Елімізге "Сәбина Келін" фильмі арқылы кеңінен танылған актриса Айнұр Ілиясова 24 жылдан кейін туған әкесін қалай тапқанын Хабар арнасындағы "Тікелей эфир" бағдарламасында айтты. Әкем тірі болса, табуым керек деп алдына мақсат қойған Айнұр өмірі көрмеген әкесін Ауғанстанның Кабул қаласынан тапқан.
"Әкем ауған азаматы. Мен есейген кезде анамнан "Әкемді тапсам қалай болады?",- деп өтіндім. Анам рұқсатын берді. Ол кезде мен 16 жаста едім. Одан кейін 24 жасымда өзіме нақты серт қойып, әкемді таптым. Қазақта жеті атасын, тегін білу керек деген бар ғой. Екінші бір нәрсе, егер ол адам бұл өмірде өмір сүретін болса, неге оны таппасқа?! Адам бұл өмірде өмір сүрмей о, дүниеге аттанып кетсе, әрине таба алмайсың. Бар болса, табасың. Мен бұл қара жерді басып жүрген адам болса, мен оны табамын деп өзіме -өзім сөз айтып, таптым. Оны тапқаннан кейін өзіме деген сенімім он есе артып, қанаттанып, күшейе түскендей болдым",- деді ол.
Актриса туған әкесін қалай іздегенін айтып, оны тапқан кездегі сезімімен де бөлісті.
"Ең алғашқы сөзім: "Иә, мен оны таптым!" деген сөз болды. Мен оның бұрын оқып жүрген жеріне жаздым, курстастарына, университетке жаздым. Оның отызына жазып, бесеуі білетін болып шықты. Әкемді табуға көмектескен адам оның сол кездегі араласатын адамын танитын болып шықты. Сөйтіп жүріп ол кісі табылды. Оны осы Алматыға шақыртып, он күндей қонақ қылып, ет асып қазақша, Алматыны көрсеттім. Риза болып кетті. Кеңес кезінде тәрбиеленген адам болған соң, орыс тілінде сөйлестік. Кейін ол өкіне бастады: "Ал енді сен мені таптың, менің жүрегім ауыратын болды ғой. Ары қарай қайтіп өмір сүремін?!",- деп. Бірақ құдайға шүкір, қазір бәрі жақсы, араласып тұрамыз",- деп жан сырымен бөлісті актриса.
Сондай-ақ, ол әкесін іздеп тапқанына ешқашан өкінбейтінін, Кабулда сегіз бауыры бар екенін жеткізді.