Өнердің алтын діңгегі еді Әшекең...
Қазақ өнерінің жанашыры, театр сыншысы
Қайталанбас тұлға, ұстазым
Әшірбек Сығай туралы ой
Қайран Әшекең, ұлағатты ұстаз, сөз маржанын терген сөз шебері еді ғой. Кез келген жерде адам баласының қиялына келе бермейтін тамаша әзілімен адамды баурап алатын. Ешкімнің қызмет лауазымына қарамастан ойға қонбайтын істеріне бетің бар жүзің бар демей әділін айтатын. Кейде біреу артық кетіп жатса бақылдап шақылдап ұрыспай әзілімен-ақ жетесіне жеткізіп түзеп отыратын еді. Юмордың тереңдігі сонда емес пе, қанша уақыт өткен соң айтқан әзілін еске алсаң амалсыз езуіңе күлкі үйіріледі.
Ол кезде біз Алматы Мемлекеттік Театр және көркемсурет институтуының студенттері едік, Шолпан Жандарбекова, Тілектес Мейрамов, Асқар Тоқпанов ағаларымыз дәріс беріп өнер жолына біздерді шыңдап жүрген кезі болатын. Әшекең марқұм ректорымыз болды. Алғаш рет етене жақын сөйлесіп әзілдесуім қызық болды. Ол кезде студенттердің стипендиясын курстың старосталарына кассадан қолма қол беретін, бар ақшаны санап алып коридорға шығып қолыма сыймаған соң қалтама салып жатсам артымнан біреу «қалтаға түскен соң майдалары түбінде қалып қалмасын» дейді. Жалт қарасам Әшекең ағамыз күліп тұр. Ыңғайсызданып қалдым. Дегенмен менде бірдеме деуім керек болды да, «ой аға біздің курстың қасқырлары тірі боп қалтыртпас, тиын шыққанша көз шықсын деген бәлелер» деп ем, ол кісі риза боп күліп, «сенде айтады екенсің» деді де кабинетіне кетіп қалды. Бірер күн өткен соң деканаттан сені ректор шақыртып жатыр дейді, не боп қалды екен, неге шақыртып жатыр деп біздің қорғаушымыз, арқа сүйеріміз болып жүретін деканымыз, адамгершілігі мол, әр студентке жаны күйіп тұратын осы институт жаралғалы бері еңбек етіп келе жатқан, Әшірбек ағамыздың құрдасы Аман Бекенович Кулбаев ағамызға бардым. Ол кісі «білмеймін, не бүлдіріп ең?» дейді. Құдай сақтасын ештеме бүлдірмеген сияқты едім, әлде студенттердің біреуі бүлдірді ма екен деп ректорға келсем Әшекең телефонмен сөйлесіп отыр, маған отыр деп ымдап көрсетті, отырдым. Телефонды қойды да, «Иә, қалайсың?» деді, мен «жақсы» деп ем, «әрине жақсысың, қалтаң толы ақша болса» деп әзілдеді де аудандық әкімшілікпен бірге атқару керек бір тапсырмалар берді, біткен соң келіп айт деді. Содан анау-мынау тапсырмаларды беріп өзіне жақын тартып, әңгімелесіп, әзілдесіп жүретін боп кеттік.
