Бақытнұр Дүйсенбаева – кішкентай кезінен бимен әуестеніп қана қоймай, кәсіби деңгейде билеп жүрген биші қыз. Қазір Алматыдағы А.Селезнев атындағы хореографиялық училищеде білім алуда. Жақында Бақытнұр Парижде қазақ биінің мерейін асырып қайтты. Еуропаның жүрегіндегі Париж қаласында өткен халықаралық байқауда бас жүлдені жеңіп алып, қазақ қызының дәрежесі мен қазақ биін шетелдіктерге мойындатып келді.
ТМД елдерінен барған өнерпаздарды Санкт-Петербург қаласындағы «Событие» деген мекеме ұйымдастырып, алыстан келгендерге туристік бағдарлама ретінде Еуропаның үлкен қалаларына саяхат жасатты. Бұл байқау биыл жетінші рет өткізіліп отыр. Бақытнұр байқаудың екі турына қазақ биін және ұйғыр билерін апарған.
– Классикалық балетпен шетелдіктерді таңғалдыра алмайтынымды білдім. Ұлттық колоритпен таңдай қаққызғым келді. Біздің қазақ биі – ерекше би. Қимылы да, көрінісі де өте әдемі билердің қатарына жатады. Осындай дәрежеге көтергендері үшін мен ұстаздарыма алғыс айтамын. Енді келесі жылы Санкт-Петербургта өтетін суперфиналға жолдама алдым. Сол жерде тағы да қазақтың биін жоғары деңгейге көтерсем деймін, – деді Бақытнұр бізге берген сұхбатында. Келесі жылғы байқауда үлкен ақшалай сыйлық пен бишілік өнердің биік шыңына шығуға мүмкіндік беріледі.
Болашағынан үлкен үміт күттірген биші қыздың анасы Самал Әбдірахманова былай дейді:
– Қызымды алғашында көркем гимнастикаға апарғанмын. Үш жылдай соған қатысып жүрді. Содан бір күні Ақтөбеге гастрольдік сапармен Болат Аюханов келді де, қызымды балетке апардым. Жалпы, балаларымды үнемі театрларға, түрлі концерттерге апарып тұратынмын. Балетті көргенде қызымның көзі жайнап кетті. Ойын бітіп, концерттің соңында сахнаның сыртында ата-аналар ұл-қыздарын көрсетіп жатыр екен. Біз де бардық. Қызымның балетке барлық жағынан сәйкес келетінін байқаған Аюханов: «Келесі жылы училищеге келсін. Жасы жетеді», – деді. Сұрастырып көрсем, Ақтөбеде сол оқу орнына түсемін дегендерді апаратын жеке балет мектебі бар екен. Бір жыл сол мектепте дәріс алды. Қазіргі педагогі Л.Макарцева сол жерге сабақ беруге Алматыдан арнайы шақыртылыпты. Қазір Алматыда сол кісінің сыныбына қабылданып, дәріс алып жатыр. Жалпы, жарыс өте тартысты өтті. Өнер көрсеткен өрендердің барлығын да әділ бағалады. Соның арқасында біздің қызымыздың бағы жанды.
Парижде қазақ биі бас жүлде алды
Последние статьи автора