«Қараойды» түсірем деп, қазаққа қарай алмай қалған режиссер Жанна Исабаева жақында жаңа картинасымен барып Берлин жұрттың «жылатып» қайтыпты. Сырт көзге селт етуі қиындау көрінетін немістердің сезімін «Нағима» несімен «қытықтап» оятты екен? «Алаш айнасы» осы жайында ой толғайды.
Құжырадағы қос мұңлық
Сөйтсе ондағы оқиға жетімдер үйінен енді ғана жетіліп шыққан қос мұңлықтың, ағайынды Нағима мен бауырындай боп кеткен Аняның ауыр да ащы тағдыры жайында өрбиді екен. Қанша қимаса да, кезі келді, сол бір сұрқай да болса, барар жер, басар тауы қалмаған жетімектерді жетілдіріп шығаратын үйден кетуге бұлар мәжбүр еді. Енді не істемек керек? Ата-ана, туған туыс, бір түйір танысың жоқ екен деп мүсіркейтін өмір қайда, әркім өз арбасын өзі сүйреуі керек. Нағима асханада даяшы болып, нәпақасын айырса, Аняның оны үйде тосудан басқа амалы жоқ, себебі оның аяғы ауыр. Онда да қарны шермиіп тұр, сегізінші ай. Солайша Нағима тұмсығымен балапандарына жем тасыған қарлығаштай аз-кем тиын-тебенін күнделікті нан мен айлық пәтерақыға жеткізуі керек. Пәтер дегеннен гөрі қыздардың тұратын жері құжыраға қатты ұқсас. Қаланың сіңірі шыққан кедейлер мекендейтін аумағындағы «времянканың» өзін табу оңай болған жоқ. Ал Аняның жайын айтсақ, сіз де жылайсыз, біз де: тіркеуде жоқтығының кесірінен оны ешбір емхана есепке алмаған. Нәтижесінде, байғұс қыз ауруханаға түсіп, туу үстінде көз жұмады.
Бір емес, анадан екінші рет айрылу...
Құрбысынан айрылып, жападан жалғыз қалған Нағима енді не етпек? Өмірін қалай, қайтіп жалғастырмақ? Осы жайды күн-түн ойлай келе ол ақырында осыдан 18 жыл бұрын өзін шыңғырта жылатып тастап кеткен анасын іздеуге бел буады. «Не де болса анам ғой» деп ойлаған Нағима бірақ соңында қатты өкінішке ұрынды. Тіпті бұрынғы күнім жақсы еді, ең құрығанда «анамды ақтаушы» едім деді қыз. Себебі өлдім-талдым дегенде іздеп тапқан анасы арада қанша жыл өтсе де, ақыл тоқтатқаны адыра қалсын, екінші рет қызынан теріс айналып, табалдырығынан да аттатпай, қуып шығады.
– Мен үшін бастысы идеяны жетелеп алып шығу болды. Жылдар бойы тіс жарып айтпаған «құпия» – өздерінің биологиялық ата-анасы жайлы ақпаратты жетімдер үйінен шығарда ондағы балалардың қолына ұстататыны жайлы бір жерден оқыдым. Соған дейін мен ол жайлы білмеппін. Білген сәтте, неге екені, әйтеуір менің осы тақырыпта кино түсіргім келді, – дейді режиссер Жанна Исабаева.
Киноны түсіруден, кейіпкерді табу ұзаққа созылған
Ал фильмнің басты рөлінде бұған дейін ешқашан камера алдын көрмеген Дина Тұқыбаева мен «АРТиШОК» театрының әртісі Мария Неженцева ойнаған. Әсіресе Нағиманы іздеп, шарқ ұрса керек режиссер. «Байғұс көмекшілерімді қинап та жібердім, себебі мен өзіме қандай адам керектігін айтып түсіндіре алмадым. Мейлі арық, мейлі толық, мейлі ұзын, мейлі қысқа бола берсін, бірақ оның көзінде сондай ауыр мұң жатсын» дедім. Ақыры шын осы тауқыметті тартқандардың арасынан іздеуге көштім, көп ұзамай Динаның суретін көзім шалғанда, бірден «Нағимамды» таптым деп шештім.
Басты кейіпкерді табуға көп уақыт кеткенімен, небары 12-ақ адамнан тұратын киноны бас-аяғы 11 күнде түсіріп бітіріпті. Міне, неміс жұртшылығын тамсандырған «Нағиманың» бар сиқыры осындай...
«Нағиманың» немістерді «еңіретерлік» не құпиясы болды екен?
Последние статьи автора