Бауыржан ӘБДІҚАДЫРОВ, ҚР Президенті стипендиясының иегері:
Жуырда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ҚР Президенті стипендиясының иегерлері – магистранттармен кездесуінде сөйлеген сөзін талқылауға және Магистратура және PhD докторантура институтының 2-курс магистранты, Назарбаев стипендиясының иегері Бауыржан Әбдіқадыровпен кездесуге арналған дөңгелек үстел өткізілді. Дөңгелек үстелді ашқан университеттің тәрбие ісі жөніндегі проректоры Ж.Ішпекбаев «Елбасы магистранттарға үлкен сенім артады» деген тақырыпта баяндама жасап, Мемлекет басшысының ғылыммен айналысып жүрген дарынды жас ғалымдарға жасап отырған қамқорлығын атап өтті. Бұл тарапта университет ректоры С.Пірәлиевтің де магистранттарға үлкен қолдау білдіріп, оқу орнының барлық мүмкіндіктерін осы бағытта жұмылдырып отырғанын айта келіп, «бүгінгі магистранттарға қойылатын талап және магистранттардың Отан алдындағы перзенттік парызы – Қазақстанның индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын қамтамасыз ететін ғылыми жаңалықтар ашу», – деді.
Басқосу барысында жиналғандарды елең еткізген Елбасы қабылдауында болған, стипендия иегері Б.Әбдіқадыровтың кездесу жөніндегі әсерлі әңгімесі болды. Аталған шара университет магистранттарының өздеріне деген сенімін нығайтып, ғылымға деген талпынысын одан ары ұштай түсу мақсатымен ұйымдастырылды. Дөңгелек үстелге қатысушы магистранттар үшін маңызды болған осы іс-шарадан кейін біз стипендиат Бауыржан Әбдіқадыровты аз-кем әңгімеге тартқан едік.
– Бауыржан, сіз тұңғыш рет еліміздің магистранттары үшін тағайындалған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев стипендиясының иегері атанған жастардың алдыңғы қатарынан көріндіңіз. Енді өзіңіз туралы, осы стипендияға жету жолыңыздағы ізденістеріңіз жайлы айта кетсеңіз.
– Біз үшін Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында Елбасы атындағы жоғары дәрежелі шәкіртақы иегері атануымыз – үлкен бақыт. Мен 1988 жылы 29 наурызда дүниеге келдім. 2006 жылы Алматы қаласының Медеу ауданындағы №163 қазақ орта мектебін бітірдім. Мектепте оқып жүргенде аудандық, қалалық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарды иелендім.
Тоғызыншы сыныпта оқып жүргенімде Тұран университетінде өткен студенттердің ғылыми конференциясына қатыстым. Осы конференцияның жұмысы менің ғылымға деген қызығушылығымды оятты.
Университетте аспап жасау мамандығы бойынша оқып жүріп, Президенттік шәкіртақы иегері атандым. 2010 жылы университетті үздік дипломмен бітірдім. Қосымша Tamos Education, Lanto Education сынды ағылшын тілі курстарында оқып, халықаралық IELTS емтихандарын нәтижелі тапсырдым.
2010 жылы физика мамандығы бойынша магистратураға түстім. Қазіргі таңда ғылыми-зерттеу жұмыстармен айналысып, «Күрделі өртті сөндірудегі нанотехнологиялар» атты тақырыпта магистрлік диссертация жазудамын. V халықаралық жас физиктер мектебінің жұмысына қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Зерттеу нәтижелері туралы халықаралық және республикалық конференцияларда баяндама жасадым, басылым беттерінде жарияланды.
Бүгінде «Наноматериалдарды зерттеу мақсатында физика зертханаларында аспаптар базасын және нанотехнологияларын меңгеру» тақырыбы бойынша ғылыми жобаны орындаушылар қатарында ізденіс үстіндемін. Халықаралық жас физиктер мектебінің жастар ұйымдастыру комитетінің тұрақты мүшесімін.
– Назарбаев стипендиясының көлемі қанша?
