Осы аптада әлеуметтік желідегі оқырман екіге бөлініп, революция кезіндегі ақтар мен қызылдар сияқты қырылысты. Даудың басы – Шымкент қаласындағы «TALAS FILM» түсірген «Жезөкше» бейнеролигі.
Мұндағы ең басты негізге алғаны – ұлттық болмысымызға жат киім үлгісі көрсетілген. Қысқа белдемше – «мини юбка» жайлы. Асықпай бейнероликті көріп шықтым. Үш-төрт рет қайталап қарадым. Содан соң әлеуметтік желідегі пікірге назар аудардым. Сонда байқағаным, бір топ бірігіп алып «Сәлафиттер қазақ қыздарымен соғысуда» десе, енді бірі «Имандылық шүберекте емес, жүректе» деп ұран тастауда. Содан ауыр ойға қалдым.
Оқырман фильмнің мазмұнына емес, тақырыбына ғана назар аударып, байбалам салуда. Сіз өзіңіздің анаңыздың, әйеліңіздің, қарындасыңыздың немесе қызыңыздың қысқа юбка кигенін қалар ма едіңіз?! Мәселе осында.
Отбасында жақсы тәрбие көрген қыз ешуақытта бұлай киінбес еді.
Біздің қоғам қайда кетіп барады?! Мына түрімізбен ұлттық болмысымызды, қазақы мінезімізді, әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізді, жойып алатын сияқтымыз.
Әлеуметтік желідегі оқырманның бәрін сауатты, мәдениетті, ұлттық құндылықтың қорғаушысы дей аласыз ба?!
Менің байқағаным, олардың ішінде бастауыш сыныптық білім деңгейі жоқтар да, сөздің мәнін, парқын білмейтіндер де жетіп артылады екен.
Қай уақытта да ұлттық мүдде мен қазақ өнеріне қатысты ой-пікірімді айту – азаматтық парызым деп есептеймін. Қазіргі кезде әлеуметтік желіге қомақты қаржы бөліп, қазақ ұлтын жою үшін атсалысып жатқан, жасырын, ұйымдасқан қылмыстық топ бар-ау деп те ойлайтын болдым.
Қалдыбек Құрманәлі, композитор
jasqazaq.kz