Өмірін өнермен өрген өнерпаз Нариман Үлкенбаев өмірден өтті
Қазақтың маңдайына біткен арда ұлдарының бірі, талантты дарын иесі, күйші Нариман Үлкенбаев желтоқсанның 6-сы күні өмірден өтті. Ақын Кәкімбек Салықов бір кездері: «Асық атса жаңылмайтын алшысы; Атыраудың Нариман сазгер, әншісі. Айтулы ұстаз, жақсы азамат; Мен үшін «Жезкиіктің» ол тамаша жаршысы», – деген Нариман марқұмды жерлеу шарасы бүгін Атырауда өтеді.
Еңбек жолын медицинадан бастаған Нариман Үлкенбаев – жасынан-ақ халықтың зор құрметіне бөленген жан. Ауылшаруашылық институтына түсіп, ғалым-зоотехник мамандығын да алған. Бірақ бойына біткен дара таланты мен өнерге деген сүйіспеншілігін өмірінің ақырына дейін бірге алып жүрді. 80-жылдары Атырау тұрғындарының күшімен мәдениет орталықтарын ашу бастамасын көтерген. Кейін қала түбіндегі Махамбет ауданының мәдениет бөлімін басқарып, мұнда да ірі ұлттық аспаптар оркестрін, халық театрын, мәдениет университетін, ондаған отбасылық ансамбльді ашты. Өнер иесінің көзін көрген замандастары: «Нариман күйші қазақ сөзіне қайтып бірдей сүйінсе, қазақ күйіне де сөйтіп бірдей тебіренетін. Бәрінің де бабын келтіріп, бақайшағын шағып, балын тамызып орындайтын», – деп еске алады. Сегіз қырлы, бір сырлы болған Нариман ағамыздың ұлағатты ұстаздығының көрінісін бүгінгі талантты шәкірттеріне, шебер күйші қызы Айгүл Үлкенбаеваның өнердегі кең өрісіне қарап бағалауға болады. Қазақ сазын насихаттап, ән дегенде ішкен асын жерге қойған өнерпаз бағзы бабаларымыздың құлағын шымырлатып, жүрегін елжіреткен қай сиқыр әуеннің де жеткіншек ұрпақтар жадынан қалтарыс қалмауына әрдайым күш салып баққан. Бірнеше еңбек жазып, артында өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа үлгі бола білген Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер Нариман Үлкенбаевтың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын демекпіз!
«Алаш айнасы»