Париж төрінде бірінші орын алды
Қармақшы ауданының орталығы – Жосалы кентіндегі №250 мектеп-лицейдің оқушысы Айжан Қыдырбек «Евросаябақ көзайымы» халықаралық байқауында бірінші орын биігінен көрінді. Еуропа төріндегі Париж қаласында болған ән сайысында ол төрткүл дүниеден келген жезтаңдай әншілер арасынан оқ бойы озық шықты.
Сыр өңірін былайғы жұрт сүлейлер мекені деп те атайды. Расында, бұл аймақта көмейіне бұлбұл ұялаған талай талантты тарландар дүниеге келген. Қазақтың төл өнерін бағалай білетін жұрт Қармақшыны жыраулар өлкесі деп біледі. Өйткені аталмыш ауданнан жыраулық өнерді дәріптеп жүрген қаншама өнерпаз бауырларымыз шықты. Осындай құт қонған қоныстың қарлығашы Айжан да айдай әлем алдында қазақ халқының ән өнерін асқар биікке шығара білді.
Ән байқауында Айжан орындаған әндерге шетелдік мамандар жоғары бағасын берді. Келешекте оның өнер жолында өрелі биіктерге қадам басарына сенім артты.
Ақзира ҚАСЫМОВА, Қармақшы ауданындағы №250 мектеп-лицейдің директоры:
– Айжанның халықаралық байқауда алған жүлдесі еліміздің абыройын асқақтатты. Оған қазақтың мақтаныш тұтатын қызы бол деп тілек айтамыз да. Жалпы, біздің ұжым оқушымыз Айжанды мақтан тұтады.