Нұржан Төлендиев: Бізде мұрнына руханияттың иісі бармайтындарға атақ беріледі

Бүгінгі сатира әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар, елге «Тука», «Қошан» образдарымен танылған әртіс Нұржан Төлендиевті танымайтын жан кемде-кем. Тіптен, балабақшадағы бүлдіршін бір-біріне Нұржанның әзілімен тіл қатады десек қателеспейміз. Қазіргі қоғамның ащы шындығын әзілімен әжуалап алдыңа әкелгенде еріксіз жылайсың, шын күлесің. Кезекті концертінен соң Нұржан Төлендиевпен жолығып, аз-кем әңгіме өрбіткен едік.

- Сахнадағы Нұржан мен өмірдегі Нұржанның айырмашылығы қандай?
- Сахна мен өмірді мүлде алмастыруға болмайды. Өмірде ел қатарлы таңды атырып, күнді батырамын. Мен де жақсылыққа қуанып, жамандықтан жиренетін, жылайтын, күлетін, ыстықтайтын, жаурайтын қарапайым жандарданмын.
Алыптарымыз айтқандай: «Театр - тірі өнер». Бүгінгі жаппай жаһандануға бет бұрған қоғамға берері мол рухани орта. Тәрбиелік-ағартушылық маңызға ие театр сахнасында жүргесін қоғамдағы мәселелердің өзекті дегендерін қамтуға тырысасың. Өзімізше ағалар салған соны сүрлеуді жалғау үшін тірлік етеміз.
- Бүгінгі сатираның салмағына көптің көңілі толмайды. Танымал актер, білдей бір театр директоры ретінде қандай пікірдесіз?
- Көпке топырақ шашуға болмайды. Елімізде жақсы театрлар жетерлік. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары «Тамаша» мен «Бауыржан-шоу» ғана халықты әзілге бөлесе? Қазір 20-ға жуықтады. Оның сіз айтқандай жақсы мен жаманы аралас. Десек те, көрерменсіз театр болмайды. Жанашыры жоқ театрдың ертеңі де жоқ деген сөз. Бізді көрген театр басқасын көрмеуі, ал басқасын көрген көрермен бізді көрмеуі бек мүмкін. Бірақ, бүгінгі сатираның салмағын сараптап, таразылауға, баға беруге менің құқым жоқ. Өйткені мен театр сыншысы емеспін. Оған менің жасым да, қабілетім де жетпейді. Меніңше, өнердің кез келген түрі зор ізденіс пен еңбекті қажет етеді. Сондай-ақ, көрерменге жол тартқан әр туындыңнан нәтиже шығарғың келсе, онда ұлттық мінез көрініп тұруы керек.
Қай уақытта да бәріне халық өзі сарапшы. Хақ төреші де халық.
- Сіз осылардың қайсысын көресіз?
- Еліміздегі театрдің бәрін көремін. Ешқайсысын қалт жібермеймін. Тіптен, өзге түрік тілдес елдің де сатирасын жіті қадағалап отырамын. Өйткені, ол менің жұмысым, азығым. Өзге театр сахналаған қойылымды біз қайталамауымыз керек. Сондай-ақ, озық пен кемшін тұстарын көріп, өзіме керегін аламын. Халыққа не өтімді деген сұраққа да жауап табамын.
- Кешегі «Тамашаның» орнын бүгін «Базар жоқ» басты. Әр сатира театрының өз дәурені болады», - дейтіндер көп. Сонда аңызға айналған «Тамаша» өткеніндей ойлана алмай ма?
- «Тамаша» әлі де баяғысындай мықты. Тек бүгінгі жас пен жасамыстың санасын ғаламтор жаулаған заманда халыққа еш нәрсе қызық болмай қалды. «Тамашаның» тамаша болғаны, ол тұста одан өзге театр болмады. Ғаламтор, қол телефон деген қазіргідей қолжетімді емес еді. Қазір ше, бесіктен белі шықпаған баланы күлдіру немесе қорқытудың өзі қиын. Интернетке тәуелді халыққа өзіне ұнаған ән мен қойылымды қас қағым сәтте көру, тыңдау мүмкіндігі зор. Тіптен, сол пір тұтқан өнерпазбен еркін сөйлесе де алады. Міне бұның бәрі бізді шынайылықтан алшақтатып барады. Интернет шынайлықтан алшақтатып барады.
- Бүгінгі көксандықты сапалы-сапасыз әзілкештер жаулады. Халық біріне күлсе де, екіншісін, үшіншісін елемейді. Жалпы, сатира әртістері арасында өзара бас қосып, әзілдің салмағы мен сапасын таразылап немесе пікір алмасасыздар ма?
- Томас Манның «Театр тобырды халыққа айналдырады» дейтін қанатты сөзі бар ғой. Сахналанған әр сатираның басы, кульминациясы мен аяғы болады. Және олар бір-бірімен үндесіп, жалғап, қабысып жатуы керек. «Жұртты қайтсем күлдірем» деп құраған мәнсіз екі ауыз сөзің өзіңді күлкі етпеуі керек. «Күлдіре білу-өнер, күле білу де өнер. Күлкіге қалу өлім» дейді. Халыққа ұсынған әр әзіліңнің мәйекті дүние болуы шарт. Сондай-ақ, сахнада сомдаған образың халықтың жүрегінен орын алуы үшін барыңды саласың. Сәл ертеректе «Туканың» рөлін сомдағаным үшін мені жұрттың бәрі «Тука» десті. Сол сияқты, кейіннен, Үбән, Колия, Қошан деп те атаушылар жетерлік. Бұл менің еңбегімнің шынайы жемісі. Өз есімімді ұмыттырып, халық жүрегіне сомдаған рөліммен жол тапқаным үшін қуанамын.
«Балапан басына, тұрымтай тұсына» тартқан бүгінгі заманда біреуге ақыл айту дегенді атай көрмеңіз. Қазіргінің бәрі ақылды. Ақыл сұрап, жол сұрайтындар жоқ. Сол сияқты, таразылау да жоқ. Кеңес уақыты кезінде әр қойылым, кітап бәр-бәрі «Көркемдік кеңес» мүшелерінің алдынан өтпей жарыққа шықпайтын. «Халық әртісі» атағын иеленгендер ғана өз пікірін білдіретін. Ал қазір ше? Сол елеулі атаққа сонау ауылдағы мұрнына руханияттың иісі бармайтын «Мәдениет үйінің» басшысына құрығанда «Өнер қайраткері» деген атақ берілуде. Бәріне уақыт төреші.
- Өзіңіз құрған театрды «Алдараспан» деп атауыңыздың сыры неде?
- Әзіл әлемінде Алдаркөсенің есімі ең бірінші аталады. «Алдар» деп сол бастауымыздың мәні осында. Ал «Аспан» дегеніміз кеңістік, шексіздік дегенді білдірмей ме?! Әзілдің шексіз аспаны болсын деген жақсы ниетпен осылай атадық.
- «Алдараспан» театрының қойылымдарының барлық сценарийін өзіңіз жазасыз. Бұл өзге сатириктерге деген сенімнің жоқтығын білдіре ме?
- Мүлде олай емес. Арамызда сатириктер баршылық. Сатириктердің жазып берген көркем жазбасын сахнаға, кейіпкерді сомдайтын әртістің болмысына қарай бейімдеу керек. Тіптен, басын аяғына немесе керісінше дегендей. Қаз-қалпында қоя салсаң жұртқа жетпеуі мүмкін. Міне, осының аяғынан бір-екі сатириктен сөз естігеніміз бар. Өзімді сатирикпін деп айтпаймын. Десе де, жазған дүнием халыққа ұнап жатса, аспаннан айды неге іздеймін.
- Жаңа заңда асабалар кәсібін заңдастырып салық төлеуге міндеттелді. Бұл заңға сіздің көзқарасыңыз қандай?
- Ел үкіметі дұрыс деп тапқасын заң қабылдады. Жарлыққа қарсы келуге болмайды. Егер заңға бағынғың келмесе, елден көш. Басшыға бойұсыну - Исламның да талабы. Осы елде өмір сүргендіктен, қара басың ғана емес, еліңе де себің болуы керек.
- Жарыңыз актриса. Ошақ қасына өнерін құндақтап қоймадыңыз ба?
- Жақында ұлды болдым. Алланың қалауымен бесінші балам дүниеге келді. Бақыт деген осы емес пе?! Мен жарымды санасыздықпен ошақ басына ұстап отырғаным жоқ. Бұл жарымның өз қалауы.
Бауыржан Момышұлының: «Дүниеде баланың у-шуына жетер не бар? Одан асқан сазды әуен ойлап табу мүмкін емес» деген ғой. Расымен де адам ұрпағымен ғана мың жасамай ма?!
- Төрт түліктің төресі жылқы жылы туылғансыз. Мінезіңіз қандай?
- Әбіш Кекілбай ағамыз бір сөзінде: «Біздің қазақ өзін жылқы мінезді жұртпыз дейді. Онысы, өзін-өзі мақтағаны емес, сынағаны. Жылқы деген жануар семірсе жалына қол апартпай, кекірейіп кетеді. Ал арыса арса-арсасы шығып, сықпыты қалмай есекке ұқсап қалады» дейді. Жалпы кешірімшілмін, тез ашуланып қаламын. Қырсықтығым да жоқ емес.
- Балаларыңыздан әке ізін жалғағысы келетіндері бар ма?
- Үлкен ұлым Рауанның келешегінен үмітім зор. Бүгінде театрдың жас әншісіне айналды. Қазір оның кезек күттірмейтін басты міндеті оқу болғандықтан концерттерімде алып жүрмеймін. Алла қаласа алдағы уақыттарда ол да бола жатар.
- Сіз мойындайтын әртіс кімдер?
- Қара орман халықты мойындатқан барлық өнерпазды мойындаймын. Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Бауыржан Ибрагимов, Әбунасыр Серіков бастатқан ағаларым қайталанбас даралар ғой.
- Бүгінгі қоғамда сізді не алаңдатады?
- Ақ-қара, жақсы-жаман, қатігездік, адал-арам деген бір-біріне қарама қайшы дүниелер әлмисақтан бері жалғасып келеді. Және ол барлық ұлтқа тән ұғымдар. Бәріміз тек келеңсіздіктердің ұлғайып кетпеуі үшін әрекеттенеміз. Егемен елімізде тойымызды тойлап, әнімізді айтып жүрген бүгінгі күнге шүкірлік етуіміз керек. Өзге елдегідей іргеміз сөгілсе қайдағы күлкі, қайдағы ән?!
- Қолыңызға билік тисе жасар алғашқы қадамыңыз?
- Қолыма билік тисе, қарттар мен жетімдер үйін жабар едім. Біз еш уақытта жетімі мен жесірін жылатпаған халықпыз.

Сұхбаттасқан: Құрмания НҮСІПБАЙ

baq.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста