Түркі әлемін зерттеулер қоры жыл сайын Ыстамбұлда қордың дамуына елеулі үлес қосқан түркі әлемінің ең үздік қоғамдық қайраткерін таңдайды.
Биылғы жылы түркі әлемі қорының Жыл адамы атағына Қазақстанның ақын, жазушысы, атақты мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов ие болды, деп хабарлайды Түркиядағы Қазақстан Елшілігінің баспасөз қызметінен.
Осыған байланысты Ыстамбұл қаласында арнайы іс-шара ұйымдастырылып, оған түрлі елдердің, оның ішінде Қазақстанның, Түркияның, Әзербайжанның, Түрікменстанның, Ресейдің, Македонияның, Молдованың және басқа да елдердің өкілдері қатысты.
Салтанатты рәсім барысында қордың басшысы Көзхан Язган және былтырғы жылдың лауреаты, Мажарстанның азаматы Андраш Жолт Биро «Жыл адамы» құрметті сыйлығын Сүлейменовке тапсырды.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жансейіт Түймебаев та қатысты. Қазақстанның Елшісі сөйлеген сөзінде лауреат алған атағымен құттықтай отырып, Сүлейменовтің ағартушылығы мен қоғамдық-саяси қызметінің халықаралық деңгейде жоғары бағаланатынын атап өтті.
Сүлейменов оған көрсетілген құрмет үшін ризашылығын білдіре отырып, Түркі әлемін зерттеулер қорының құрылу тарихы, түркология саласындағы пікірлері, сондай-ақ басқа да өзекті мәселелер мен түркология саласында өзара әрекеттесу туралы баяндады.
stan.kz