Наурыз айы «сендердің асыға күткен көктемдеріңді алып келдім» дегендей, шуағын шашып, күн жылынысымен Ұлыстың ұлы күнін Амантоғай орта мектебінің оқушылары жылдағыдай ерекше көңіл күйде қарсы алуды ұйғарды. Әдеттегі үрдіске өзгеше реңк беріп, Наурыз тойына дайындық қызу басталды.
Жылдағы қойылымды биыл оқушылар басқаша өткізуді ұйғарып, Наурыз тойының сценарийі жаңаша құрылды. Бесікке салу, тұсау кесу сияқты жылда қойылатын көріністер биыл қайталанбады. Ал бұл тойға олардың ата-аналары қызық көру үшін келген жоқ, олар да белсене араласты. Әсіресе бастауыш сынып оқушыларының белсенділігі ерекше болды. Олар өздері бір топ болып, олардың ата-аналары екінші топ болып, бір-бірімен жарыс ұйымдастырды. Ұлыс күні орындалатын салт-жоралғылар бәсекелестік түрде орындалды. Үлкендер жағы барын салып өнерлерін көрсеткенімен, балаларынан жеңіліс тапты десе де болғандай. Өйткені балалар Тазша бала, Алдаркөсе, Қожанасыр болып, әзіл-қалжың, сын-сықақ, әжуа-оспаққа құрылған қызықты ойындар, көңілді көріністер көрсетті. Наурызкөжені тоя ішкен балалар екінші бөлімде «Қыз сынын» өткізді. 1-інші және 2-сынып оқушылары арасында өткен бұл байқаудың жеңімпазы өнерімен жұртты тамсандырған 1-сынып оқушысы Зере Андрейқызы болды.
Шолпан ТЕМІРЖАНОВА, Амантоғай орта мектебінің директоры:
– Ұлттық киімдерін киіп, наурызкөжеден бастап барлық ұлттық тағамдарын көтеріп, Наурыз тойын тойлауға келген ата-аналарының бұл іс-шараға белсене қатысуынан балалар зор жауапкершілікті сезінді. Сөйтіп, балалар бұл мерекені жай ғана атап өте салмай, аса жоғары деңгейде өткізу керек екенін түсініп, бар өнерлерін салды. Ата-аналар балаша шын ықыластарымен жарысып, оқушылар ересек адамдарша салмақты кейіппен өнерлерін көрсеткенде, қызықтап отырған көпшілік қауым риза болып қол соқты. Әрине, еліміздің мәдени тарихын білуге пайдалы мұндай кездесулердің оқушылар үшін танымдық маңызы зор.
Оқушылар мен ата-аналар сайысы
Последние статьи автора