Актриса Жанель Мақажан енді жабық киініп, орамал тағып жүрмек, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "Экспресс К"-ға сілтеме жасап.
Бұл туралы актриса өзінің Instagram-дағы парақшасында жазды. Ол қасиетті Қағбаның алдында тұрған видеосын жариялаған. Онда актриса жұбайына тосынсый жасап, өзінің орамал тағатынын айтады.
Бүгін соңғы күн сіз қалаған, армандаған нәрсені айтқым келіп отыр. Сіз тосынсый қылып айт дедіңіз ғой, Қағбаның қасында айтқан тосынсыйдан артық не болады. Мен енді орамалға келдім, — дейді актриса.
Осы сәтте жұбайы Абай Асылхан көз жасына ерік берді. Ол әйелінің маңдайынан сүйіп, Алла Тағаланың разылығы үшін жақсы көретінін, оны қолдап, демеп жүретінін, өзінің бақытты екенін айтты.
Актриса бейнежазбаның соңына өзінің бұл қадамға қалай келгенін де жазған.
"Сапарымыз Медина қаласынан басталған еді. Сол кезде күнделікті Раббымнан орамалға махаббатыммен келуімді жалбарынып тіледім. Ой үстінде жүрген едім. Бес күннен кейін Меккеге жол тарттық. Бұл жерде шүбәсіз Раббымның ғана қалауымен келгенімді терең түсініп, мені үлкен өзгерістерге алып келді. Қағбаның жанында сұрағанымды көп ұзатпай беріп отырғаны мені қатты ойландырды", — деп жазған актриса.
Сондай-ақ Жанель Мақажан "Әбекемнің үлкен армандарының бірі — менің орамалға келуім еді. Баршамыздың дұғамыз қабыл болды" деп жазған.
Актриса алғашқы күйеуінен екі баласымен ажырасып кеткен болатын. Ал қазіргі күйеуі Абай Асылхан өзінен сегіз жас кіші. Оны жұрт "Аппақ келін" веб-сериалы арқылы таниды.
Актриса парақшасындағы бұған дейін түскен суреттерінің барлығын өшіріп, тек қана орамал таққан суреттерін қалдырған.
Ал актрисаның өнердегі достары мен әлеуметтік желі қолданушылары бұл қадамын қолдаған.