Өз әншіміз – «ұры», өзгенікі «ұлы» ма?
Ұры кім? Кімді ұлықтаймыз, кімді жер қыламыз? Бізге керегі намыс болса, намысты адам өзін қорлау арқылы қорғайтын ба еді? Таяуда бір марапаттауда «Қызыл өріктің» қырғыз еліндегі орындаушысын шақырып, марапаттап, Ақылбек Жеменейді жер қылыпты бұл қазақ. Мәселе Ақылбекте ғана емес, үндемес пе едік, егер бұл жерде ахуал түгел қазақ эстрадасына, жалпы қазақтың намысына қатысты болмаса.
Қырғыз әні «Қызыл өрікті» қазақ жерінде хит қылған Ақылбек Жеменей, ал ол оны «ұрлап алғаны» өз алдына бөлек әңгіме. Әрине, ұрлықтың аты – ұрлық, ол үшін ешкімнің басынан сипау керек деп отырғанымыз жоқ. Бірақ Жеменей қазақ эстрадасындағы жалғыз «ұры» ма? Жә, өзгеге өтпей, жалпыға кетпей тұрып, Ақылбек Жеменейдің өз пікірін білсек бұл жайлы:
Ақылбек Жеменей, әнші:
– Жасырмаймын, иә, «Қызыл өрік» – қырғыз әні. Ұрлады дейтіндей, мен оны ешқашан қазақтыкі не өзімдікі деген емеспін. Бұл – бір, екіншіден, қырғыз әншілері де қазақ әндерін орындап жүр ғой. Осы уақытқа дейін қырғыз әндерін айтып көрмеппін. Әріптестерімнің көбінің репертуарында қырғыз әндері бар. Сондықтан бізге де неге айтпасқа деген ой келді. «Қызыл өріктің» қазақша сөзін Ринат Зайтов жазды. Бірақ қайырмасын қырғыз әніндегі сөздер бойынша қалдырдық. Жаздырған кезде бірден көп сұранысқа ие болады деп ойлаған жоқ едім.Табысты ән болды. Тойшы қауымның сұранысы көп. Бәрінің айтатыны – «Қызыл өрік». Өзімнің табиғатыма келеді-ау деген осы ән болды. Қырғызша орындалуы сәл басқа, біз қазақиландырып өзгеріс бердік.
Тізе берсек, қазір біздікі деп жүрген әндердің шын иесі – Мирбек Атабеков, Ильяс Абдразақов, Мирлан Алыкулов секілді қырғыз композиторлары. Тіпті «Мұзарттың» өзі бір емес, бірнеше әнін қырғыздан алған соң, басқаларға не өкпе? Атап айтқанда, «Арман, арманнан» бастап, «Таң сыры», осы соңғы «Тамшыларына» дейін бір емес, бірнеше әнін әйгілі топ Алатаудың ар жағындағы ағайындылардан алды. «Каспий» тобының «Лейли», «Әпекем», Бейбіт Қорған «Шоқ қыздарды», Қайрат Нұртас бір емес, қырғыздың бірнеше әнін қазақ эстрадасына етене енгізгені соншалық, бүгінде ол әндерді қазақ тіпті қырғыздан естісе, қызғанатын дәрежеге жетті дей аламыз. Әншілеріміздің бәрі бірдей үндемей өзімсініп жүре бермей, керек жерінде авторларын атап жүрген шығар. Алайда бұл жерде біздің әншілеріміздің сіңірген еңбегін де жоққа шығармауымыз керек қой. Белгілі бір ағамызға ұқсап, «Қызыл өрікті» алғаш шығарған қырғыз әншісі Мирлан Баековты елімізге шақыртып, «Жылдың хиты» деген номинация бойынша марапаттаудың қажеті қанша? Қай жағынан алғанда да бұл қисынсыз, себебі, біріншіден, ән қырғыз жерінде осыдан екі жыл бұрын хит болып қойған, екіншіден, өз сахна төрімізде «мен оны сотқа берем» деп, Ақылбектей әншіміздің сыртынан қырғыз әншісін қопаңдататын не сорлы күн туды басымызға? Тек бір адамға ғана қатысты айтылған сөз емес, жалпы «қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда» дегеніміз. Қазақ «жаман үйді қонағы билейді» деп текке айтқан жоқ, яғни өз кемшілігімізді білуіміз, олармен күресуіміз керек, бірақ оған өзгені куә қылудың қажеті жоқ. Әрине, әділдік керек, бірақ біз әділдік орнатудың жөнін білуіміз керек қой. Бір «ұрлықты» масқаралаймыз деп, күллі ұлттың жүзін төменшіктетуіміз керек пе, әділдік деген сол ма? Себебі қазір баяғыдай қазақы кеңпейілдіктің заманы өткенін бәріміз мойындаймыз, қандай шығарма алса да, әншілеріміздің рұқсатсыз алмайтындығы айдан анық, араларында ат жүрмесе де, ағайынгершілікпен шапан жүретін болар. Бұл өз алдына, біз одан да мәселені тамырымен қопарып, неге қазақ әншілері кейінгі жылдары қырғыздың әндеріне құмартып алды деген сұраққа жауап іздеп көрейікші. Қазақта айтатын ән қалмады ма? Сазгер жаңа әуен, ақын сөз жаза алмайтындай дәрежеде таусылдық па? Ғалым Жайлыбай ағамыздан бастап, Қасымхан Бегманов, жас та болса талай әнге жазған сөзі көңілдерден орын алған Қалқаман Сарин, Талант Арынғали, Ринат Зайытовтар аздық ете ме әлде? Болмаса, қаламақыны қымбат сұрай ма екен? Мүмкін, біздің композиторлардың әндері тым қымбат па екен деп те ойланасың. Егер әңгіме халық жылдам қабылдайтын ойнақы әуендерге ғана тіреліп тұрған болса, бізде ол да бар ғой.
Майра Ілиясова, әнші, продюсер:
– Жалпы, әнші ретінде мен бұған қарсы емеспін. Егер ән жақсы болса, неге айтпасқа? Жалпы, қырғыз әні қазақ елінде бүгін пайда болған жоқ. Баяғыда мен бала кезімде «Сен – жылқышы, мен шабан» деп әндететініміз есімде. Бала да болсам, қырғыз әнінің әуезділігіне сүйсінуші едім. Қазір әрине қырғыз әндері ерекше дарып кетті бізде. Бірақ Мұзарт, Ақылбек болсын жақсы орындап, қазақ дастарқаны мен сахнасының сәніне айналдырды. Ол ешқандай әбестік емес, қайта көршіміз қуануы керек. Себебі өнердің өрісі кең. Әрине, бірақ жастарымыз хиттің жөні осы екен деп өз әнін ұмытып кететін болса, оған әрине, қарсымын. Өзгені ұлықтасақ та, өзімізді төмендетпеуіміз керек.
Түйін
Жалпы, көрші елдің әнін салу жалғыз бізде ғана бар құбылыс болмаса керек. Себебі біздің де небір әндерімізді көршілес өзбек, қырғыз, қытай жерінде орындап, тәп-тәуір тыңдарман жинап жатқандар бар көрінеді.
Нақты мысал қажет болса, Заттыбек Көпбосыновтың «Ақмаржаны», Өктем Алтаевтың «Жаным», Мұзарт тобының репертуарындағы қаншама әндер бауырлас елдерге бара қалсақ, біздерді сол жақта құшақ жая қарсы алып жатқаны да өтірік емес. Жалпы, осыған қарап бұл тіпті қазіргідей жаһандану заманына тән заңдылық па деп те қаласыз.