– Биыл алғаш рет тағайындалып отырған Назарбаев шәкіртақысына Елбасы өзінің Ұлттық Ғылым академиясының мүшесі ретіндегі ай сайынғы жалақысын арнайы шәкіртақы ретінде магистранттарға бөліп беруге шешім қабылдады. Шәкіртақының көлемі жалақының айлық 6 есептік көрсеткішіне (МРП) тең деп естідім. Бірақ мәселе – ақшада емес, ең бастысы, ел алдындағы сенімді ақтап, отандық ғылымның өркендеуіне үлес қосу.
– Озық ойлы жастармен бірге Елбасының қабылдауында болдыңыз. Осы кездесуден алған әсеріңіз қандай?
– Астананың төрінде, Ақордада, Елбасымен кездесіп, үлкен мәртебеге ие болғаным үшін шын жүректен қуаныштымын. Ол менің өмірімнің есте қалар қуанышты сәттерінің бірі ретінде жүрегімде жатталып қалмақ.
Президентпен білім, ғылым жөнінде екі сағат бойы емен-жарқын пікір алысып, бірге естелік суретке түсіп, бұл кездесуден үлкен әсерге бөленіп қайттық. Арнайы стипендия иегері атанғанымды естігенде, әрине, қуандым. Аллаға шүкіршілік еттім.
– Өзіңіз оқып жатқан оқу орны және ондағы магистранттарды даярлау сапасы туралы не айтар едіңіз?
– Кездесуде Елбасы: «Жаңа адамды тәрбиелеу үшін жаңа тәрбиеші керек. Біз бәріміз де бала тек ата-ананың айтқанымен жүру керек деген тәрбиемен өскеніміз рас. Алайда бүгінгі күннің талабы басқа. Егер бала тек ата-ананың айтқанынан шыға алмаса, әлемде прогресс те болмас еді. Біз өзіміздің жұмысымызды жасадық, сендер де өз замандарыңа сай болуларың керек. Ал тәрбиеші өзінің шәкіртімен санаса білуі шарт...» – деген болатын. Ендеше, заман талабына сай жаңа тәрбиеші дайындап жатқан, яғни педагогикалық жоғары оқу орнының жөні бөлек.
Шәкірт баптап, талай түлектерді ұшырған білімнің қара шаңырағы – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде оқу үдерісінің оқу-әдістемелік және ақпараттық қамтамасыз етілуі магистратура және PhD докторантура білім бағдарламаларын сапалы игеруге мүмкіндік береді. Осыдан үш жыл бұрын университет ректоры, педагогика ғылымының докторы, профессор Серік Жайлауұлы Пірәлиевтің тікелей бастамасымен құрылған Магистратура және PhD докторантура институты бүгінде қадамын қарыштай басып, магистранттар мен докторанттар даярлау ісіне үлкен еңбек сіңіріп отыр.
Бүгінгі таңда Абай атындағы университет әлемнің 25 еліндегі 90 университетпен белсенді іскерлік қарым-қатынас орнатқан. Ынтымақтастық туралы келісімшарттардың арқасында 2008-2011 оқу жылдары біздің университеттің 200-ден астам магистранты Ресей, Литва, Украина, Беларусь елдеріндегі жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарында он күндік ғылыми-зерттеу тағылымдамаларынан өткен. Мұның барлығы университет басшылығының заман талабына сай маман даярлауға аса үлкен мән беріп отырғанын көрсетеді деп ойлаймын.
Сонымен қатар осы оқу жылында институт базасында жаңадан бес ғылыми-зерттеу зертханасы ашылды. Онда физика және нанотехнология, биомониторинг, химия, информатика және математикалық модельдерді сараптау және сәйкестендіру зертханалары жұмыс істейді. Бұл – әсіресе біздер сияқты жаратылыстану ғылымдары саласы бойынша эксперимент жұмыстарын жүргізетін магистранттар үшін үлкен олжа. Сондықтан мен өзім оқып жүрген университеттегі білім беру сапасының тиісті деңгейде екенін баса айтқым келеді.
– Қазіргі жастардың ойы мен көзқарасы да өзгеше. Осы тұрғыдан алғанда, өз замандастарыңыз жайлы, қатар білім алып жүрген магистранттар туралы не айтасыз?
