Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерекесіне орай, елордадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Қолтаңбам – халқыма» деген тақырыппен кітапханаға өз кітабын сыйға тартқан қаламгерлер мен оқырмандар кездесуі болып өтті.
Шара барысында жиналған қауым үшін арнайы кітап көрмесі ұсынылды. Онда елорда жазушыларының шығармалары «Тәуелсіздік шежіресі», «Аталы сөз – баталы іс», «Кітап сыйла досыңа» деген тақырыптар бойынша жүйеленді.
Кітапхана қорында бүгінде 700 мыңдай кітап бар екен. Соның 150 мыңы кітапханаға сыйға тартылған болса, оның 30 мыңға жуығы – қалам иелерінің өз қолтаңбасымен берілген дүниелер. Арасында, әрине, кездесу кейіпкерлері – Фариза Оңғарсынова, Әкім Тарази, Сұлтан Оразалы, Бүркітбай Аяған, Дүкенбай Досжан, Кәкімбек Салықов, Тұрсын Жұртбай сынды қаламгерлердің кітаптары да бар. Сол секілді бұл кеште кітапханаға өз қолтаңбасын қалдырып, кітап ұсынған жас қаламгерлер де қатыстырылды. Атап айтқанда, қолтаңбалы кітаптар көрмесіне бұл күні халықаралық «Шабыт» жастар фестивалінің лауреаты, ақын Бауыржан Қарағызұлы мен ақын, журналист Әнуар Омардың өлеңдер топтамасы, журналист, «Астана ақшамы» газетінің тілшісі Нәзира Байырбектің Нұржамал Үсенбаева туралы жазылған «Нұржамал» деректі повесі мен «Билік – биіктік емес» публицистикалық жинағы да қойылды.
Өз тілшіміз
Оқырмандар қолтаңба иелерімен кездесті
Последние статьи автора