Ол халқын қалай сүйсе, халық та оны солай сүйді...

Лашын ӘЗІМЖАНОВА, Мұқағали Мақатаевтың жары:

Мебельді ауыстырып қоюды жақсы көретін
...Мұқағали орны бар, еңбегі бар ақсақалдарды қат­ты сыйлап өтті, алдынан кесіп өт­пей, сол адам өткенше кү­тіп тұ­ратын. Ақкөңіл, адал­ды­ғында шек болған жоқ. Мінезі өте тік, кей адамдар осы үшін де оған қарсы тұр­ды. Анда-сан­да Мұ­қа­ға­ли­дың тік мі­не­зіне менің «мі­не­зім» де сайма-сай келе ке­те­тін. Екеуміз аяқ­ас­ты­нан «ті­ре­сіп» қаламыз. Бірақ ол райы­нан тез қайтады. Ақкө­ңіл, ақ еділ емес пе, үй-ішіне кек сақ­тауды жек көрді. Көбі­не­се мұндай тіресу бірдеңе жет­­пегендіктен туатын болуы керек.
Ол үнемі мебельді ауыстырып қоюды жақсы көретін. Көп мебеліміз жоқ. Мен мек­теп­ке жұмысқа кетсем, балаларға столдарды сүрткізіп, орындарын ауыстырып қойыпты. Бірде осындай ауыстырудан кейін бір жол­дас­тың әйелі келіп еді:
– Немене, мебель алғансыңдар ма? – деп жан-жағына қарап қалды.
– Жоқ, ә. Бұл Мұқағалидың жалыққанда істейтін бір физкультуралық жаттығуы ғой, – деп шынын айтып едім, Ғайни қатты таң­данып қалды...
Бала ұстауға да, күтуге де шебер болды
Мұқағали бала ұстауға да, күтуге де ше­бер болды. Шолпанымыз туған соң, мен бір жылдан кейін жұмысқа шығып кеттім. Соны әкесі мен балалар күтіп, мені іздет­пе­ді. Мұ­қа­ғали балаларын жанынан бетер жақ­сы көрді. Даладан қандай ашуланып келсе де, балаларын көргенде майдай еритін. Төрт перзентінің маңдайын шертпей өтті. Айбар деген баламыз өте қыңыр, ша­тақ болып өсті, бірақ Мұқағали Айбар де­се, ішкен асын жерге қойды, тіпті оның сон­дай шатақ мі­нез­де­ріне сүйсініп оты­ра­тын. Ең кішкенеміз Шол­пан деген қызын «Менің кішкентай поэзиям» деп кетті.
Мұқағали өлең жазумен бірге, шах­мат­ты, аңға шығуды, балық аулауды өте жақсы көрді. Бір жылы көктемгі балалардың дема­лы­сында Мұқаң желігіп, Қапшағайға барып, ба­лық аулап келемін, балаларыма теңіз көр­се­темін деп болмады. Балық ау­лай­тын неше түрлі құралдар сатып алды. Азық дайын­дап бер­дім. Балаларын ертіп, авто­бус­пен Қап­шағайға таңертең кетті. Кеш­ке жақын шар­шап-шалдығып бәрі үйге келді. Барса, Қап­­ша­ғай көкпеңбек мұз, қа­тып жатыр екен. Мі­­не, осындай бір әпен­де­шілік болғаны бар.
Ауырмай, сау отырған бостау кездерінде дұрыс, дәмді тамақ ішуді жек көрмейтін. Көңілі келсе, палау басатын. Оны Бұхар па­лауы, Наманган палауы деп ат қойып, же­тіс­пеген жерлерін, дәмділігін, сұлулығын сөзі­мен толтырады. Үйдегі сынған нәрсені ба­бы­на келтіріп жөндеп те жіберетін. Мұ­қа­ғали анда-санда балаларына да, үлкендерге де көрсетпей насыбай ататын-ды. Ал үлкен шы­ғар­малар жазғанда та­мақ­ты да, басқаны да ұмытады. Есіне салып, әлсін-әлі шақырып, дастарқан басына сүйрегендей етіп әрең келтіресің.
Ақынның достары
Мұқағали өзі қатарлы білімді адам­дар­мен тез тіл табысып, достасып кететін. Бірде Қал­жан Нұрмақановты үйге ертіп келіп, бізбен таныстырды. Бірде Қажығұмар Қуан­дықовпен бірге келді. Ол кісіні «қазақ­тың тұңғыш зерт­теу­шісі» деп таныстырды. Әнуар­бек Дүй­сен­биевті де әрі құрдасым, әрі туысым деп жақсы көруші еді. Орыс жол­дастары да болушы еді. Геннадий Круг­ля­ков деген ақын келіп жүретін. Оған бір жи­нағын аудартпақ болды, кей жер­де ау­дар­ма Мұ­қа­ға­лидың көңілінен шықпай жа­татын. Сергей Киселев деген әрі жас, әрі талантты ақын болды. Оны да әкеліп жүрді. Кейін оны емделуге жіберді, сонда да ол үз­бей хат жазып тұрды. Бұл жігіт те ар­ма­ны­на жетпей кетті. Андрей Вознесенскиймен де та­нысып та, табысып та қалған жайы бар. Ук­раин ақы­ны Е.Летюк, ақын А.Елков­тар да Мұқа­ға­лидың дархандығына бас иді.
