Домбыраның тоғыз перне, қос ішегіне қол салып тарта білгеннің барлығы күйші емес. Шын домбырашы күйді өзі түсініп, өзгеге зерделеп жеткізеді. Домбырашы, күйші Нұркен Әшіров күйшілікті мамандық ретінде ғана қабылдамай, қоңыр үнді киелі «ағашқа» жан бітіріп, сөйлете білу өнерін өмірім деп біледі. 21 сәуір күні Жамбыл атындағы Мемлекеттік филармонияның орталық концерт залында күйші Нұркен Әшіровтің тұңғыш жеке концерті өтпек. Соның қарсаңында жас күйшіні әңгімеге тарттық.
Mерей
• 2000 ж. ХХІ республикалық жас орындаушылар байқауы – Бас жүлде
• 2002 ж. Қали Жантілеуов атындағы республикалық домбырашылар байқауы – І орын
• 2003 ж. Халықаралық «Шабыт» фестивалі – ІІ орын
• 2006 ж. Құрманғазы атындағы республикалық домбырашылар байқауы – І орын
– Нұркен, көбісі домбыраны музыка мектебінде нота арқылы, енді біреулер зейін қойып тыңдау арқылы үйренеді. Киелі қара домбыраны өзіңіз қалай қолға алдыңыз?
– Әкем Нұрғали да, нағашы жұртым да – дәстүрлі ән-күй өнеріне жаны жақын адамдар. Олардың ешқайсысы нота танымайды. Кішкентай күнімнен әкемнің домбырамен салған әндерін естіп өскендіктен, домбыраның үні құлаққа жат емес. Төрт-бес жасымнан әкемнің домбырасын сүйретіп жүріп, құлақпен тыңдау арқылы үйрендім ғой. Алғашында ән салуды үйреткен әкем кейіннен күйге ден қойғызып, оған да баулыды. Ал музыкалық кәсіби білімді республикалық А.Жұбанов атындағы мектепке келген соң толықтыра түстім.
– Қазақтың күй өнері төкпе, шертпе болып екіге бөлінеді. Бұлардың қайсысы жаныңызға жақынырақ? Кімнің күйлерін сүйіп орындайсыз?
– Мен үшін қазақ елінің барлық аймағының күйлері бірдей, бөліп-жармаймын. Кәсіби домбырашыға оң-терісі болмауы керек. Десек те, бала күнімнен құлаққа сіңген, алғаш үйренген Нұрғиса Тілендиев атамыздың «Аққу», «Әлқисса» күйлері жүрегіме ерекше ыстық. Нұрғиса атамыздың атындағы «Отырар сазы» оркестрінде концертмейстер, жеке домбырашы болып істеуімнің өзі кездейсоқ емес деп білемін. Өнер жолындағы үлгі тұтар күйші атамның атындағы оркестрде жұмыс істеп, сол жерде еңбек жолымды шыңдауыма мүмкіндік туғанына да шүкір деймін.
– Асқан шебер домбырашылық үлкен еңбекті талап етеді. Жүрдім-бардым дайындалған адамнан мықты орындаушы шықпасы аян. Нұркен, өзіңіз қалай дайындаласыз?
– Дайындық жүргізетін арнайы күн тәртібім жоқ. Әйткенмен, домбырамды қасымнан бір күн де қалдырмай, алып жүремін. Шабытым келіп тұрса, уақыт та, орын да таңдамаймын. Күй тартқым келіп тұрса, барлығын ысырып қойып, төрт-бес сағатқа дейін тапжылмай отыра берем.
– Дәстүрлі ән-күйді елдің бәрі сүйіп тыңдайды, бірден-бір сұранысқа ие өнер деп айта алмаймыз. Тіпті той-томалаққа да сіздерді сирек шақырады. Ақысын да ешкім жарытып төлемейді. Осындай жайттарды ойлап, домбырашылықты біржолата тастап, басқа мамандыққа ойысып кеткіңіз келген кездер болды ма?
– Ондай ой ешқашан туған емес. Себебі мен өнерді сүйемін. Ақшаға белшесінен бататын экономист, заңгер болып кетуге қабілет-қарымым толық жетеді. Бірақ басқа саланы жаным қаламаса, үнемі домбырамды, күйімді аңсап тұрсам, қалай жүрем?!. Өзімнің де ептеп күй жазатыным бар. Егер өнерімді тастасам, бойымдағы талантты тұншықтырып, өнерге қиянат жасағаным болар еді.