Нұржан Мұхамеджанова: «Таза қазақ тіліндегі бағдарламаларды жұрт көрмейді» деген теріс түсініктің тас-талқанын шығардық

Нұржан Мұхамеджанова, «Қазақстан» Республикалық Телерадиокорпорациясы» Акционерлік Қоғамының Басқарма Төрағасы:

– Нұржан Жалауқызы, «Қазақстан» ұлттық арнасының дәл қазіргі таңдағы тілге тиек етерлік табысты көрсеткіштерін атап өтсеңіз.

– Ұлттық арна - Қазақ телевизиясы мен радиосының қара шаңырағы. Бұл жерде ұлтымыздың ұлы перзенттері еңбек еткен. Біздің мақсатымыз - Қазақ журналистикасының майталмандары қадірлі Камал Смайылов, Шерхан Мұртаза, Сағат Әшімбаев сынды ағаларымыз қалдырған әдемі дәстүрді жалғастыру, еліміз үшін адал еңбек ету.
Қазақстан» телеарнасын толықтай мемлекеттік тілде хабар таратуға көшіру Елбасының тапсырмасымен, халықтың қолдауымен 2011 жылы жүзеге асты. Маған осы бір тарихи әрі аса жауапты кезеңде ұжымды басқару мәртебесі бұйырды. Бұл үлкен сын еді. Бүгінде «Таза қазақ тіліндегі бағдарламаларды жұрт көрмейді» деген теріс түсініктің тас-талқанын шығардық десем артық айтпаймын. Рейтинг бойынша соңғы үш жылдан астам уақытта алдыңғы орындамыз. Бұл менің ғана емес, намысқа тырысқан біздің үлкен шығармашылық ұжымның жеңісі. Осы уақыт аралығында көрермендер саны екі есе көбейді. Бұдан басқа, телеарна хабар таратудың жалпы көлемінен 87%-ды құрайтын өз жобаларының өндірісі бойынша да алдыңғы қатарға шықты.

Бүгінгі күні ерліктерінен қазақстандықтар үлгі алатын шынайы адамдар мен қаһармандардың өмірі туралы айтылатын әлеуметтік тақырыпқа бағытталған жобаларға және ток-шоуларға көп көңіл бөлінуде. Көрермендердің абстрактілі бағдарламаларға қызығушылығы жоқ екені белгілі. Шынын айтсақ, көрермендеріміз арзан шетелдік қайталаулардан шаршағанын түсіндік. Өз тарихымызға, мәдениетімізге, дәстүрлерімізге үңілуге бет бұрдық. Бұл өз өндірісіміздің сапалы жаңа бағдарламаларын жасауға итермелейді. Біздің телеарна телекөрермендердің барлық өзгерістері мен қалауларына бірден жауап беруге тырысады.
Яғни «Қазақстан» әмбебап телеарнаға айналып отыр. Біз түрлі жанрдағы өнімді ұсынамыз. «Қазақстан» біріктіретін арна. Танымдық, ойын-сауық, талдау, тарихи, жаңалықтар, бизнес жобалар - мұның барлығы бағдарламалық кестенің негізіне алынып, телекөрермендердің көңілінен шығуда. Бүгінгі күні тұтынушының қызығушылығын қанағаттандыру оңай шаруа емес, көрермен аса талғампаз, талапты. Сандық технологиялар дамыған заманда ақпарат алу көздері көбейіп келеді. Бұл ретте, аудиторияны ұстап қалуға деген күрес өзара бәсекелестікті одан әрі күшейтеді.
Жаһанданудың асқан үдерісіне қарамастан, жұмыс күні аяқталғаннан кейін бұрынғы кездердегідей отбасыңмен теледидардың алдында демалғың келеді. Телеарналарды қарап отырып, адамдар өздеріне жақын нәрсені іздейді, өз мемлекетіндегі, қаласындағы, ауылындағы жаңалықтарды білгісі келеді. Бұл өзге мемлекеттерде, басқа континенттерде болып жатқан оқиғалардан әлдеқайда қызықты екені айтпаса да түсінікті.
Біздің бағдарламаларымыздың рейтингтерін «ТНС Геллап» компаниясы зерттеп, талдау жасайды. Медиазерттеу жүргізу бұл әлемдік тәжірибе. Зерттеу деректеріне сәйкес, 2014 жылдың қорытындысы бойынша, 6+ (қаз) аудиториясында «Қазақстан» телеарнасының орта тәуліктік үлесі 17,7%-ды құрады. Осылайша, қазақ тілді бағдарламаларды көру көрсеткіші бойынша телеарна теленарыққа қатысушылардың арасында жетекші позицияны иеленді. Корпорация 100 мыңнан аз тұрғындар саны бар елді мекендерде де бірінші орында тұр.
– Арнаның техникалық жарақтандырылу деңгейін басшы және кәсіби журналист ретінде қалай бағалайсыз? Кәсіби ұшқырлық үшін оқиға орнына сол мезетте жетуге мүмкіндік беретін тікұшақ алу жоспарларыңызда бар ма?


– Корпорация құрамына еншілес телеарналар, радиолар мен аймақтағы филилалдарды техникалық қамтамасыздандыру, материалдық базасын нығайту, 3G, 4G желісі арқылы тікелей эфирде көрсету тәжірибесін күшейту жұмыстары басты назарда. Өткен жылдың өзінде бірнеше миллион теңгенің жабдықтары сатып алынып, бірнеше ірі телекөпір ұйымдастырылып, өткізілді. Біз жер-жерде HD-форматта хабар таратуға көшуді қамтамасыз етуіміз қажет, ол үшін техникалық ауысымға негіз жасалуы қажет. Алайда бұл салаға қажетті техникалық мамандар тапшы екендігі тағы бар. Бұл мәселелер Үкімет деңгейінде шешімін табады деген сенімдеміз.
Өзіміздің тікұшағымыз болмағанымен, Төтенше жағдайлар жөніндегі ведомствомен қол жеткізген келісім бойынша, қажет болған жағдайда төтенше оқиға орын алған жерге тез арада жетуге мүмкіндік бар.
– Ұлттық тележурналистиканың көрнекті тұлғасы Сағат Әшімбаев жүргізген «Әдептен озбайық!» теледиспуты, «Қарыз пен парыз» бағдарламасы, сол кездері қазақ көрермендерінің көзайымына айналған «Қымызхана», «Алтыбақан» бәрі дерлік төлтума дүниелер еді. Қазіргі ұлттық арна бағдарламаларының қанша пайызы көшірме, қанша пайызы түпнұсқа?
– «Қымызхананы» және тағы да басқа бағдарламаларды сол қалпында қайта шығарудың қажеті жоқ болар. Олар кезінде өзінің міндетін толық атқарды ғой. Қазіргі таңда уақыт талабына сай жаңа тың жобалар дүниеге келуде. Басында айтып өткенімдей, «Қазақстан» телеарнасы хабар таратудың жалпы көлемінен 87%-ды құрайтын өз жобаларының өндірісі бойынша алдыңғы қатарда келеді.
"Қазақстан" телеарнасының қоржынында дәл бүгінге 100-ге жуық тележобалары мен 40-тан астам тақырыптық бағытты қамтыған 900 бөлімдік телехикаялар түсірілді. Отбасылық құндылықтарды насихаттайтын  "Қара шаңырақ", қызық та қиын оқиғаларға толы "Жедел жәрдем", "Ұстаз", "Көк тарландары", "Сырғалым" және тағы басқа да отандық телехикаяларымыздың мыңдаған көрермендердің көңілінен шыққаны біз үшін айрықша мақтаныш әрі мәртебе. Әрине, телевизиялық өнімді өндіру мен дайын өнімді сатып алудың арасында айырмашылық бар. Егер байқаған болсаңыз, біздің телеарнамыз соңғы екі жылда түріктің, кәрістің сериалдарын сатып алмайды. Керісінше, біз отандық өнімге үлкен мән берудеміз. Көркем телехикая өнімін өндіру шынында да арзан дүние емес. Көрермендеріміздің көңілінде жүрген сан алуан мәселелерді кино тілімен жеткізу - үлкен шаруа. Ең бастысы, өскелең ұрпаққа қандай тәрбие беріп жатырмыз? Бұл мәселе де әрдайым назарымызда.
– Тележүргізуші – көгілдір экрандағы кәсіби тұлға. Телебағдарлама жүргізіп жүрген әншілердің барлығы бірдей сол мәртебеге лайық па? (Егер лайық болмаса эфирге неге жіберіледі?)


