«Өнер қырандары» өзгеше кеш өткізбек
«Той десе қу бас домалайды» дейді қазақ, оны айтасыз, тіпті қазақтың кейбір «тойына» АҚШ-тағы «Ақ үйдің» төрінде отырған Обама шалдың қара баласы Барак та келсе таңғалмаңыз. Нанбасаңыз, сәуірдің 18-і күні кешкі сағат 19.00-де Алматыдағы Студенттер сарайына келіңіз. Сол жерден Баракты да көресіз әрі күліп-ойнап кетесіз. Өйткені сол кеште «Өнер қырандары» өздері өз болғалы жеке кешін өткізгелі жатыр. 70 пайыз пародия мен 30 пайыз қазақтың салт-дәстүріне құрылған бұл кешті көрген де арманда, көрмеген де арманда қалатын түрі бар. Себебі бұрынғы – бұрынғы ма, «Өнер қырандары» бұл кеште осыған дейін көрсетпеген өнерлерін паш етпек!
Ел-жұртты риясыз күлкіге көмкеріп жүрген «Өнер қырандарының» арамызда жүргеніне де бес жылдан асып жығылыпты. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына оқуға түскен студенттердің арасынан ең бірінші осындай бір топ құру Әнуардың ойына келсе керек. Сосын Әнуар Мадияр атты жігітке (бүгінде бұлардың қай-қайсысын да танымайтын адам жоқ) айтып, сонымен не керек, әзілге жүйрік, сөзі мірдің оғындай деген бес-алты жігіттің басы құралады да, бірінші болып Есен Елеукеннің Көңілділер мен тапқырлар клубында тұсауы кесіледі ғой. Сахнаға «көшеден» келе салған сабаздар емес, өнерге кәдімгі кәсіби білім ордасы арқылы кіріскендіктен, алдымен ұстаздары алдындағы абыройларын ойлаған олар жай шықпай, ә дегеннен бір жаңалықпен жарқ етейік деп түйген-ді. Расында, жарқ етті, несімен дейсіз ғой? Оны мына сіз бен біз жақсы білеміз, қол шапалақтауға шамамыз келмей күлеміз, яғни «Өнер қырандары» десе, көз алдымызға бірден әншілердің бәрі тізіле қалады. Екі езуі жиылмайтын Еспанның Нұрланы бар ма, Ақ әжелерін тізілтіп ертіп жүретін Албанның Нұрланы, Ұлықпан, «Каспий», «МузАрт» – барлығына пародия жасаған оларға дейін ешкім болмаған еді. Бір сөзбен айтқанда, «Өнер қырандары» – пародияға жан бітіріп, оны жан-жақты байыту арқылы қазақ сахнасына тың жаңалық алып келген топ.
Тұңғыш шығармашылық кештерін айтарлықтай өткізу үшін барын сала дайындық жүргізіп жатқан жігіттердің арасынан біз Сырымбетпен сөйлесе алдық.
Сырымбет Бибосынов, «Өнер қырандарының» өкілі:
– Негізі, Өнер академиясында КВН деген ұғым жоқ, яғни қазақта кенже дамыған өнердің бұл түріне бертінге дейін кәсіби мамандар тарапынан жаратпаушылық ашық айтылып, тіпті тыйым салып келгені жасырын емес. Біз алғаш тәуекелге бел буып, сол тыйымның шынжырын бұздық десек болғандай. Әрине, алғашында бізге ұстаздарымыздан қашып-пысып болса да барымызды сала дайындалуға тура келді, себебі біз тек сол КВН деңгейінде қалып қоймайтынымызды білдік. «Жүрген аяққа жөргем ілігер» немесе «Тәуекел түбі – жел қайық» деп, үлкен өнерге қадам бастық. Былтыр бірінші рет «Наурыз думан» атты жоба өткіздік. Мәскеуден көрген тәжірибеміз осы ретте көп көмегін тигізгенін айта кетуіміз керек.
«Мәскеуден көрген тәжірибеміз» деген сөзді әріден түсіндіре кетсек, «Өнер қырандары» кезінде ресейлік үлкен жоба «Большая разницаға» қатысқан. Ал Ресейдегі сатира саласының деңгейі бізге белгілі. Ендеше, кіл мықтылардың арасында өткізген аз да болса сол мезет қазақтың талантты да талапты жігіттерінің жігеріне от берген-ді. Олардың өнерден өз соқпақтарын пародиядан іздеуі табылған ақыл болды.
Білгенге, пародия – үлкен ізденіс пен кәсіби шеберлікті талап ететін жанр. Сыни жанр деуге де болады, себебі оған күлкілі болу үшін аздап та болса нысанаға алынып отырған адамның кемшілігі немесе ешкімге ұқсамайтын бір қылығы тиек етіледі. Бастысы, пародия танымал адамдарға жасалады, сондықтан оған ілігудің өзі кейіпкердің ел ішінде кең танылғандығын білдіреді. Алайда кейде әзілді дұрыс түсінбейтін әлдекімдер болса, «мен мұндай емеспін ғой, неге мені мазақ етесіңдер?» деп ренжуі әбден мүмкін. «Сондай реніш иелері болды ма?» деген сұрағымызға Сырымбет былай деп жауап берді:
– Керісінше, «маған неге пародия жасамадыңдар» дегендер көп болды десем, сене қояр ма екенсіздер?.. Себебі біз кімді нысанаға алсақ та, олардың жақсы жағын, ел білмейтін жақтарын көрсетуге тырыстық. Пародия кекету, мұқату деп ойлайтындар болса, олар қателеседі. Себебі әр әнші қандай болса да, оның өз аудиториясы бар, солардың алдында оның беделіне нұқсан келтіруге біздің қандай құқымыз бар? Сондықтан біз кімге пародия жасасақ та, оның жақсы жағы мен әдемі, тәтті қылықтарын көрсетуге тырысамыз.
Жалпы, біздің кешімізге келген кім де болса жақсы әсер алып, тіпті әзілдің өзінен имани сабақ алып қайтуы керек. Күлкі де қуыс кеудеден шықпай, салмақты ойдан шықса, онда көрерменге міндетті түрде ой салары сөзсіз. Қазір, мысалы, баласын туып тастап кетіп жатқандар бар, өзін өмір бойы өсірген ата-анасын қартайғанда керек қылмай, қарттар үйіне өткізіп жатқандар бар, соларды да әзілге тиек етіп, жұртты ойландыруға болады. Осы тұста бір сырдың шетін айтып та қояйын, осы алғашқы кешімізді абыроймен өткізсек, алдағы уақытта таза имани кеш өткізу ойымызда бар.
Ендеше, «Өнер қырандарының» беталыстарына сәттілік тілей отырып, «Нұр-Мұқасан», Тоқтар мен Бейбіт, «Меломен» сынды қонақтар әрін аша түсетін кешке асығайық!