Институтты бітіріп Қазақконцертте еңбек жолымды бастаған кезім, ол кезде облыстарға гастрольге шығып айлап кететін кез. Кеңес үкіметі құлап, халық концертке келе алмайды, қаражат жоқ, жоспарымыз орындалмай ырду-дырду бір заман басталды да кетті. Ол кезде Ленин сарайы аталатын бүгінгі Республика сарайында коммерциялық мерекелерді өткізудің алғашқы уақыттары болатын, бір концертті жүгіріп жүріп ұйымдастырып, өткізіп болып енді қаражатыммен есептесіп ақшамды алып жатсам артымнан біреу: «Бұл қайда жүрсе де қалтасы ақшаға толып жүреді» дейді, жалт қарасам тағы да Әшекең ағам, ол кезде Мәдениет министрінің бірінші орынбасары еді. Мені араластырып тағы біраз әзілдер айтты, айналамда тұрған ел мәз боп күліп жатыр. Маған, «сен қайтасыңба, жүр менімен жолдан түсіп қаласың» деп Волгасына отырғызып алды. Содан келе жатып, маған «мына жасап жүрген жұмысың келешекте саған қол болмайды, сенің қолыңнан қағаз жұмысы келеді. Осылай жүресің ба, маман болуың керек, сенің қағаз жазуға икемің бар, сенен жақсы маман шығады. Сен мені тыңда, сені жаман болсын деп отырғам жоқ, үшінші күні сағат онда кабинетке кел» деді. Ол кісіні қалай тыңдамайын, «жақсы аға, келем» дедім де түсіп қалдым.
Ол кезде Мәдениет министрлігі Алматыда, Гоголь мен Сегізінші март көшесінің қиылысындағы тамаша тарихи ғимаратта болатын. Негізгі жұмысымнан бөлек кешке мейрамхананың музыканты болып жүрген едім, үшінші күн кел дегені есімнен шығып кетіпті, бесінші күні таңертеңгісін ұйқыдан ояна кеткен де есіме сарт ете түсті, атып тұрып жуынып, киініп, ұшып қонып Әшекеңнің қабылдау бөлмесіне жеттім. Отырған хатшы қызға, шақыртқан екенсіз келіп тұр деп айтыңызшы дедім. Өзім ойлап тұрмын үшінші күні кел дегенін ұмытып кетсе екен, сұрай қалса не айтамын деп тұрғаным сол еді, ана қыз шығып «кіріңіз» деді. Кірсем ішінде жазушы драматург Баққожа Мұқай ағамыз екеуі отыр екен. Мен ол кісіні былай сыртынан танитынмын. Кірген бойда «Ассалаумағалейкум, аға!» деп Әшекең мен Баққожа ағаның қолын алып амандасқаным сол еді, Әшекең маған, «Ей, сен қайда жүрсің, мен саған үшінші күні кел деп ем ғой» дейді. Ұмытпапты. Мен аяқ астынан бір ақтала қоятын өтірік таба алмай қалдым да, шынымды айттым. «Аға, кешкісін мейрамханада музыкант боп жүрген соң ұмытып кетіппін» дедім. «Өй мен бұны бірнеше күннен бері мақтап, маман болады деп жүрсем, мынауың ұйықтап жүр ғой» деді. Мен ыңғайсызданып қалдым, ішімнен «ұят болды-ау, шынында да мынандай кабинетте, мына дырдай драматург-жазушы кісінің алдында» деп қысылып тұрмын. Әшекең Баққожа ағамызға «осы баланы айтқам саған, қолынан іс келеді, ресми хаттар да жаза алады, сөйлеуі де жақсы, бірақ сол қу күн көрістің қамымен коммерциялық концерттер ұйымдастырып, одан қалса ресторанда табыс тауып ахаху-сахаху мен жүр ғой» деді. «Сен осы министрлікке мына ағаңның қарамағында жұмыс істе, сен танисың ба бұл кісіні?» деді. Мен «иә, білем ғой ағаны, спектакльдерін көріп жүрміз ғой» деп ем, Әшекең риза боп қалды да, «әне көрдің бе, бұл жан-жақты» деп Баққожа ағамызға мақтап қойды. Бірақ үш ұйықтасам түсіме кірген емес министрлікке жұмысқа барам деген, қорқып қалдым. «Ой аға менің қолымнан келмейтін шығар, мен бұрын істеген емеспін» деп ем, ол кісіге ұнамады. «Өй осыларды алға тартсаң, артқа жүреді, не деген адамсыңдар. Сен не елдің бәрі туа сап министрлікте істейді ғой дейсің ба, үйренесің, ең бастысы жұмыста отырып үйрен. Сағат тоғыздан алтыға дейін шыдап отырып жұмыс істеп үйрен. Сендер ары-бері біріне-бірін соғып, күнде ақша тауып үйреніп қалғансыңдар, отырып жұмыс істеу саған оңай болмайды» деген соң, одан сайын дегбірім қашты. «Ничего үйренесің, істеп кетесің, ең бастысы қолыңнан келеді, әйтпесе сен білесің ба осы министрлікке жұмысқа тұрғысы келіп жүргендер жыртылып айырылады» деді да, «Баққожа мынаны апарып құжаттарын дайындап, мынаған үйрет, әйтпесе қашып кетер» деді.
Сол күннен бастап Әшекеңнің рухани інісі болып кеттім. Бүгінде жұмыс істеп өнерге пайдамыз тиіп, қолымыздан бір іс келіп жатса ол Әшірбек ағамның оқытуы мен берген тәрбиесі. Ол кісі тек мені емес бүгінде мүйізі қарағайдай мәдениет саласындағы қаншама азаматтарға көмек көрсетті, өмірге жолдама берді, лауазымды қызметте отырғанда ешкімді алаламай қолынан іс келетін адамдарды өздеріне лайықты қызметтерге тағайындады. Бұл сөздерімді ешкім де өтірікке шығара алмас. Бүгінгі заманда айтыңыздаршы кімге кім солай адам болып аяғына тұруына көмектесіп қол ұшын беріп жатыр, әлде заман ба, әлде адамдардан ұят кетті ме, біреу біреуге парасыз, қаражатсыз жақсылық істемейтін халге жеттік. Рушылдық, жершілдік деген бір сорақылық пайда болды, сол рушылдық, жершілдікке салып отырып солардан пара дәмететін ауыру шықты. Әшекеңнің парасаттылығы мен зиялылығы сонда ешқашан жершілдік, рушылдық дегенге бой алдырған емес, адамның парқы мен нарқын жақсы білетін еді. Маған айтатын, «сен менің рухани інімсің, әйтпесе мен анау оңтүстіктен, сен болсаң Алматының түбінде туғансың. Мен ағайыншылап немесе пара алам десем сенде нем бар, өмірде ой өрістері бірге өрбитін адамдар болады, мен сондықтанда сені жақын тартам» дейтін. Басшылықта бұл өте маңызды мәселе, ол кісі сонысымен ел алдында қадірлі болды. Ең бір жақсы қасиеті бүгінгі кейбір басшылар сияқты үйіп-төгіп ешкімге өтірік уәде бермейтін еді. Өзінің қолынан келетін дүниеге араласатын да, соны шешетін. Кезінде қаражаты бар байшыкештер жасанды өнердің жұлдызына айналып, онысын ел ішіндегі дуалы ауызды үлкендерге айтқызып ел алдында арзан абыройға қарық болып жататын, сол мақсатпен Әшекеңе қолқа салғандар да болды. Бірақ солардың біреусін өтірік мақтап сұхбат беріп немесе жазған емес, әйтпесе аракідік көріп қаламыз ғой біреулерді бір үлкен аға апаларымыз өтірік мақтап жасанды жұлдыздардың шашабауын көтеріп мадақтап жатады. Оның бәрі көрініп тұрады, ел жиркенішпен қарайды. Кейде екеуміз оңаша қалып әңгімелесіп отырғанда көп мағлұматтар айтатын, тыңдап отырып ойланатынмын осының бәрін қайдан біледі, қалай ұмытпайды, қалай есіне сақтайды деп. Небір өткен-кеткен дүние жүзіндегі өнер адамдарының өмірбаянын дәл кеше болғандай білетін, театрларда ол кісі білмейтін проблемалар жоқ еді.
Төрт бес жылдың алдында Мәдениет министрлігінде қызметте жүргенімде әзілдейтін, «Өй сендер бастық болғалы бәлеге қалдық қой, іздемейсіңдер, ештеңе көрмейсіңдер» деп. Марқұм Әшекең даладағы біреулер үшін жаны ашып, «япыр-ай ана бишараның жағдайы қиын болып жүр, сендер неге соған көңіл аудармайсыңдар, неге сондайды көрмейсіңдер» деп уайымдап отыратын. Республикадағы театр ғана емес, қанша өнер адамы болса Әшекең солардың 80-90 пайызын жақсы танып, біліп отыратын. Олардың бойындағы талантын дәл бағалайтын. Театрлардағы артистердің кейбіреулері Әшекең айтқан сынға басында ренжіп жатса, артынан өз қателерін мойындап ағамызға еркелеп мойнына асылып рахметін айтатын. Сонда Әшекең әзілдеп, «Ойбай не боп қалды, жаңа ғана мені атуға мылтық іздеп жүр деп естіп ем» деп жадырап жайнап күліп отыратын еді. Ол кісінің қалжыңдаспайтын адамы болмайтын, әдемі әзілімен бала-шаға демей тіпті үлкен ақсақалдардың өзіне дейін тамаша тапқыр қалжыңдарымен жанымызды жадырататын еді. Бір театр фестивальында жюри мүшесі болдық, қатысқан театрларға сын айттық, кешкісін қонақүйге келген соң Әшекең «сенің жаңағы айтқан сындарың маған ұнады, өте обьективно. Неге соларды жазбайсың?» деді, мен «Ой, аға, қазір кімге сын ұнайды, жазсаң бәлеге қаласың. Сіз қырық жылдап сын жаздыңыз, кімге ұнадыңыз, сонымен өзіңізге қаншама жау таптыңыз. Қазір сіз келе жатсаңыз театр режиссерлары мен актерлары есігін кілттеп, тығылып қалатын болды» деп ем, ол кісі маған, «Ей, енді кім жазады, ренжісе ренжи берсін, сын болмайынша өнер оңбайды. Қазіргі сахнада болып жатқан небір қойыртпақтарға біреулер сын айту керек қой, біздің қазіргі сорлап жүргеніміз де сол сын айтатын адам жоқ, сын айтылмаған соң өнер де әділ бағасын ала алмайды. Театрлардың бәрі бірдей жақсы болуы мүмкін емес, сын айтқанда сен әділін айт, ешкімде ренжімейді. Бүгін айттың ғой, кім сенің жағаңнан алды? Әлде жағынам деп, ана сыншы сияқты бәрін мақтай бересің бе?» деп бір ағамыздың атын айтты. Мен ренжітіп алғанымды сезіп, жуып-шайып, «иә, аға, келешекте солай істейтін шығармын» деп ақталған болдым.
Шынында да Әшекеңдей әділін айтар сыншы бүгінде жоқ. Әшірбек аға өзінің қара басының қамымен ешқашан біреуге барып қолын жайып бірдеме сұраған адам емес. Басқа адамдар үшін анаған көмектесіңдер, мынандай шара өткізген дұрыс болар еді, ондай адам республикамызда саусақпен санарлық деп өнер адамдарын дәріптеумен кетті. Қандай бай, қандай шенеунік болмасын ешқашан тарысы піскеннің тауығы болған емес және пайда табу үшін ешкімге жалпақтаған жан емес еді. Әйтпесе ол кісі барып қызмет немесе көмек сұраса ешкім жоқ, болмайды, бере алмаймын деп айтпас та, айта алмас та еді. Тіпті керісінше болды, халқымыздың мақтанышы, үлкен өнер иесі Айман Қожабекқызы Мұсақожаева өзі Әшекеңді Астанаға шақыртып, аға мына өнер ордасына сіздің көмегіңіз керек, жастарға үйретіңізші деп қызметі мен бірге пәтерін беріп ағамызды өмірінің соңына дейін құрметтеумен болды. Тіпті Әшекең аяқастынан дүниеден өтіп кеткенде де бар ауыртпашылығын осы Айман Қожабекқызы көтеріп, қазақтың ару қызы бола тұрып, ер-азаматтардың ісін істеді. Бұл тұлғаның тұлғаны құрметтеуі деп түсінем.
