Ақтөбе облысы Темір аудандық мәдениет үйінде «Отбасым – Отаным!» атты аймақтық отбасылық ансамбльдерінің байқауы өтті. Отбасы мәртебесін өсіріп, оларға қолдау көрсетуге, халқымыздың дәстүрлі өнерін дамытуға бағытталған байқауға тек облыс аудандарынан ғана емес, сонау Маңғыстау облысы Бейнеу ауданынан арнайы ат сабылтып «Божановтар» мен «Еламановтар» ансамблі, Атырау облысынан «Қарабалиндер» мен «Сұлтанмұратовтар» келді.
Жалпы, отбасылық ансамбльдер байқауы Темір ауданында осымен екінші рет өтіп отыр екен. «Оны ұйымдастырып, өткізудің өзіндік себебі бар» дейді ұйымдастырушылар. Облыс көлемінде бар тоғыз отбасылық, халықтық ансамбльдің үшеуі осы Темір ауданынан екен. Сонымен қатар бұл отбасылық ансамбльдер облыс деңгейіндегі үлкен іс-шараларға белсене араласып та жүр. Және тұрғындар арасында жоғары беделге де ие. «Отбасылық ұжымдарға қолдау көрсету және шығармашылық саласындағы жетістіктерін көпшілікке, атап айтқанда, республика халқына дәріптеудің маңызы зор», – дейді аудандық мәдениет үйінің басшысы. Сондықтан да алдағы уақыттарда «Отбасым – Отаным!» атты аймақтық отбасылық ансамбльдер байқауы өз жалғасын табатын болады деп сендірді.
Гүлзира ҚАЛИЕВА, Темір аудандық мәдениет үйінің директоры:
– Байқауды өнердің қыр-сырын жетік түсінетін кәсіби мамандар бағалады. Атырау облысы Құрманғазы ауданынан келген Сұлтанмұратовтар отбасы байқау талаптарынан сүрінбей өтіп, бас жүлдеге қол жеткізді. Бірінші орынды Темір ауданы Қопа селолық округінен келген Байдышевтар халықтық отбасылық ансамблі иеленді. Екінші орынды мұғалжарлық Тәттіғұловтар отбасынан құралған «Назар» тобы мен маңғыстаулық Еламановтар отбасы иеленсе, жүлделі үшінші орынға ансамбльге «Сазды әуен» деп ат берген мәртөктік Күзенбаевтар және Байғанин ауданындағы «Ақниет» отбасылық халықтық ансамблі ие болды. Жүлдегерлердің барлығы арнайы дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Отбасылық ансамбльдер сынға түсті
Последние статьи автора