Шымкентте, Жұмат Шанин атындағы Қазақ драма-театрында, Қасірет қақпанына түскен бозбала тағдыры туралы жазылған «Қасірет қақпаны» спектакліннің премьерасы болды. Жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ерсін Қойбағарұлының трагедиялық бұл қойылымында ғасыр дерті - нашақорлықтың соңы қараңғы түнекке апаратыны көрініс тапқан.
Оқиға желісі бойынша, бір бозбала – мектеп белсендісі әрі білімге аса құштарлығымен көзге түседі. Спортты да жанындай жақсы көреді. Бірақ дәл осы жарқын өмірін қарасора, яғни есірткі қараңғы қапасқа айналдырды. Алғашында жай ғана қызығушылық деп ойлағанымен, соңында нағыз нашақордың өзі болып шыға келеді. Бозбала рөлін сомдаған Сержан Құттыбаев осы трагедия арқылы есірткінің адамдарға әкелген қасіретін ұқтыруды көздепті.
Сержан ҚҰТТЫБАЕВ, театр әртісі:
– Мен бұл рөл арқылы мынау отырған көпшілікке талай сырды ұқтырдым деп ойлаймын. Себебі өрімдей ғана жас жігіттің өмірін күл-талқан еткен сол бір нашаның кері жолға апаратынын көпшілікке жеткізуге тырыстық. Бар өнерімді салып, есірткі қолданудың қандай жағдайға, қандай қасіретке әкелетінін де көрсеттік. Автордың ойындағы сезімді сезіндірдік деген ойдамын. Әрине, егер біздің жастарға осы қойылым арқылы қандай да бір берген жақсы тәрбиеміз болса, біз үшін бұл үлкен қуаныш дер едім. Сондықтан бұл «Қасірет қақпаны» бүгінгі күннің үлкен сұранысына ие екені анық.
Сабырхан ШӘРІПХАНОВ, көрермен:
– Мұндай спектакльдер мен түсіндірме шаралар қазіргі қоғамға ауадай қажет. Себебі әлеуметтік жағдайдың өте жақсарып кетуіне байланысты қоғамда түрлі азғындықтар бой көрсетуде. Мұның алдын алу, әрине, тәрбие ісінен басталады. Бүгінгі қойылым – соның жанды дәлелі.
Елшібек ЖАНАЙ, көрермен:
– Бұндай спектакль дәл қазіргі қоғамға ауадай қажет. Себебі біздің достарымыз, мынау жастар, есірткінің етегінде кетіп, өмірлерін қор қылып жатыр. Жасырмаймын, қазіргі замандастарымыз тіпті есірткі дегеннің не екенін білмей тұрып-ақ тұтынады. Білімсіздіктің кесірінен өз өміріне өзі балта шабады. Бұны қоя тұрып, қарапайым ішімдік пен темекінің құрамын жақсы білмейді ғой олар. Салдарынан өз денсаулығынан айырылып, өмірлік өкінішке тап болады. Сондықтан осындай спектакльдер қатарын көбейту қажет деп ойлаймын.
Нашақорлық жолындағы «Қасірет қақпаны»
Последние статьи автора