Өлі денесі көшеден табылған әнші
КЕЛЕСІ КҮНІ «ҚЫЗ ЖІБЕК» ОПЕРАСЫНДА КҮЛӘШ БАЙСЕЙІТОВАМЕН БІРГЕ ТӨЛЕГЕН РӨЛІН СОМДАУЫ КЕРЕК ЕДІ
Таяуда Алматы менеджмент университетінің ғылыми қызметкері, ғылым кандидаты Дәурен Ескекбаев деген азаматтың «Қазақ әдебиеті» газетінде (12.08.2016) «Мәскеу мұрағаттарындағы әнші Әміре деректері» атты зерттеу мақаласы жарияланды. Мақала, негізінен, Әміре өмірі мен өнеріне толық арналмағанымен, онда ұлт руханиятына қатысты құнды деректер жетерлік. Әрине, ондағы мәселелер бұдан бұрын да өнер зерттеушілерінің назарынан тыс қалған емес, таныс, бейтаныс, мәлім, беймәлім жәйттер баршылық. Дейтұрғанмен де, біздің назарымызды аударған — Мәскеу мұрағатындағы Әміреге қатысты шағын деректер мен дәйектер. Соның өзінен-ақ оның биік тұлғасы көзге анық көрініп тұр.
Қазақтың 1000 әнін жинаған республиканың халық әртісі А.Затаевич (қазаққа сіңірген еңбегі үшін оған Халық Комиссарлар Кеңесінің қаулысымен 1923 жылы 28 тамызда «Республика халық әртісі» атағы берілген) Әміренің орындауында оның репертуарынан 11 ән жазып алған. Оның ішінде атақты «Жалғыз арша», «Ағаш аяқ», «Балқадиша», «Смет», «Дудар-ай» және басқалары бар. Сонымен қатар Әміренің асқан талантына тәнті болған А.Затаевич өз күнделігінде мынандай пікір білдірген.
«Әміре Қашаубаев 1925 жылға дейін Қазақ мемлекеттік театрының труппасында әншілердің ішінен шетжұртта тұңғыш ән салған адам. 1952 жылы Парижде, одан сәл кейінірек Майндағы Франкфуртта өнер көрсетті. Қашаубаев жұртқа таңқаларлықтай диапазонымен танымал әнші. Оған әнші, музыкант ретінде оң баға беру үшін қарқаралылық Ғаббас Айтбаев және Қали Байжановпен салыстыра қарау керек шығар. Бірақ, бәрібір Әміре бөлектеніп, басым тұрады».
Халқымыздың біртуар әншісі Әміре Қашаубаевтың шығармашылық болмысы, әншілік қуаты туралы әр кезде жазылып келді. Халқы осындай әншісі болғанынан жақсы хабардар, әрине. Алайда, оның қиын тағдыр иесі болғанынан кешегі кеңестік империя тұсында мүлдем бейхабар болды. Тек қана ұзынқұлақтан естіген әңгіме әлсін-әлсін әлдебір жанашыр азаматтар тарапынан айтылып қалатын, бірақ, айқайлап айтпайтын. Тәуелсіздік алғаннан бермен қарай ашық жазылып, айтыла бастады. Дейтұрсақ та, әнші өмірінен шынайы дерек пен дәйекке негізделген туынды жасау кешеуілдей беретін. Таяуда «Қазақфильм» киностудиясы Голливудпен бірігіп Әміре Қашаубаев жөнінде фильм түсіруді бастапты. Әзірге шартты атауы «Әміре» деп аталатын фильм — Қазақстан мен АҚШ кинематографистерінің алғашқы біріккен жобасы. Қазақстан тарапының продюсері және инвесторы — Әлидар Өтемұратов. Ал, американдар жағынан «ОСКАР» жүлдесінің иегері, продюсер Эд Джонсон болмақ. Фильмде небәрі 46 жыл өмір сүрген (1888 — 1934) қазақтың біртуар әншісінің тағдыры, ерте үзілген өмірінің құпия жақтары да сөз болмақ. Әрине, өнердің биік шыңына өз талантының арқасында шыққан тұлға туралы фильм таза Голливуд стилінде түсірілмекші. Дейтұрғанмен де, бұл фильмге кеңес берушілердің қатарында әншінің дауысын тұңғыш рет тапқан Жарқын Шәкәрім тәрізді өнер зерттеушілерінің болуы да оның шығармашылық сапасының төмендемейтініне сенім туғызады.
Әрине, Затаевичтің сөзінде айтылғандай, ол — Еуропаға қазақ әнін домбыраның сүйемелдеуімен танытқан тұңғыш қазақ. 1925 жылы Парижде өткен музыкалық байқауға 36 жастағы Әміре КСРО-ның өкілі ретінде қатысып, дүниені таңқалдырды. Осы байқауда ол екінші орын алып, күміс медальмен марапатталды. Француз басылымдары Әміренің ерекше даусына таңырқап, тамсанып жазып жатты. Әйгілі сыншылар оны Энрико Карузо, Марио Ланцпен теңестіріп жатты. «Өте нәзік дауыс бізге даланың даусы мен оның көкжиегіндегі поэзиялық пайымдарды түсінуге ешқандай қиындық тудырмады» деп жазды француз басылымдары. Тіпті, оның орындауындағы бірнеше әнді ХХ ғасырдың ғажайып техникасы фонографқа да жазып алыпты. Егер табанды зерттеушілер болса, оның дауысы Парижден де табылып қалуы әбден мүмкін-ау. Әзірге бізге мәлімі — Мәскеудегі дауысы, бірақ, оның сапасы көңіл көншітпей тұр. Еуропада кезінде техникалық мүмкіндіктер дұрыс болды ғой, бәлкім, сол дауыстар сапалы болуы әбден мүмкін. Фильм сценариінде отандық кино дәстүрінде қалыптасқан драматикалық көріністерге тереңдеп бару қарастырылған екен. Осы тұста Әміренің Мұстафа Шоқаймен, әйгілі джаз данышпаны Джордж Гершвинмен кездесуі де көрініс тапқан. 30-жылдары мұндай кездесуге басын бәйгеге тігіп, тәуекел еткендер барса керек. Ал, елге келгеннен кейінгі оның тағдыры тіпті қиын болатын еді. Солай болды да ғой.
