде ұсыныс-пікірлер де назардан тыс қалмайтын болады.
Преферансты құмар ойын деп шатасып жүрміз бе?
Последние статьи автора