Мұқағали әсіресе өзінен кейінгі сөздің қадірін білетін студенттерді, жас, жаңа жаза бастаған ақындарды топ-тобымен ертіп келетін. Мен басқа ештеңе болмаса да, қысы-жазы арпадан, тарыдан көже ашытып қоя­мын. Мұқаң жаңағы жүрегінде алауы бар жас­тарды үйге кіргізіп, қатарлап отырғызып қойып: «Мынау көже – атаңның асы, іш!» – деп беріп жатады. Жасыратыны жоқ, көңілдің хошы жоқта бәрін қуып шығамын. Оны Мұқаң есептемейді, кек тұтпайды, ертесінде нөкерлерін тағы ертіп келеді. Балалар қалай болар екен деп, есік жақта иіріліп тұрады. «Ой, қызталақтар! Жоғары шығыңдар! Же­ңе­шең оттай береді, оған қарама!» – деп, ашы­ған көжесін беріп жатады дарханым. О да бір қатты сағын­дыратын дәурен екен ғой!!!
Досы өлеңі еді
Мұқағали өлеңді көбіне түнде жазатын. Ертесіне бізге «бүгінгі жоспар орындалды» дейді. Бұл өлең тыңдауға келіңдер деп ша­қырған белгісі еді. Өлеңінің бірінші сын­шысы да, тыңдаушысы да өзіміз боламыз. Ақын жас бала сықылды ғой. Мұқағалиға «Анау сөзің керемет! Осындай халықтық сөз­дерді қайдан таба қоясың?» десек, соған да мақтанып қа­ла­тын. Осыған қара­ған­да, ақын нәзік жанды, сәл нәрсеге рен­житін осал әрі періште адам ғой деп есеп­теймін. Сондай айдарынан жел ескен алып Мұқағалиды ренжітіп, жетімсіретіп қою оңай еді.
Айнымайтын, айналмайтын, ашулан­бай­тын серігі, досы өлеңі еді. «Өлең жаз­ған­да бір жасап қаламын» дейтін. Өлеңін оқы­ғанда даусы кең, шалқып-тасып жата­ды, әр сөзі тү­сі­нікті. Өлеңін көңілді отыр­ған­да ғана оқитын, дауыста ешбір мүкіс жоқ, өзі қандай зор болса, даусы да сондай таза, мөлдір, еріксіз ұйып тыңдап қаласың. Өлеңі – тынысы, ал­дамайтын адал досы, жұ­баныш-үміті, жа­на­шыры, қуанышы, сыр­ласы-мұң­дасы болды. Өлеңді де, ақын­ды да қадірлеп өтті. Жыр жазған дәп­тер­ле­рін жетісіне, айына бір қарап, аялап, тү­ген­деп, қайта оқып, кейін­нен жет­пе­ген жерін қайта жазып, тү­зетіп, реттеп қоятын-ды. Мұ­қағали алғаш­қ­ы­ жылдарда өлеңдерін ептеп түзейтін, ал кейінгі жылдары өлеңді ал­дын ала ойлап-тол­ғап алып, дәптерлерге бір­ден жазып тас­тайтын. Жазуы өте сауатты, тү­сінікті болатын-ды. Өлеңді көбінесе күз­де, қыста өндіріп жа­зып тастайтын. Мұ­қа­ғали күзді қатты ұнатты...
Жазушылар одағын Мұқағалидай сүйген адамды көрмедім
Мұқағали Жазушылар одағын өз жылы ұясындай, жығылса, сүйейтін, қысылса, кө­мек­тесетін туған ағасындай, кең тыныс алатын ақ ордасындай көрді. Жазушылар одағы есіне түссе, «одаққа барамын»  деп, жазып отыр­ған өлеңін тоқтатып қойып, дереу жиналып шығып кететін. Сөйтіп, «одағым, одағым» деп өтті Мұқағали. Жазушылар одағын Мұқа­ға­ли­дай сүйген адамды көрмедім.
...Мұқағали кірпігі әрең қимылдап, ем­ха­нада жатыр. Әбден арыған. Сөйлеуге де ша­масы жоқ. Сөйтіп жатып, бар күшін жинап, соңғы рет сөзге келді: «Лашын, такси әкел, одаққа барайық... Балаларым жас еді... Біт­пе­ген жұмыстарым бар еді...» – деп сыбырлап әрең-әрең айтып шықты. Міне, қасірет деген көзіме жаңа көрініп тұр. «Мұқағалиды көретін көзім қазір соқыр болып қалсашы!» деп еңі­реп тұрмын. Айтуға тілім жетпейді дәл мына сұмдық суретті. Мұқаңның айтқанын емдеуші дәрігерге айтып едім: «Сіздің есіңіз дұрыс па, мынадай жағдаймен ауруды таксимен алып жүремін дегеніңіз надандық қой, одан да жақындарыңыз болса, хабарлай беріңіз», – деп сөзімен, пейілімен емдейтін дәрігерім төбемнен қос жұдырықпен бір-ақ соғып, шала өлтірді. Сүмірейіп, өлігімді сүйреп үйге жеттім. Ертесінде тілі мүлде жоқ болып қалды да, түн ауғанда қайтыс болды...
Мұқағали тілі бай халық тілі еді. Ол халқын қалай сүйсе, халық та оны солай сүйді...
Лашын Әзімжанованың естелігінен ықшамдалып дайындалды.
(Мұқағали: Күнделік – Алматы: «ҚазАқпарат», 2009)

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста