Өмірдегі ең қымбат – ар мен ұят
Өмірде жақсы адамдар көп. Бірақ біз оларды елеп-ескере бермейтін сияқтымыз. Олардың әрбір ісі мен айтқан сөздері ұрпаққа өнеге әрі өсиет. Сондай бір ақжарқын, адал жандардың бірі, ғұмырын ұстаздық тәрбиеге арнаған Сағымбек Әшірбеков ақсақалдың қойындәптерінен алынған жүрекжарды сөздерін отбасын жаңадан құрып жатқан жастарға, жалпы, жас ұрпаққа үлгі болар ма екен деген оймен жариялап отырмыз.
Бүгінде 70 жасқа таяп қалған, көпке сыйлы қария бала-шағасының ортасында төрден орын алып, ел-жұртымен бірге жасасып келеді. «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» демекші, біз кейде қасымызда жүрген жайсаң жандардың қадір-қасиеттерін біле бермейміз. Ал көпті көрген Сағымбек ақсақал «бір-біріңді аяла – өмір өткінші» дегенді айналасындағыларға жиі айтып отырады. Асыл жары, өмірлік серігі, балаларының анасы Айсұлудың қазасынан кейін жан жарасы мен жан сырын ақ қағазға түсіріп, ішкі мұңын көпшілікпен бөлісуге бел буған еді. Расында да, «көйлектің кірі жуса кетеді, көңілдің кірі айтса кетеді» демей ме дана халқымыз. Бұл кісінің қойындәптеріне үңіліп, сарғайған беттерін парақтағанымызда өсиетке толы даналық сөздердің сиқырына жолықтық. Әсіресе қазақ әйелінің көп қыр-сырын ашуға талпыныс жасаған ой-тұжырымдары кім-кімді де болсын, бей-жай қалдырмасы анық. Мұнда ерлі-зайыптылардың бір-біріне қатысты дүниелер жазылғанымен, онда, жалпы, адамгершілік, махаббат, сенім туралы тұщымды тұжырымдар түзілген. Қаламның құдіретіне сүйеніп айтылған, өмірдің өз ортасынан ойып алынған жүрек шымырлатар сөздерден әркім өзіне керегін тауып алары анық. Енді сол жазбалардың кейбір тұстарына назар салып көрсек...
Сағымбек ақсақалдың қойындәптерінен
• «Ұят» деген сөз Айсұлудың ұраны еді. Өмір бойы сол ұранын орындап өтті. Өзінің әйелдік, аналық, жұбайлық міндетін адал атқарды.
• Ақырғы рет екеуара оңаша қалғанда «Мен сенен бұрын өлсем екен десем, жоқ, сен өлсең мен сені дұрыстап жөнелте алмаймын, мен өлсем сен дұрыстап жөнелте аласың, артымды жоқтатпайсың ғой», – деп өзінің көптен бері айта алмай жүрген ойын, ақырғы сапарға аттанардағы аманатын қалдырып кетті.
• Сақалыңды өсірме, шашыңды қобыратпа, жағаңды қисайтпа. Ұнжырғаңды түсірмей, тік жүр. Жұрт сені «әйелі қайтыс болғаннан кейін жүнжіп кетіпті», – демесін дейтін жарықтық. Балаларың қарар, олар не тамақ жасап берсе, соны іш. «Анау жоқ, мынау жоқ» деп, олардың мазасын алма, жек көріп кетеді. Өз балаларыңа ұрыссаң да, келіндерге ұрыспа. Келін ұрпағыңның анасы ғой!
• Айсұлу институттың өзінде-ақ тыңдаған сабақ, естіген лекцияларын, шығарған есептерін артынан бұлжытпай айтып беретін. Ерекше қабілетті жан еді. Өз бойынан неше түрлі талант төгіліп тұрса да (ісмер тігінші, шебер кестеші, емші, қобызшы, мандолинші деген сияқты басқа да қасиеттері бар еді), соның бірде-біріне мақтанбайтын. Ісмерлігін, іскерлігін мүлде елеусіз нәрсе ретінде бағалайтын. Түнімен тыным таппай, ойындағы ісмерлік ісін істеп отырып, ертеңіне жұмысына қалмай баратын. Ұстаз ретінде сабаққа дайындалмай барған емес. Ол маған тұрмысқа шықпай, басқа біреуге барса немесе сол қабілетін ғылым-білімге арнаса, атақты ғалым әйелдердің бірі болатын ба еді деп те ойлайтынмын кейде. Ол өз бойындағы осы тамаша талантты мәртебелі махаббат жолына құрбан еткен адал жар болды...
• Қырық бес жыл бірге тұрсақ та, маған бір рет те кінә қойған емес. Ол менің мінім жоқтықтан болмаса керек. Ол оның «жоқтан өзгеге жармасып, жарымның жанын жараламайын» дегендігі шығар. Өзін аяп, аялап, аяншақтану дегенді білмейтін. Керісінше Айсұлу жұртқа өзі күңше қызмет етуге ерінбейтін.
• Адамға деген қамқорлығы ерекше еді. Өзі бір жұмысын бітіре алмай жатса да, екінші біреуге қамқорлық жасауға дайын тұратын. Ешкімнің алдына барып арыз айтпайтын. Жан жарымның жылағанын көрген емеспін. Күлгенде де жай ғана жымиятын да қоятын .
• Балаларын да, мені де көпшілік арасында асыра мақтап көрген жоқ. Егер әке мен бала бір нәрсеге келіспей қалса, ол үнсіз отырып қалатын. Ешкімді де жақтамайтын. Кімнің теріс, кімнің оң екенін үнсіздігімен ұқтыратын. Қонақта, әлде бір жиын ортасында отырғанда өзін біреу қолпаштай бастаса, көңіл күйін сездірмей, қалыпты қабылдайтын.
• Оның жаны ар мен ұяттан жаратылғандай еді. Бірде қызық жағдай болған. Мен жоқта біреу әлдеқашан тигізген көмегіміздің өтеуі деп үйге бір қой әкеп береді. Бірақ ол әлгі кісінің бергенін алмай, қайтарып жібереді. Біреуге істеген жақсылығын ешуақытта жария етпейтін.
• Қонақ күтуге де пейілді еді. Өзі танымайтын, бұрын-соңды көрмеген, маған келген адамдарды жылы шыраймен қабылдап, құрметтеп күтіп, риза көңілмен шығарып салатын. Қонақ күтіп жүріп, ешқашан «шаршадым» деген емес. Қайта, керісінше, қонақтарды разы етіп аттандырғанына қуанып, қуаттанып қалатын.
• Айсұлу көршілеріне, таныстарына, жақындарына ілтипат білдіріп, сыйлық жасап отыратын. Ол тек шақырған жерге ғана қонаққа баратын, шақырмағанға ренжімейтін, өкпелемейтін, өсек айтпайтын. Көп сөйлемейтін, бірақ айтса тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін қарапайым тілмен ғана айтып жеткізетін. Сол бір қарапайым сөздерінің өзі нақылға ұқсап кететін. Оны өзі де аңғармайтын.
• Көп нәрсені үндемей үйрететін, үнсіз ұқтыратын. Балаларын жан-жүрегімен аялап, менің ішімдегіні білдірмей аңғаратын. Үйге келген-кеткен кісінің де ішкі ойын қабағынан білетін.
• Айсұлу мен де, балаларымыз да да қиналмасын деп, өзінің 17 жыл бойы ауырғанын, қатты қиналғанын бір рет те сездірген емес. Қайран өмір-ай, қамшының сабындай ғана қысқа ғұмыр-ай. Жақсы жар жадыңнан өшпейді екен. Сол өшірмеген қалпы біз де уақыты келгенде арманда өтер ме екенбіз?! Тағдырға шара бар ма?! Ұрпағымызға ұзақ ғұмыр бергей, құдіреті күшті бір Алла!
Қаперге
Сағымбек Әшірбеков – Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында 40 жылдан астам ұстаздық еткен. 36 жыл бойы мектеп директоры қызметін атқарған. Қазақ КСР, КСРО оқу ісінің үздігі, Қазақ КСР еңбек сіңірген мұғалімі. Ұстаздық еңбегі үшін кейін Тәуелсіз Қазақстанның «Құрмет» орденін иеленді. Сәкеңнің құдай қосқан қосағы Айсұлу Рахметова да бар ғұмырын ұстаздық етуге арнаған. Ол кісі де Қазақ КСР, КСРО оқу ісінің үздігі. Бес бала тәрбиелеп өсірген аяулы ана.