Өмірінің соңына дейін жүргізген Хабар арнасындағы «Жан сарай» бағдарламасы еліміздегі небір атпал азаматтардың жан дүниесін ашты, халық жақсы көрді, беріліп тыңдады. Себебі бірде бір жасандылығы жоқ хабар еді. Қазір ел жасанды сөйлейтін дикторлар мен дүмбілез жүргізушілерден әбден шаршаған кез. Телебағдарламада отырып сөз саптай алмайтын, өздерінің не айтарын білмей қалай болса солай сөйлейтін, қандай деңгейде болу керек екенін білмей елдің ығырын шығаратын, түкке тұрмайтын бағдарламадан қашсаң құтыла алмайтын болдық. Сондықтан да халықтың негізгі бөлігі өзіміздің телебағдарламаларды аса жақсы қарамайтыны ащы болсада шындық. Еліміздегі жаңалықтарды көріп болған соң, басқа Ресейлік немесе шетелдік каналдарға ауысып кете беретіні де рас. Бүгінгі жаһандану заманында біздің арзанқол, адамның ой-өрісін өсірмейтін, өнеге бермейтін, біреудің үйін, біреудің киімін көрсететін, көруге ұялатын, ел жауыр болған түк берері жоқ хабарлар кімге керек. Әшекеңнің Жан сарайында жастарға өсіп талпынуға негіз болатын жақсы сөздер айтылатын, келген қонақтардан өміріндегі өкінішті сәттерін сұрайтын еді, неге, себебі біреудің жіберіп алған қатесін ендігі жастар жібермесін, кейін осылай өкінбесін дейтін шығар. Ал біздер сол кісінің өзінен өкінішті сәттерін сұрай алдық па?! Әрине, жоқ. Өйткені ол кісіні ешкім ешқашан да ойламайтын өкініші бар-ау деп, өйткені әрқашанда көңілді, кіммен болса да әдемі әзілдесіп жүре беретін. Тіпті үйінде отырғанда Күләш апайымызбен әзілдесіп, келген қонақтарды қыран-топан күлдіріп отыратын. Әшекеңнің достарының бәрі де сөздің сүлейлері, басқа саладағы көсемдер мен шешендерді айтпағанның өзінде, қазақ өнерінің қаймақтары, бірақ солардың ешқайсысы әзілдескенде Әшекеңнің алдына түспейтін еді. Асанәлі Әшімов, Дулат Исабеков, Нұрлан Оразалин, Дүйсен Қасейінов, Темірхан Медетбек, Есмұқан Обаев, Торғын Тасыбекова, Рахила Машурова, Аман Құлбаев, Нұрнияз Мұқанов ағаларымыз әзілдескенде біз қызыға тыңдап отыратынбыз. Бұлардың бәрі де замандары құрдас, бүгінгі қазақ мәдениетін өз мойындарымен көтеріп, аттары аңызға айналған тұлғалар шоғыры.
Әшекеңді елдің жақсы көргендігі соншалық, Әуезов театрындағы қоштасуда тек сыртынан танитын адамдардың өздері жаны егіліп, шын жылап кетіп бара жатқандарын көрдім. Бүгінгі адамдардың саясатпен сыйласатын мына заманында бұл сирек кездесетін құбылыс. Қазақ өнеріне еңбек етіп жүрген азаматтар баршылық әрине, бірақ солардың ішінде Әшекеңдей бойында өнері бар жастарды ел көрсе екен, білсе екен деп барын салып жүргендер саусақпен санарлық. Сондықтанда шығар ондай адамдарды халық ТҰЛҒА дейтіні. Әшекең тек өнер емес оның ар жағында ұлттың болашағына септігі тиер деген оймен болар, он бес кітап жазыпты, жастарды аты аңызға айналған адамдармен етене жақын таныстырды. Кітаптарын оқып отырсаңыз бір күрсініп, бір күліп отырып көп мағлұмат аласыз. Кешегі өмірден өткен ұлы өнер адамдары жайлы білгіңіз келсе тек осы Әшекеңнің кітаптарынан таба аласыз....
Жаныңыз жәннатта болсын қайран аға...