– Магистратура сабақтарына қатысу кезінде және күнделікті өмір барысында өзімнің көптеген дарынды замандастарымды көріп жүрмін. Олармен жарыса сабақ оқудың өзі бір ғанибет. Бірақ біздің қатарымызда мемлекеттің қаржысы мен ата-анасының сенімін босқа шығындап жүрген «бір қарын майды шірітетін құмалақтар» да жоқ емес. Олардың кейбіреуінің магистр дипломын алу үшін ғана жүрген қылықтары үшін қатты қынжыламын. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Қазақстанның болашақ дамуы – еліміздің индустриялық-инновациялық дамуына, оның білімі мен ғылымының қарыштап алға басуына байланысты екенін кездесу барысында қадап айтты. Ғылымды жасайтын қазақстандық жастар, яғни магистранттар болуы тиіс деп ерекше тоқталды. Жаңа экономика жасау үшін біздің магистранттар жаңа сапаға ие болуы тиіс деп ойлаймын.
– Еліміздің болашақ даму жолын көз алдыңызға қалай елестетесіз?
– Мен 100 пайыз сауатты халық – қазақстандықтардың кез келген модернизацияға төтеп беретініне, еліміздің еңсесі биіктей беретініне сенемін.
– Енді өзіңіздің болашақ жоспарларыңызбен бөліссеңіз.
– Астанада болған кездесуде Елбасы: «Егер мен сіздердің жастарыңызда болып, менен «Кім болғың келеді? Балаларыңның кім болғанын қалар едің?» деп сұраса, онда «саясаткер немесе Президент болғым келеді» деп жауап бермейтінім анық. Мен өз қабілетімді шамам келгенше ғылымға бағыштар едім. Өйткені ғылым мен білім бар жерде мадақ та, материалдық игілік те бар, адами дамуға қажетті негіз де – осында!» – деген болатын. Қазіргі кезде жастардың заманауи білім алуына, ғылыми-зерттеумен айналысуына, нарық сұраныстарына бейімделуіне жол ашатын тың инновациялық жобалар бізге жаңаша мүмкіндіктер ашып берді. Осылайша отандық ғылымда серпіліс пайда болды. Енді физика саласы мен нанотехнология бағыты бойынша ғылыми-зерттеумен айналысуды және болашақта PhD докторантураға түсуді жоспарлап отырмын. Мемлекетіміз бізге сапалы білім алуға, әлемдік ғылыми жетістіктерді меңгеріп, бәсекеге қабілетті маман болып шығуымызға барлық мүмкіндікті жасап жатыр. Жақын арада білімімді тереңдету мақсатында академиялық ұшқырлық бағдарламасымен шетелге бару үшін құжаттарымды дайындап жүрмін.
– Біздің қоғам қазір көбінесе өнер саласында жүрген әнші, биші, сықақшыларды «жұлдыз» деп қабылдайды. Осы орайда, ғылым саласында нәтижелі ғылыми еңбектер беретін ізденімпаз жандарды да өз саласының жұлдыздары қатарына жатқызуға болатын сияқты. Бұған қалай қарайсыз?
– Үлкен ғылымды үлкен ғалымдардың жасайтындығы, әр ұлттың белгілі бір ғылым саласын дамытушы, ел игілігіне жаратушы шоқ жұлдыздай кемел тұлғаларының болатыны анық. Әртүрлі салада ғылымды өзіндік пайым-ойларымен байытып, елеулі еңбектер бере білген, еліміздің мақтанышына айналған ғалымдар бар. Ғылым ұлт игілігі үшін жасалынатындықтан, ғалымды «жұлдыз» емес, жұлдызы жоғары ұлт шырақшысы деп атаған дұрыс деп ойлаймын. Абай атамыз айтқандай, «жылы жүрек, нұрлы ақыл, ыстық қайраты» бар ғалымдар мен кемеңгер тұлғалардың еңбектері ұрпақтан-ұрпаққа мәңгі жасай бермек. «Ғалымның хаты өлмейді» демекші, ғасырдан-ғасырға жалғасып жатса да ғылымды жасаушы ғалымдар шоқтығы биік, сөнбес шыраққа айналады. Сондықтан Тәуелсіз елдің ғылымының да, ғылымды жасаушы ғалымының да жұлдызы жоғары болсын дегім келеді.
– Әңгімеңізге рақмет. Ғылым жолындағы ізденістеріңізге табыс тілеймін.