Өзгенің әдебиетін аударғаннан шаршаған жоқпыз ба?

Әдетте, біз қазақ әдебиетінің әлеуеті туралы әңгіме өрбіткенде, «мұрны­мыз көкке шаншылып» тұрып мақтанатынымыз бар. Бұлай дейтін себебіміз де жоқ емес. Тамырын тереңнен тартқан қабырғалы қазақ әдебиеті қашанда талантты қаламгер­лер мен мықты да мазмұнды шығармалардан кенде болып көрген емес.

Алайда сол ауыз толтырып айтатын әде­биетімізді өзімізге және өзгелерге қан­шалықты мойындата алып отырмыз? Бүгін­гідей ақпараттық технологияларға бет бұр­ған заманда, қазақ қоғамы өз қалам­гер­лерінің шығармаларымен қаншалықты таныс? Осы біз өз жазушыларымызды оқы­майтындай күйге түсіп бара жатқан жоқпыз ба? Рас, қазір заман құбылды, бұрынғы құндылықтардың орны алмасып, жалпы әдебиетке деген жалпы көзқарас та өзгерді. Әлемдік әдеби процестер болса жаңа заманға бейімделіп, қарыштап дами бастады. Соның ықпалынан біздегі кітап нарығын көршілес Ресей мен батыстың әдебиеті барынша жаулап алды. Бұған қоса, интернет сияқты заманауи техноло­гия­лардың көмегімен өзге жұрттар өздері­нің әдебиеттерімен қазақ баласының сана­сын жаулауға кірісіп кетті. Әлдебір алапат күшке ие осындай сыртқы әдеби экспан­сияға қарсы тұрарлықтай бізде нендей қауқар бар? Қалай болғанда да, «шабуылға шабуылмен» жауап беруден басқа амал жоқ сияқты. Ал ол үшін шетел әдебиетінің қазақ тіліне емес, төл әдебиетіміздің өзге тілдерге аударылуына салмақты күш салу қажет. Бұл іске қатардағы баспалар ғана емес, мемлекеттің өзі тікелей мүдделі бо­луы қажет. Кезіндегі кеңес өкіметі тұсында көркем әдеби аударма саласы жүйелі түр­де дамыды. Бұл бірінші кезекте кеңес идео­логиясының оңтайлы пиары үшін аса қажет болды. Осы тұста «Қазақ кеңес әде­биетіне» жеткілікті дәрежеде көңіл де, қар­жы да бөлінді. Әсіресе қызыл идеологияны өзек етіп алған туындылар бірінші кезекте дәріптеліп, алдымен орыс тіліне, содан соң басқа да бірнеше әлем тілдеріне аударыла бастады. Мұнымен қатар әлемдік әдебиет­те орны бар шетел жазушыларының еңбек­тері орыс, қазақ тілдеріне көптеп аударыл­ды. Десек те, осы бір жоспарлы жұмыстар әдебиетіміздің белгілі бір дәрежеде өсіп-өркендеуіне де қызмет етті. Әдеби аудар­маның арқасында қазақ жазушыларының есімі өзге елдің оқырманына да таныс бола бастады. Бірақ шетелге шығармасы ауда­рыл­ған қазақ қаламгері, негізінен, «кеңес жа­зушысы» ретінде танылатын. Еліміз Тәуе­­л­­сіздік алғаннан кейін кеңес өкіметінің «қамқорлығындағы» қазақ әдебиеті баспа ісі мен аударма саласына қатысты біраз игіліктерден айырылып қалды. Есесіне ұлт әдебиеті қызыл құрсаудан босап, азат ой­дың кеңістігіне шығып кетті. Төл әдебие­тіміз үшін ең басты жетістік осы болды. Ендігі ке­зек­те бізді ұлттық әдебиеттің жаңа­ша бағыт­та дамып келе жатқан үрдісіне тың серпін беріп, оның әлеуетін әлемдік мас­штабта насихаттау мәселесі алаңдатуы тиіс.
Бізді мына бір құбылыс қынжылтады: мысалы, кез келген қазақ баласы шетел жазушыларының есімдерімен жақсы таныс және олардың кейбір шығармаларын бі­леді. Мұның бірден-бір себебі – өзгелердің біздің тілге көп аударылуында. Оның үстіне бүгінде батыста мықты дамыған «әдеби агенттіктер» өз қаламгерлерінің жазған-сыз­ғандарын бірінші кезекте сыртқа жар­на­малауға мүдделі. Өйткені көптеген өр­ке­ниетті елдер әдебиетті әлдеқашан табыс көзіне айналдырып үлгерген. Осы тұрғыдан алғанда, көркем аударма әдебиеттің қоз­ғаушы күшіне айналып отыр десек те болады. Ал бізде ше?.. Бізде қазақ тіліндегі таңдаулы туындыларды әлем тілдерінде сөйлету жағы тіпті төмен деңгейде. Аудар­ма саласына мемлекет азғана ақша бөлген­дей болады. Оның өзінде ол қаржының жартысынан көбі қайтадан сол шетел әде­бие­тін қазақшалауға жұмсалады. Бұған қоса, көркем аударманы меңгерген, әде­биет­пен жақсы таныс тәжірибелі тіл ма­ман­­дарына тапшылық жағы тағы бар. Егер де осы сөзімізді теріске шығарғысы келетін жауапты адамдар болса, бізге хабарласып, айтар уәжін ортаға салсын! Бірақ ақиқатын айту керек қой, жоғарыда отырғандардан қазіргі қазақ әдебиетін әлемге танытқысы келіп отырған жанашыр жандарды көріп отырған жоқпыз. Қазіргі кезде бізде аудар­ма әдебиетпен айналысатын бір ғана баспа бар екен. Оның өзі де – жекеменшік баспа. Осы баспада «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «Әлем әдебиеті кітапханасы» сериясы бойынша 2004 жылдан бері әлем классиктерінің туынды­лары қазақ тілінде жарық көріп келеді. Осы жылдарда орыс, француз, жапон, ағыл­шын және Латын Америкасы елдері қаламгерлерінің бірқатар шығармалары төл тілімізге аударылып, оқырманға ұсы­нылды. Міне, осындай мазмұндағы дерек­терге көзіміз түскенде, тағы бір мәрте «әтте­ген-айлап» қалғанымызды жасырмаймыз. Осы ретте, «неге біз өзгелерді қазақша­ла­ғаннан шаршамаймыз» дегің келеді. Ал­дағы жылдарда «Аударма» баспасы қазақ қаламгерлерінің шығармаларын шет тіл­деріне аудару ісін жетілдіре түссе деген талап-тілегіміз бар. Әйтсе де баспаның қолында тұрған ештеңе жоқ. Біздіңше, дәл осы мәселені мемлекет өз қарамағына алу керек сияқты.

Бір пікір
Жібек БОЛТАНОВА,
«Аударма» баспасының директоры:
– Қазіргі қазақ әдебиетіндегі әлсіз саланың бірі – көркем аударма. Дегенмен осы бағыттағы жұмыстар баяу болса да жүзеге асырылып келеді. Осы орайда «Аударма» баспасының атқарып отырған жұмыстары да аз емес. Біз, негізінен, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыс істейміз. Сондықтан да ең алдымен мемлекеттік тапсырыстар тізіміне енген кітаптарды аударумен айналысамыз. Бұған дейін шетел жазушыларының шығармаларын қазақ тіліне тәржімалауға негізгі басымдық беріліп келсе, ендігі кезекте біз өз тарапымыздан өз қаламгерлеріміздің өзге тілдерге аударылуына ден қоя бастадық. Бірақ аударма ісінің машақаты мол болғандықтан, біз аудармашы мамандарға зәру болып отырмыз. Бір қарағанда, қазір бір емес, бірнеше шет тілін еркін меңгерген жастар көп. Алайда олардың дені әдеби-көркем аудармаға келгенде, қабілет-қарымдары жеткіліксіз болып жатады. Басқа-басқа, бізде тіпті төл әдебиетімізді орыс тіліне сауатты аударатын да мамандар аз. Кейбір авторларымыздың аудармаларының сапасы төмен болып жатады. Біз әрбір аударылған шығарманың нұсқасын алдымен әдебиетшілерден құралған сарапшылардың, редакторлардың сынынан өткізіп аламыз. Сол үшін де біз, негізінен, шет тілдерін оқытатын бірқатар жоғары оқу орындарының мамандарымен және белгілі тәржімашы қаламгерлермен арнайы келісімшарт негізінде жұмыс істейміз. Бүгінгі күні біз ағылшын, орыс, түрік, қытай, жапон, поляк тілдерінің білгірлерімен бірлесіп жұмыс жасап отырмыз. Ал аударма кітаптың таралымы небәрі 3000 дананы құрайды. Сондықтан жұмысымызды бұдан да ұлғайтуымыз үшін бізге әлі де болса қаржы жағынан, білікті аудармашы мамандар тарапынан қолдау керек-ақ...

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста