Осыдан бір жыл бұрын Ертістің Кереку өңірінде 1 сәуір – Күлкі күніне арнап «Ойна» ән мен әзіл отауы алғашқы концерттерін «Оптым күлейік» деген атпен берді. Бұл Павлодарда құрылған алғашқы ән мен әзіл отауы болатын.
Кезінде «Ой, жеңгем үйлен дейді маған», «Қара қыз» атты әндерімен танылған «Жеңеше-ай» триосының әншісі, жетекшісі болған Арман Хасенов топтан кетіп, «Ойнаның» іргетасын қалады. Жергілікті бес өнерпаздың басын қосып, аталмыш отаудың шаңырағын көтерісімен, араға төрт ай салып қалалық мәдениет сарайында тұсаукесер кештерін жасады. Одан кейін гастрольдік сапармен Петропавл қаласында болып, қызылжарлықтарға ән мен әзілден «қуырдақ қуырып» берді. Желтоқсанда екінші концерттерін берген «ойналықтар» бұл отаудың іргетасы берік екенін дәлелдеп берді. Себебі бұған дейін де Павлодарда әртүрлі әзіл театрлар құрылғанымен, солардың құрылғанынан тарауы оңай болып жататын. «Бауыржан-шоуда», «Шаншарда» қойылған әзілдерді қайта қойып, халықты күлдіру қаншалықты қиын екенін өзіңіз де ойлай беріңіз.
Ал «Ойна» алғашқы күннен-ақ авторлық әзілдерге ден қойды. Содан да болар, «ойналықтардың» әзілдерінің арасында жергілікті биліктің шымбайына бататын шындықтар да астарлы түрде қалжыңмен астасып жататын. Өмірі өзгертілмейтін Кутузов көшесі жайлы, Павлодарда жоқ филармония туралы әзілдері сықақтан гөрі ақиқатқа жақын.
Осы театрдың жетекшісі Арман Хасенов: «Аймақты жерде әзіл отауының жағдайы қиындау», – дейді. Кез келген сатира театрларының бас ауруы саналатын сценарий мәселесі – әзіл-сықақ отауларының бірінші кезектегі қиындығы. Ешқандай демеушісіз өз күнін өзі көріп келе жатқан «Ойнаның» жағдайы қалай екен деп, ән мен әзіл отауы ашылғалы бері бірде-бір жергілікті атқамінер ат басын бұрмады. Жабыстыратын сақал-мұрттары мен жасанды шаштарын (парик) аннан-мұннан құрастырып жинап алса, сахналық киімдерін өз қаржыларына сатып алуда. Бір концертке киген киімдері келесі кешке киюге жарамайтыны әмбеге аян. Сондай-ақ аядай бір бөлмені жалға алып, сол бөлмеде дайындықтарын жасауда.
«Халық бізден келесі концертіміздің енді қашан болатынын жиі сұрайды. Ал ол концертті бергеннен кейін алдыңғы екі концерттен де сапалы беру керек. Ол үшін қыруар қаржы қажет. Қазіргі заманға сай жазылған сценарийді де сатып алып жатырмыз. Бұрынғы құдағи, дәрігер, мұғалім туралы әзілдердің дәурені өтті», – дейді ойналықтар.
«Жақында екі бірдей концертіміз телеарнадан берілді. Алматыдағы әзіл саласында жүрген үлкен-үлкен ағаларымыз өнерімізге жоғары бағасын беріп жатыр. Болашақта бұдан да сапалы жұмыс жасауды жоспарлап отырмыз. Қазір бәрін де қаржы шешетін заман ғой. Аяғымыздан тұрып кетіп жатсақ, комедия жанрында кино түсірсек деп отырмыз. Ән мен әзіл отауын кеңейтіп, театрға айналдырсақ деген де ой бар», – дейді Арман Хасенов.
«Ойнаның» отауы – бір бөлмеде
Последние статьи автора