– Сырт бейне – адамның ішкі жан дүниесінің айнасы. Кез келген адам айнаға қараған кезде бірінші кезекте әдемілікті, көріктілікті іздейді. Алайда, сыртқы келбетіне қарап қарсы алынған адамның қалай шығарып салынуы оның ақылына байланысты. Телеарнада да солай. Ажары ашық, көркем жанның кәсіби деңгейінің төмендігін, білім, білігінің кемшіндігін көрермен кешірмейді. Сондықтан, кез келген телеарна басшысы тележүргізуші көркінің ақылына сай болуына айрықша мән береді. Рас, Ұлттық арна жүргізушілеріне көптеген сын айтылып жатады. Оның негізділігін мойындаймыз да. Себебі, әрбір журналистің кәсіби деңгейі жоғары тележүргізуші болып қалыптасуы ұзаққа созылатын үрдіс. Оған белгілі бір уақыт керек. Олар сол эфирге шыққанға дейін біраз дайындықтан өтеді. Эфирге шығып жүргеннің өзінде де үнемі шеберлігін шыңдаумен болады. Мысалы, рейтингісі жоғары болып тұрған «Айтуға оңай» бағдарламасының жүргізушісі Бейсен Құранбектің қазіргі деңгейге жетуіне жылдар керек болды. Өзі қатарлы журналистердің арасында тележүргізушілікті игерген жалғыз осы Бейсен ғана. Сол секілді «Алаңды» жүргізетін Нұрмұхамет Байғара да үлкен шыңдалу мектебінен өтті. Сондықтан, менің ойымша, тележүргізуші болып қалыптасу уақытты қажет етеді. 
Жалпы, жүргізушіге қойылатын басты талап – ол өзін қашанда көрермендерден, тыңдармандардан биік ұстамай, олармен тең дәрежеде болуы керек. Телеарна алдында отырған қауымға деген құрметі айрықша көрініп тұруы қажет. Керісінше жағдайда, жұртшылық оны қабылдай алмайды.
Біз негізі тележүргізушілерді дайындауға үлкен мән береміз. «Қазақстан» республикалық телерадикорпорациясы талабы таудай қазақ жігіттері мен қыздарын жұмыс істеп, қаламын ұштаймын деген қайратты жастарға әрқашан есігін айқара ашады. Ол үшін аратұра түрлі жаңалықтар мен бағдарламаларға қажет жүргізушілерге кастинг жариялап, арасынан талантты дегендерін іріктеп аламыз. Өздеріңіз «Қазақстан» ұлттық арнасының жүргізушілерінен-ақ байқап отырғандарыңыздай, дарын иелері, мықты кәсіби журналисетр мен тілшілер баршылық. Қазақ журналистикасының осы заманғы мектебі мен өзіндік стилі біртіндеп қалыптасып келе жатыр және болашағы зор дер едім.
– Басқа саладан келген мамандарды қайта даярлау курсын ашу қажет деп есептейсіз бе? Кейбір экономист, заңгер, әсіресе, әншілер эфир заңдылықтарын білмейді, кейде кәсіби этиканы сақтамайды.
– Бізге жұмысқа алынатын әрбір адам 3 айлық сынақтан өтеді. Сол себепті олардың кәсіби деңгейі төмен деп айтпас едім. Міндетті түрде жобада жұмыс істейтін әріптестеріміздің кәсіби дайындықтарына қатаң мән беретін боламыз.
Шынында да, қазір тек жақсы журналист болу – аз. Телевидение саласына мықты менеджерлер қажет. Әлемдегі озық технологияларды, жаңашыл жобалар мен үрдістерді тез арада қабылдап, қолдану үшін білім және тәжірибе болу керек. Соңғы екі жылда Корпорациядан оннан астам қызметкерлер Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша телевизия-радио саласында шет елдерге барып, білімдерін жетілдіріп келді. Енді бірнеше қызметкерлер жақын күндерде оқуға аттанбақ. Мұның барлығы қазақстандық телевизия, радио саласының, адамның кәсіби деңігейінің өсуіне жақсы негіз деп айтар едім.
Журналистерді белгілі бір салаға мамандандырып даярлау әлемде бар үрдіс. Бізде де маманданған журналистер бар, бірақ аз. Бұл іспен журналистер даярлайтын жоғары оқу орындары айналысуы керек.
– Ұлттық арнаны әлемдік деңгейдегі арнаға айналдыру үшін қандай нақты қадамдар жасалуда?
– Телерадиокрпорацияның жұмысын әлемдік талаптарға сай ету мақсатымен 2014 жылы «Қазақстан» РТРК АҚ Директорлар Кеңесі жанындағы эксперттік-консультативтік Кеңес құрылып, оның I отырысы болды. Оған білікті халықаралық деңгейдегі сарапшылар - Халықаралық телерадиотаратушылар Ассоциациясының Бас Директоры Саймон Спэнсвик, «Ресей Радиосы» Мемлекеттік радиотаратушы компаниясының директоры Вячеслав Умановский мен BBC Advertising аймақтық өкілдігінің басшысы Сергей Становкин қатысып, медиа және коммуникациялар саласына қатысты бірқатар мәселелер қаралып, талқыға салынды. Оның ішінде Кеңес мүшелерімен өзара қарым-қатынас орнату бағыттары, медиа-активтерді басқару саласындағы халықаралық тәжірибедегі озық үлгілер, бизнес-үдерістерін жетілдіру, техникалық және ақпараттық жаңарту мен «Қазақстан» РТРК» АҚ қызметкерлерінің біліктілігін арттыру сұрақтары талқыланды. Мұның барлығы біздің жұмысты әлемдік стандарттарға жақындатудың алғашқы қадамы деп айтар едім.
Сонымен қатар, күнделікті жұмыс барысында көмекке жүгінетін кеңесшілеріміз де бар. Олардың ақылынан, тәжірибесінен көрермендер ұтпаса, ұтылмайды.Олардың кеңесі телеэфирдің сапасын жақсарту үшін керек. Ал, олардың жобалар мен бағдарламалардың мазмұнына еш қатысы мен ықпалы болған емес.
«Қазақстан» РТРК» АҚ жас журналистердің кәсіби біліктілігін арттырып, әлемдік деңгейге бірсыпары жақындату үшін Корпорация есебінен отандық және шетелдік сарапшылардың қатысуымен оқыту бағдарламаларын, сондай-ақ, телерадио саласындағы озық тәжірибені зерделеу мақсатында әлемдегі үздік телерадикомпаниялармен өзара іс-қимылды жүзеге асыруда: яғни тағылымдадан өту, іс тәжірибемен алмасу шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылады. Атап айтқанда, 2013 жылы 449 қызметкер біліктілігін арттырып, 7 қызметкер Лондон қаласында BBC Aкадемиясында және 1 қызметкер Москва қаласында ВГТРК ВИЗАРТ АҚБ тағылымдамадан өтсе, 2014 жылы 334 қызметкер оқу курстарына қатысып, Нью-Йорк кино өнері академиясында 2 қызметкер тағылымдамадан өтті, 6 қызметкер Russia Today телекомпаниясында іс тәжірибеден өтті.
– Алдағы уақытта ұлттық арна көрермендерін қандай жаңа тележобалар күтіп тұр? Олар несімен ерекшеленеді?