Париж сапарынан кейін Әміренің өмірі тамұққа айналды. НКВД басқан ізін аңдып, түнде тергеуге шақырып, қатты соққыға жығатын.
Әрине, ендігі жерде жұртшылықты толғандыратыны — фильмнің қалай болып шығатыны ғой. Голливуд түсіргеннен кейін онда технология жағынан ешқандай проблема болмайтыны белгілі. Мәселе шығармашылық тұрғыдан орындалуы турасында. Біздің бір ойымыз — осы фильмде сол кезеңнің тұлғалы адамдары, Әміре тағдырына тікелей қатысы бар азаматтардың тұлғасы биік көрінсе. Мәселен, әлгінде айтқан Александр Затаевич арқылы Әміре әлеміне көбірек дендеп енуге болады. Сондай-ақ, Ж.Аймауытовтың туындысындағы Әмірхан бейнесіндегі дәлдіктердің де фильмге көп пайдасы тиген болар еді. Қысқасы, бұл фильмде қазақтың сол тұстағы зиялы қауымының болмысы да айқын көрініс табуы керек. Сол заман зиялыларының, оның ішінде ел үшін жанын шүберекке түйіп жұмыс істеген Алаш арыстарының бейнесі де біршама көрініс тапса деген ойымызды да жасырмаймыз. Себебі, Әміредей ән патшасының өмірін олардан бөле-жара қарау мүмкін емес.
Бұлардың тағдыры өте ұқсас болды. Әлгінде айтқанымыздай, оларды бір-бірінен бөле-жарып қарай алмайсыз. Қазірдің өзінде фильмнің Еуропадағы сахнасы Латвияда (Рига) түсіріліп, түсіру процесі қыркүйекте Алматыда аяқталмақшы екен. Фильмнің халықаралық түсіру тобын қоюшы режиссер Джефф Веспа басқармақ. Сценарий авторы – Бенжамин А. Ван дер Вин. Операторы — «9-рота», «Сталинград» фильмдерін түсірген – Максим Осадчий. Әміренің рөлінде – Санжар Мәдиев, Мұстафа Шоқайды Еркебұлан Дайыров ойнайды. Сондай-ақ, шет елдің басқа танымал әртістері қатысады. Фильмнің кеңесшісі — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші туралы бірнеше кітаптың авторы Жарқын Шәкәрім.
Жалпы ұлт өміріндегі алатын орны айрықша тұлғалар туралы фильм түсіру, шынын айту керек, бізде белгілі бір биікті бағындырған емес. Осы күнге дейін сондай бір киномыз бар деп айта аламыз ба? Жоқ. Бар, бірақ, сол баяғы құжаттық деңгейде қалып қойған. Бұл жағынан келгенде Ресейден үйренуіміз керек. Басқасын былай қойғанда, осы Тәуелсіздік жылдарының өзінде орыстар бар тұлғасын түгендеп тастады. Сондықтан бұл фильмде Әміренің тек әншілік қыры ғана сөз болмай, оның тағдыры да терең ашылуы керек.
Тағдыр демекші, ендігі жерде осы Әміренің дауысын іздеу акциясын одан әрі жалғастыру қажет. Іздеген адам табады, болмаса, басқа қазынаға жолығады. Әлгінде Д.Ескекбаевтың бір Әміреден басталған ізденісінің өзі қанша тұлғамен табыстырды. Бұл ретте қазақтың көп мұрасын Мәскеу бауырына басып жатқаны даусыз. Басқасын айтпағанда, күні кешегі «Қыз Жібек» фильмінің экранға шықпаған көп нұсқасы да осы Мәскеудің қоржынында жатыр. Демек, бізге енді осы іске батыл кірісетін уақыт жетті. Одан абыройды да, ақшаны да аямау керек. Енді кеш болады.
Бұл фильмде НКВД жендеттерінің бейнесі өте жиіркенішті көрсетілуі керек. Жендеттер демекші, 1934 жылдың 6 желтоқсанына қараған түнде Алматы көшелерінің бірінен қайран зор дауысты әншінің өлі денесі табылды. Ол келесі күні «Қыз Жібек» операсында Күләш Байсейітовамен бірге Төлегеннің рөлін сомдамақшы еді. Жалпы, кино әр қойылған сайын түзетіліп отыратын спектакль емес. Қалай түсіреді, солай кетеді. Сондықтан да тағдыры өте қиын болған аяулы әншінің толыққанды бейнесі жасалуы керек. Мұндай фильм түсіруге Голливудта мүмкіндік жетерлік. Ең бастысы, ұлттық мүдде, ұлттық болмысымыз ерекше ескерілуі керек.
Т.МИР-АС.