Нұрғиса Тілендиевке неге қыздың аты қойылған?
Тілендінің ұрпағын алғаш тыңдаған кезім есте секілді. Күй шерткенін айтамыз. Күй тыңдауға дайын жүргенбіз. Баулыған Әнуар аға Әзірбаев. Рас, домбыраны ұстауымызға құлық танытпады, әлгі аға. Қайта әуреленбе дегендей болды. Балалар қызық еді ғой. Күйші атанғысы келгендер домбыраны жастықтың астына тығып, ұйықтайтын, біз де сүйттік. Бірақ ештеңе қонбады, соны Әнуар ағаға айтқанбыз. Алдымен күліп алды. Сосын айтты: «Онда саған домбыра қонбайды». Келістік. «Одан да тыңдап үйрен, күй тыңдай алудың өзі үлкен өнер». Ол да дұрыс екен. Құп көрдік. Нұрғиса шерткенде тырп етпейтінбіз. Тырп еткізбейтін де. Көз алдыңда әлдебір көріністер тізбегі.
Домбыраны одан да ерте тыңдаппыз. Бала кезде. Бала болғанда да тым ерте. Сол күні аспанды бұлт басты. Ұйытқып, жел соқты. Жарық сөніп қалды, білем. Терезе алдындағы радиоға төне түсіп біз отырдық. Күй ойнап жатты. Домбыра үн қатып жатты. «Айналайын, саятшы, тастап кетші баламды..». Естідік. «Естідің бе?, - десті үлкендер, - Анық естіліп тұр ғой. Саятшы баласын әкетіпті. Әне, жалынып сұрап жатыр. Бейуақта далаға шықсаңдар сендерді де алып кетеді». Құрысын, күн батқан бетте үйге келу керек. Күй бойға тарап жатыр. Неткен зарлы. Баланы ойладық. Құс әкетті ме, құсбегі әкетті ме?. Әлде ертегі, әлде күйді үйдегілер солай түсіндірді.
Күйге ерекше мән берген сәт алты жаста. Ауылда бәйге өтті. Жүйріктер кезекті айналымды аяқтап, негізгі трибунаға жақындағанда Түркеш кезек алады. «Көңіл ашарымен», қазір де осы күй ойналса қасымнан жылқы шауып бара жатқандай сезінемін. Көз алдыма Көк ат келеді. Ауыздықпен алысқан. Шабандоз тізгінді әдейі тарта ма, көк ат көсілуді ойлай ма, әйтеуір сол көрініс айналым сайын қайталанады. Әлде жануар күй тыңдап бара жата ма...
Сосын барып Нұрғиса ағаны тыңдадық. Әрине, алақандай телевизор экранына көз тігіп. Сиқыр ма, арбай ма, қайтеді? Қатасың да қаласың, ешкім қыбыр етпейді. Сыбыр да сөнеді, денені ерекше бір сезім кернейді. Аққу ұшып бара жатқандай, енді көш керіле түсті. Керемет суреттер, қанық бояулар..
- Осылай тартуды қайдан үйрендің?, - депті бірде Димаш Ахметұлы.
- Әкемнен.
- Әй, ол кісі де сенше тарта алмайтын шығар?
- Неге тартпасын, тартты. Менен де мықты шертті. Башпаймен тартты, оны үйрендім. Пышақтың жүзімен де шертіпті. Соны меңгере алмадым. Қаншама шекті үздім.
Қонаев бас шайқаған екен. Біздің класта Нұрғиса деген қыз оқыды. «Сенің артың дұрыс емес», - дейтінбіз. «Қыздың аты олай болмайды». Қате бізден екен. Болады, әбден болады. Бірде таң ата бекеттен кісі күтіп алуға тура келді. Түн ортасы ауғанда толқындарда қазақ тілі күш алады ғой. Мұрағаттан беріп жатыр екен. Нұрғиса Тілендиевпен сұхбат. Баяғыда, көзі тірісінде жазылып, берілген. Қайталап жатыр. Сағат түнгі Үш. Тыңдадық. Сонда Нұрағаң өзі айтты, тілшіге:
- Әй, осы сендер менің есімім жайлы неге сұрамайсыңдар?
- Сұрайық.
- Сұрасаң – Нұрғиса қыздың аты.
- Қалайша?
- Солай. Мен туғанда әкемнен сүйінші сұраған ғой, қызды болдың деп. Онда біздің үйге нұр құйылды. Аты – Нұрғиса деп азан шақырыпты. Артынша ұл екенім байқалмай ма, сонда әкеміз, ұл болса да құйылған нұр шығар, енді өзгерту болмас депті.
Сол ағалардың әңгімесі де өздері секілді ірі келуші еді. Қазір де сөз қадірін білетін Үлкендер бар. Кішілер соларды өз биігінде тыңдай алмайтын секілді.
Амангелді Сейітханов
(ФБ-тегі жеке парақшасынан)