Иә, көне мұралары бар ел бай. Байырғы дүниені сақтай білу ұлттық қадір-қасиетті сақтау деген сөз. Алайда адамзат баласы бағзы заманның жәдігерлерін қорғамақ түгілі ықылым замандағы ғұламалардан қалған бірегей қолжазбалардың, тіпті Пайғамбарға тиесілі архитектуралық нысандардың қасақана жойылуына жол беруде. Бұл жер бетіндегі екі аяқтылардың қадір-қасиеттен айрылып бара жатқанын көрсетпей ме? «Ескіліктің қалдығы ретінде көне кітаптардың көзін жойып, мешіттердің ашылуына рұқсат бермеді, дінсіздікті уағыздады» деп, Кеңес Үкіметін кіналаймыз. Бүгінде Кеңестер Одағы тәрізді дінді мойындамайтын империя жоқ десек те, дінді бетке ұстаған, мұсылман өркениетінің қара шаңырағы саналатын елдердің өзі атам заманнан жеткен мұсылман мұраларын көпе-көрнеу қиратуда. Және оған тосқауыл қойып жатқан да ешкім жоқ. Бір елдің ғана тарихына қатысты емес, бүкіл адамзат үшін аса маңызды саналатын мұсылман өркениетінің көне үлгілерін жаппай жою әрекеттері ислам дінді елдерде жиілеп кетуінің себебі неде?
Мұсылман мұраларына ваххабиттер неге өш?
Исламның ордасы Сауда Аравиясында заманауи қонақүйлер тұрғызу үшін көне ескерткіштердің орнын босату фактілері белең алуда. Мәселен, Мәдинада бірнеше жылдың ішінде Бани-Хашем тарихи нысаны мен бірнеше мешіт қиратылған. Көпшілік жаңа мұнараларды көне мешіттерді қиратпай-ақ тұрғызуға болатындығын айтса да, жергілікті билік ешкімнің сөзіне құлақ аспапты. Әлемнің ең діни деген қалаларында діни нысандарға қарсы бұрын-соңды болмаған әрекеттердің орын алуы барып тұрған сорақылық екенін ағылшынның «Telegraph» басылымында журналист Дэмиан Томпсон 2012 жылдың 2 қарашасы күні «The Saudis are bulldozing Islam's heritage. Why the silence from the Muslim world?» деген мақаласында сынап жазды. Ал «Independent» газетінде 2012 жылдың 26 қазанында жарияланған «Medina: Saudis take a bulldozer to Islam's history» мақаласында Джером Тейлор Сауд Аравиясында тарихи мешіт динамиттің күшімен қиратылғанда қарсы шыққан ешкімнің болмағанын жаза келе, «Мешіт қиратылып жатқанда Сауд полицейлерінің күліп қарап тұруының себебі неде?» дейді. Тейлор тарихи нысандардың ірі сауда орталықтары, жоғарғы санаттағы қонақүйлер мен аспанмен тірескен мұнаралар салу үшін жермен жексен етілгенін жазады. Тейлордың мәліметі бойынша соңғы жиырма жылда 1000 жылдан астам тарихы бар архитектура үлгілерінің 95 пайызы жойылған.
Батыс журналистері бұл әрекет вахаббит сектасының көне мұраларды жоюға бағытталған арнайы бағдарламасы арқылы жүзеге асқанын жазуда. Сауд билігі тарихи нысандарды жою туралы арнайы заң да қабылдаған. Бұл топтың өкілдері әлемнің әр тарапындағы мұсылмандардың құны алтынмен де өлшенбейтін мұраларын жоюға ертерек кіріскен көрінеді. ХҮІІІ ғасырда бастау алған ваххабит сектасы осыдан жүз жылдай бұрын мұсылман өркениетіне үлкен үлес қосқан әулиелер жерленген «Багие» қорымын талқандаған. Ливияның ежелгі заман кітапханасындағы бірегей қолжазбалардың түгін қалдырмай өртеп жіберген. Ваххабит топтары Малидегі мұсылман әулиелердің күмбездерін қиратқаны туралы да батыс ақпарат құралдары мәлімет таратты. Малидегі Тимбукту қаласында ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне енген көптеген ескерткіштер сақталған еді. Шығыстың «Сиди Яхья» мешітін де қиратқан осы топтың лаңкестері.
«Okaz» басылымына берген сұхбатында Сауд Аравиясының туризм және тарих жөніндегі комитетінің төрағасы, принц Султан бин Салман тарихи нысандар биліктің тікелей бақылауында екенін айта келе «Көне ескерткіштер қашанда біздің бақылауымызда, сондықтан ешкім бүлдіре алмайды» дегеніне қармастан елдегі діни қайраткерлердің бір тобы Мұхаммед Пайғамбармен және оның жақындарымен байланысты мәдени ескерткіштер мен жәдігерлердің көзін жою туралы ұсыныстарын азайтпай отыр. Осының кесірінен соңғы бірнеше жыл ішінде мұсылманның ұлы ескерткіштерінің талайы қиратылды. Сауд Аравиясының діни қайраткерлері «бұл әрекетті тарихи нысандарға барып тәу еткендер шариғат заңына қайшы әрекет етуінен деп түсінген жөн» дегенді алға тартады. Бірақ қаншама ғасырлар бойы мұсылманның ұлы мұрасы боп келген көрнекті ескерткіштердің жойылуы жақсылықтың нышаны емес.
Мешіттерді қиратудың астарында не жатыр?
2006 жылдан бері Сауд Арабиясындағы ежелгі мұсылман архитектурасының 90 пайызы жойылыпты. Ал мұсылман елдерінің бірі Ирактағы тарихқа өшігу әрекеттері сол жылдың ақпан айында күшейген. Самарра қаласындағы ІХ ғасырдың мазарын жермен жексен еткен ваххаб ағымына ерген исламдық топ байырғы нысандардың барлығын, көне мешіттерімен қоса «көп құдайға табыну» деп бағалап, «исламды тазарту» ұранымен талқандаған.
Сауд Арабиясында қаламгерлер қауымы тарихи нысандарды жою халыққа жасалған қастандық екенін айтып, қарсы шыққанмен, зиялы қауымның сөзін елеген ешкім болмапты. Қазіргі кезде мұсылман әлемінің жазушылары бұндай әрекеттерді діни әлемде саяси соғыстың қайсысына жатқызарын білмей әлек болуда. Ата-бабадан қалған тіпті Пайғамбардың мұрасы саналатын архитектуралық нысандарды қирату діни сауатсыздықтан туған надандық па, әлде біреулердің мүддесі тұр ма? 2006 жылы Палестинаның Газа қаласында Мұхаммед Пайғамбардың атасы Хашим ибн Абд Манафтың мазарын вахаббистер рәсуалаған. Палестин шенеуніктерінің арасынан бұл әрекетті вандализмнің айқын түрі деп бағалағандар болғанмен, ешкім тоқтау айтпаған.
Қазіргі кезде ваххабиттердің мұсылман тарихы мен мәдениетіне қастандық әректтерінің өршуі жалпы адамзат үшін аса қатерлі екені анық. Көне мұраларды қалпына келместей етіп жойған лаңкестерге қарсы тұрар күш жоқ тәрізді. ХХ ғасырдың басында күш алған ваххабиттер байырғы мұраларды бүлдіруді Меккеден бастапты. 1924 жылы Меккені қоршап алған Абд аль-Азиз Саудтың әскері алдымен Пайғамбардың әйелі мен ағасының мазарларын талқандаған. 1926 жылы Ибн Сауд Мәдина қаласын басып алып, Мұхаммед Пайғамбардың ұрпақтарының, бірнеше имамның мазарларын жермен жексен етеді. Жұртшылық тарапынан ешқандай қарсылық болмаған соң ваххабиттер одан сайын күшейіп, тарихтағы бірегей архитектуралық нысан Салманның жеті мешітін қиратады. Ал олардың орнына банктер мен банкоматтар орнатқан. Содан бері Хиджаз тұрғындары ваххабиттердің лаңкестік әрекеттерін үздіксіз түрде көріп келеді.
2004 жылы «Аль-Мадина» газетіне Мухаммед аль-Дубайси деген журналист тарихи мешіттердің қиратылуы туралы мәселе көтеріп, мақала жариялады. Бір апта өткенде ваххабиттер жетекшісінің бірі Салех аль-Фаузан бірнеше ғасырлық тарихы бар мешіттерді жоюдың заманауи қажеттілігі айтып, баспасөз арқылы жауап береді. Осы уақытқа дейін лаңкестер Мұхаммед Пайғамбардың жақындарының мазарларын қирату әрекеттерін тоқтатқан жоқ. Мәселен, Пайғамбардық ағасы Хамза ибн Абд аль-Муталлибтің де мазарын осы ваххабиттер жойған. Қазіргі таңда ваххабиттер Хирра тауындағы Мұхамед Пайғамбар аян алған үңгірді күл-талқан ету жөнінде жоспар даярлап жатқан көрінеді.
Ежелгі әулие, ғұламалардың мазарларын ғана емес олардың мешіттерін, Пайғамбар атымен байланысты басқа да нысандарды түгел жою ваххабиттердің басты мақсаты іспетті. Байырғы ғұламаның бірі Али аль-Араидхи кесенесін ауыр техникамен, жарылғыш заттармен біржолата жоқ қылған биліктегі ваххабиттер 2002 жылы тарихи тұлғаның мүрдесін талқандап тастаған. Сауд басшылығы Пайғамбардың жақтастарының бірі Рафах ибн Рафиаль Зуркидің жатқан жерін тегістеп тастау жөніндегі қаулы қабылдады. Сол маңдағы аль-Хандик мешіті де биліктің қалауымен жойылмақ. Ал бәрінен сұмдығы ваххабит басшылардың пәрменімен Мұхаммед Пайғамбардың әйелі тұрған үй қиратылып, орнына дәретханалар орнатылған.
Вахаббитердің болашақтағы жоспарларының бірі Қағбаны құлату арқылы «исламды түбегейлі тазартып бітіру». Оның бастамасы да лаңкестердің қолымен жүзеге асты. 2006 жылдың басында Қағбаға тиісті тарихи жәдігерлердің көп бөлігі жойылды. Оның ішінде ежелгі заманғы өрнекті жазуы бар мұралар да бар. 2005 жылдың жазында мұсылман журналистерінің бірі Сауд Аравиясының спутниктік телеарнасының сайтына Мекке мен Мәдинадағы тарихи мұраларды жою әрекеттерін шектеу жөнінде ұсыныстарын білдірді. «Ең болмаса 10 пайыз мұрамызды сақтап қалайық» деп дабыл қаққан болатын мұсылман журналист.
Сами Анкави деген ғылым докторы «Қазіргі заманға көне мұралардың онсыз да азғантай бөлігі жетті емес пе? Мекке мен Мәдинадағы көне мәдениет үлгілерін құртсақ, мұсылман өркениеті де жер бетінен жойылып, келмеске кетеді» деді. Сауд Арабиясының БАҚ құралдары мұсылман мұраларын жою әрекеттерінің жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын ұдайы хабарлауда. «Аль-Ватан» басылымының дерегіне сүйенсек, Мәдинадағы байырғы архитектуралық ғимараттар орналасқан тарихи аудандар толығымен жаңартылады. Яғни, Мекке мен Мәдина жері Мұхаммед Пайғамбар заманына тиесілі бүкіл мешіттермен бірге тарихи нысандардан тазартылып, орнына жаңа ғимараттар бой көтермек. Мұсылмандар үшін аса қасиетті саналатын екі шаһардағы ежелгі мешіттердің орнына ірі сауда орталықтарын салып жатқан Сауд билігі қарапайым мұсылмандар тарапынан қатаң сыналғанмен, тарихқа жасалып отырған қастандықты тоқтатуға халықаралық деңгейде ешқандай шара қолданылмай отыр. «Islam-today»-дің хабарлауынша 2014 жылдың аяғында Сауд Аравиясындағы исламист ғалымдар Мұхаммед Пайғамбардың кесенесінің көзін жою туралы ұсыныс айтқан. Егер бұл идея жүзеге асса әлемде мұсылмандарға деген көзқарас теріс жақа бұрылуы әбден мүмкін.
Сондай-ақ «Аль Алам» телеарнасы сионистік топтар мұсылман ғимараттарын бұзып, орнына еврей әйелдеріне арналған синагога тұрғызуды жоспарлағаны туралы хабар таратты. «Аль-Акса» мешітінің оңтүстік-шығысындағы салмағы бес тонналық тарихи тасты сионистер ұрлап кеткен. Бұл тас кейін сионистік синагога ауласынан табылған. Палестинадағы мұсылман ұйымдары бұл әрекетті қатаң сынады. Сионистер «Аль-Акса» мешітінің астынан туннел салуды сылтауратып, түбін қазу арқылы тас бағандар мен жартастардың эрозияға ұшырауын жылдамдатып, мешіттің көзін біржолата жоймақ болған. Былтыр Палестинаның «Аль–Акса» қоры Израильді ежелгі мұсылман мұраларын қиратты деп айыптады. Шығыс Иерусалимдегі көне қаланы қазу барысында Израиль археологтары одан шыққан мұсылман мұраларын жойып отырған. Тереңдігі 20 метр болатын қала орнын қазу арқылы «Аль-Акса» мешітін құлату жоспарланған көрінеді.
Бұл мешітке қастандық әрекеттері ертеректе басталған. 1969 жылдың 21 тамызында протестанттық секта өкілі австралиялық Майкл Деннис Рохэн жанғыш зат алып кіріп, өрт қояды. Өрт сөндірушілер дер кезінде жеткенмен, мешітке айтарлықтай нұқсан келеді. Кейін Рохэн өз елінде психикалық клиникада қайтыс болады. Бұл оқиғадан кейін де Аль-Аксаны өртеуге талпынған бірнеше әрекеттер орын алған. 2007 жылдың басында Израиль археологтарының мешіт маңында қазба жұмыстарын бастауы мұсылман жұртшылығының наразылығын тудырды. 2014 жылдың қазан-қараша айларында «Аль-Акса» мешітіне қатысты мұсылмандар мен Израиль полицейлері арасында қақтығыс болды.
Келмеске кеткен пирамидалар
Адамзат үшін аса құнды мұралардың антропогендік фактор салдарынан жойылу фактілері ХІХ ғасырдан бастап жиілеп кеткен. 1871 жылы Генрих Шлиман деген әуесқой археолог Троя қаласының қирандыларына кездеседі. Шлиман қалашыққа динамит лақтырып, қайталанбас мұралардың көп бөлігін жойып жібереді. Ал Ауғанстандағы 37 және 55 метрлік Будда мүсіндерін 2001 жылы талибтер жарғанынан да ел хабардар. ЮНЕСКО бұл мүсіндер мол қаржыны қажет ететіндіктен қалпына келтірмеуді ұйғарыпты.
Көне мұраларын көзінің қарашығындай сақтап отырған Қытайдың Нанкин аймағында сауда орталығын салу кезінде көне тарихи нысан табылған. Тарихшылар мен археологтар құрылысты тоқтатуды талап еткенмен, кәсіпкерлер құлақ аспаған. Ақырында тарихи кешен толығымен қиратылып, орнына заманауи сауда кешені салынады. Перудегі биіктігі 6 метрлік Эль-Параисо пирамидасын 2013 жылы құрылыс компаниясының жұмысшылары тегістеп тастайды. Төрт мың жылдық тарихы бар бұл нысан ежелгі өркениеттің мәдени, діни маңызы бар кешені болыпты. Құрылыс компаниясының жұмысшылары келесі пирамидаларды шетінен қиратуға кіріскенде полицейлер келіп тоқтатқан. Қазіргі кезде пирамиданы жойған компанияның үстінен іс қозғалуда.
Белизедегі 2,3 мың жыл бұрын тұрғызылған майяның Нох Муль пирамидасын көруге әлемнің түкпір-түкпірінен туристер ағылып келіп жатады екен. Биіктігі 30 метрге жететін, ежелгі архитектураның керемет үлгісі болып табылатын бұл нысан 2013 жылдың көктемінде бульдозермен құлатылады.
Египет астанасы Каирден 288 шақырым жердегі Эль-Хибех қалашығын Калифорния университетінің археологтары 2009 жылы қаза бастаған. Қазу жұмыстарын 2013 жылы жалғастырған ғалымдар әбден тоналған жер асты қорымдарына ғана кездескен. Бұзақылар қорымдағы сүйектердің күл талқанын шығарып, жер астындағы нысандарды қиратып тастаған.
2009 жылы Чили астанасы Сантьягодан солтүстікке қарай 500 шақырым жердегі Кикимбо аймағы мен Атакама шөліндегі тарихи ескерткіштерге марафонның кесірінен орасан нұқсан келген. Ал Тарапака аймағында 18 мың жылдық тарихы бар Альто Япе геоглифтері туристердің әсерінен зақымдалған. Атакама шөліндегі 5 мың жылдан бері сақталып жеткен геометриялық өрнекті таңбалар бүлінген.
Сирияда азаматтық соғыс кезінде ХІ ғасырға тән архитектура нысандары талқандалды. Олардың арасында мешіттер де бар. Ежелгі Алеппо қаласының орны мен Эбл, Аламей шаһарларындағы көне жәдігерлер тоналған. Егер соғыс тоқтамаса Сирия бүкіл мәдени мұрасынан айырылуы мүмкін.
Бір жылда 200 мыңнан астам жәдігерінен айырылған ел
2011 жылы Британия мұражайының қызметкері Джон Кйортис Ирактағы әскери операциялар кезінде тарихи ескерткіштердің көптеп жойылып жатқандығы туралы мәлімдеме таратты. Вавилондағы 150 гектар аумақта әскери лагер орын тепкен. 2,5 мың жылдық көне көпірді танктер құлатса, Хан Аль-Раб керуен сарайы қаруларды жоятын полигон ретінде пайдаланылған. Нәтижесінде керуен сарайдың ізі де қалмаған.
Ирактың туризм және тарих жөніндегі министрлігі арнайы зерттеу арқылы 2003-2004 жылдар аралығында ел аумағынан 130 мың мәдени-тарихи құндылықтың заңсыз әкетілгенін анықтап отыр. Ал шет елдік мамандар ұрланған жәдігерлердің саны 200 мыңнан асатынын айтуда. Бүгінге дейін олардың тек 10 пайызы ғана қайтарылған. АҚШ-тағы мұражайларда Ирактан заңсыз әкетілген 90 мың жәдігер бар екен. Вашингтон ол мұраларды қайтарудан бас тартып отыр. 2013 жылы Ирактың Шумер, Вавилон дәуіріне тиесілі 10 мың көне затын АҚШ-тың Корнель университеті иеленіп алған. АҚШ әскері ежелгі ғибадат үйлерінің орнына «Форт Вавилон» деген база орнатқан. Осылайша мыңдаған жылдық тарихы бар көне шаһардағы жазуы бар тақтайшаларға дейін танктың астында қалған.
Биыл ақпан айында «Ислам мемлекеті» террористік ұйымының лаңкестері елдегі ең көне кітапхананы жойып жіберді. Оқиға ҮІІ ғасырдағы халиф Умар ибн Аль-Хаттаб атындағы мешітте болған террорлық әрекеттен соң орын алған. Мосул орталық кітапханасы мұсылман өркениетіне тиесілі көне қолжазбалар сақталған дүниежүзілік маңызы бар ежелгі кітапхана ретінде белгілі болған. Лаңкестер үш қабатты кітапханада жарылыс жасап, нәтижесінде ғимарат түгелімен өртеніп кеткен. Содан соң ұйым мүшелері кітапхана ауласына от жағып, Ирак мәдени мұрасының құнды бөлігі болып табылатын бірегей қолжазбаларды өртеген. Мамандардың есебі бойынша 10 мың көне кітап күлге айналған. Оның ішінде байырғы мұсылман философиясына тиесілі шығармалар, ежелгі әдеби кітаптар мен көне заман ғұламаларының ғылыми еңбектері бар. 2015 жыл басталғалы бірнеше апта ішінде «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымы ел аумағындағы осындай бірнеше кітапхананы өртеп, 100 мыңнан астам көне қолжазбаны жойған.
Ирак жерінде сақталған ежелгі заманның қолжазбаларын жою әрекеттері әлі де тоқтамай отыр. ЮНЕСКО-ның бас директоры Ирина Бокова Ирактағы қақтығыстар орын алған аудандарда орналасқан көне кітапханалардың тағдырына алаңдушылық білдіріп, мәлімдеме жасады. «Кітаптарды өртеу мәдени мұраны жоюдың бір амалы, бұл Ирак халқын рухани мәдениетінен айыру» деді И.Бокова. Лаңкестік топ мүшелері көне мұралар сақталған кітапханалар мен университеттердегі байырғы заманның ғалымдары жазған кітаптардың да көзін жоюға кірісіпті. Осыған ұқсас оқиға 2013 жылы Малиде орын алған еді. Тимбукту қаласындағы ғылыми орталықты өртке ораған исламистер ортағасырлық мыңдаған қолжазбаны келмеске кетірген. «Бұл көрсоқыр фанатизм көрінісі. Адам өмірін жоюмен бірге адамзаттың мәдени рухани әлемін жоюға кірісу деген сөз» деген ЮНЕСКО директоры әлем жұртшылығын соқыр фанатизммен күресуге шақырды.
Мәдени мұраларды қорғауға арналған жаңа құжат керек
Адамзаттың мәдени-тарихи мұраларын сақтап қалуға арналған халықаралық құжаттар жеткілікті, бұл мақсатта жұмыс істейтін ұйымдар да бар. Мәселен, 1935 жылы Вашингтонда қабылданған Рерих пакты мәдени мұраларды қабылдауға арналған алғашқы құжат болып табылады. 1899 жылы Санкт-Петербург губерниясында қазу жұмыстарын жүргізу кезінде суретші Николай Рерихке археологиялық ескерткіштерді қорғау туралы идея келеді. 1903 жылдан бастап Рерих Ресей губернияларын аралап, тарихи ескерткіштердің этюдтерін жасайды. Көптеген ежелгі сарайлар жойылып кетсе де Рерихтің арқасында суреттері сақталып қалған.
1928 жылы Николай Рерих әлем жұртшылығын мәдени мұраларды сақтап қалу жөнінде шаралар қабылдауға шақырады. 1928 жылдың тамыз айында француз халықаралық мамандары Рерихтің ұсынысымен құқықтық құжат қабылдайды. 1931 жылдан бастап адамзаттың мәдени мұраларын қорғауға арналған конференциялар өткізіле бастайды. 1931 жылы Николай Рерих әлемдік мәдениет лигасын құруды ұсынады. Бұл лиганың мақсаты табиғатты аялауға тәрбиелеу және мәдени мұраларды қорғауға атсалысу. Ал 1972 жылы ЮНЕСКО әлемдік мәдени, табиғи мұраларды қорғауға арналған конвенцияны қабылдайды. Рерих пакті негізінде 2001 жылы «Мәдени әртүрлілік туралы жалпы декларация», 2003 жылы ЮНЕСКОның конвенциясы, 2005 жылы «Мәдени құндылықтарды қорғауға арналған БҰҰ-ның конвенциясы» қабылданды. Алайда ежелгі мұраларды қорғауға арналған халықаралық құжаттардың аса пәрменді болмауы мұсылман елдеріндегі тарихи нысандарға қастандық әрекеттерінің өршуінен-ақ байқалады.
Бірақ әлемнің кейбір мемлекеттерде археологиялық ескерткіштерді қорғау үкіметтік деңгейде қолға алынған. Мәселен, Ресей федерациясындағы Тува республикасында мәдени мұраларды қорғау жөніндегі комитет жыл сайын ел аумағындағы тарихи нысандарды тексеріп, сараптама жасап отырады. Қазір Ресей археологтары көне мәдени мұраларға қандай да бір нұқсан келтіргендерді қатаң жазалау жөніндегі заң қабылдау туралы ұсыныстарын білдіруде.