Астанадағы Қазақстан ұлттық мұражайының қоры тағы бір құнды жәдігермен толықты. Қорға ақын Мұзафар Әлімбаевтың соғыс жылдарында Татарстан композиторы Мақсұт Латиповке жолдаған өлеңдері мен хаттары табысталды.
Хат 1943 жылы М. Әлімбаевтың майданда болған кезінде жазылған және өзінің досы Мақсұт Латиповке жолданған. Онда М. Әлімбаев белорус қызына арнаған өлеңін салып, М. Латиповке сол өлеңге ән жазуға аманат еткен көрінеді.
Әкелінген құжаттардың арасында, сонымен қатар соғыс тақырыбына жазылған тағы бір топ өлеңдері бар. Аталмыш қолжазбаларды Татарстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, қандасымыз Сағиқ Жақсыбаев алып келді.
М. Латипов 1960 жылдары дүниеден озды. Оның қызы Лидия Латипова хаттарды 1990-жылдардың басында қазақ қоғамына әкеліп табыстаған. Құнды дүние Қазақстан жеріне 63 жылдан кейін қайта оралды. «Бұл құнды дүниелер тек Татарстандағы қазақ қоғамының ғана емес, қазақ халқының мұрасы болғандықтан, көпшілікке, барлық қазаққа ұсынылсын деген ниетпен мұрағатқа әкелдім», – дейді Татарстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Сағиқ Жақсыбаев.
Бүгінгі күні ақынның жеке қоры Алматының мұрағатында сақтаулы. Дегенмен бүгінгі әкелінген құжаттардың түпнұсқалары елордадағы еліміздің Ұлттық мұражайында қалады. М. Әлімбаев аталған қолжазбаларының елге оралғандығынан хабардар және де бұл игі жаңалыққа өз қуанышын айтқан.
Майдангер-ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Мұзафар Әлімбаев соғыстан кейін әдебиет майданына белсене араласып, «Балдырған», «Пионер» журналдарын басқарып, «Қазақ әдебиеті» газетінде жұмыс істеді. Бүгіндері ақынның 100-ден астам өлеңі халық сүйіп тыңдайтын әнге айналды. Балалар әдебиетіне өзіндік үлесін қосқан ақын, аударма саласында да қарымды еңбек етті.