– Біз телевизия саласы болғандықтан, бір күн де кідіріс жоқ. Өзіміздің жоспарларымыздан басқа, заман, уақыт, қоғамның да сұраныс-талаптары болады, соған да икемделеміз, ыңғайланамыз. Күтпеген жерден тың жобалар дүниеге келіп жатқан сәттер бізде өте көп.
Жоспар мен мақсат-бағдар көп, ол алдағы уақыттың еншісінде. Осы қазір біз Наурыз мейрамына, Жеңістің 70 жылдығына қатысты мерекелік жобаларға баса назар аударудамыз. Ол жайлы теледидарымыздан көріп-біле аласыздар.
Алдағы уақытта да тарихи драмалар мен шытырман оқиғадларға толы отандық телеөнімдерді де молынан ұсынатын боламыз.
Ал, жалпы, осы жылдар ішінде «Қазақстан» телерадиокорпорациясында ауызбірлігі мықты команда қалыптасып үлгерді. Нарықтағы позицияларымызды нығайтуға бағытталған барлық бастамаларымыз ойдағыдай іс жүзіне асуда. Соңғы жылдары телеарнаға ең үздік және инновациялық жаңалықтар, оның ішінде, технологиялары мен контенттерді молынан енгізудеміз. Тың және алғыр идеяларды іс жүзіне асыруға қолғабыс жасаған үлкен шығармашылық топқа менің айтар алғысым шексіз. Корпорацияның алдағы уақытта дамуына қатысты ұзақ мерзімді даму стратегиясы әзірленіп, қабылданды. Бүгінгі таңдағы біздің жоғары рейтингті бағдарламаларымыз алынған бетбұрыстың дұрыс екендігін дәлелдеп отыр. Сайып келгенде, біздің әрбір жасаған қадамымыз өзіндік телеөнім өндіру арқылы жаңа көрермендер аудиториясын тартуға негізделіп отыр. Ал, бұл біздің теленарықта көшбасшы болып қалуымызбен қатар, оны одан әрі нығайту жолындағы батыл қадамымыз болмақ.
– Әңгімеңізге көп рахмет! Істеріңізге сәттілік тілейміз.

Сұхбаттасқан Жидегүл Әбдіжәділқызы

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста