Отандық әнші Бүркіт жарын өзге ұлттан алғанымен, қазақтың бұрымдыларын өзгелерге қимайтынын айтты деп хабарлайды «Если честно» бағдарламасына сілтеме жасаған NUR.KZ.
Әнші қазақтың жігіті қай ұлттан қыз алса да балалары қазақ болып қалатынын жеткізген.
«Қазақ жігіті өзі сүйген қызының ұлтына қарамастан үйлене алады. Бірақ, қазақ қыздарының өзге ұлтқа тұрмысқа шыққаны маған ұнамайды. Себебі, мен басқа ұлттан қыз алсам да балаларым қазақ болады. Ал қыздар өзге ұлтқа тұрмысқа шықса, олардың баласы өзге ұлт болады», - деді әнші.
Бүркіт қаракөз қарындастарын жоғалтып алудан қорқатынын жасырмады.
«Қазақ қыздарының өзгелердің етегінен ұстап кеткені - олардың жоғалғаны. Көптеген бойжеткендеріміз өзге ұлтқа махаббатпен шықпайды. Олар шетелге кетсем бақытты боламын деп ойлайды. Менің де шетелге тұрмысқа шыққан таныстарым бар. Олардың сыртта жүргеніне он жылға жуықтаған, туған жерді аңсайды. Қазақ жігіттері, одан да бәрін қазақтандырайық», - дейді Бүркіт.