Ақын, "Асыл Арна" телеарнасының директоры Мұхамеджан Тазабек "Асыл Арна"-ның тікелей эфирінде діни ұстанымы туралы айтып, өзін "сәләфит" дегендерге жауап берді деп жазады qamshy.kz.
 
Бұған дейін Тазабектің "Тәлім Trend бағдарламасы "Qazaqstan" ұлттық телеарнасынан шыға бастағанына байланысты қоғамда дау шыққан.
 
Қамшы порталына пікір білдірген Нұр-Мүбәрак мешітінің бас имамы Қайрат Жолдыбайұлы Тазабектің ұстанған діни көзқарасына, айналасындағы адамдарға, діни сеніміне қоғамда күмән көп екенін айтып, сөзіне бірнеше мысал келтірген.
 
Мұхамеджан Тазабек Қайрат Жолдыбайұлының пікірін оқығанын жеткізіп, тиісті жауабын берді.
 
&ndash Мен қайдан сәләфи болам, егер соғым сойсам, тұсау кессем, домбыра тартсам. Біз керісінше әке-шешісін "кәпір" деп қолынан тамақ жемей жүрген, қыздардың тағдырымен ойнап, бірінен кейін бірін талақ қып, қаншама қыздың көз жасына қалып жатқан немесе намаз оқымаған адамды "кәпір" деп онымен араласпай, әке-шешесінің қолындағы тағамды "харам" деп оны жемей жүрген қаншама радикалдық көзқарастағы сәләфилердің көзін ашуға, оларға түсіндіруге, олармен "елдік мүддеде бір жолда болыңдар" деген шақырумен айналысып жатқанымызға ондаған жыл болды. Біз бірінші күннен радикализммен қаншама шайқастар мен қырылыстар жүргізіп келеміз, &ndash деген ол "сәләфилерге қарсылығы туралы, олардың ұлттық мүддеге қайшылықтары жайлы, елдің ынтымақ-бірлігіне зияны туралы сұхбаттарда, әңгімелерде ашық айтып жүргенін атап өтті.
 
Қайрат Жолдыбай Мұхамеджан Тазабектің діни ұстанымына күдік тудыратын алты уәж, яғни алты мысал келтірген. Тазабек соның тек біреуі &ndash "музыкаға деген көзқарасының теріс екенін көрсетеді" деген уәжге қатысты ғана жауап берді.
 
&ndash Шейхтің "Асыл Арнаға" келіп кеткені, менің арабпен ым-жымым бір екенін, музыканың кейбір түрлерін бағдарламаға қолдана алмай жатсам, менің басыбүтін музыкаға қатысты көзқарасымды білдірмейді. Қайрат Жолдыбай домбыра тартпайтын шығар. Бірақ мен домбырамен арнауымды айтып, кешегі пандемия кезінде Айнұрға (Тұрсымбаева &ndash ред.) арнаған сәлемімді әлеуметтік желі арқылы бүкіл Қазақстан көрді. Оны мен өлең қылып оқып берсем болар еді, мен бірақ саналы түрде қазақтың әуезді әніне салып, Айнұрға жеткізгенімді қазақ халқы біледі. Біз кімге қалай қарасақ, көзімізге солай болып көретіні бесенеден белгілі. Мен сәләфи емес екенімді өзім де айтайын, өзгелер де біледі. Мені танитындар, менің үйімде болып жүрген, қызметтес болып жүрген немесе сапарлас болып жүрген адамдар ел "сәләфи" деп айтып жатқан адамдарға еш қатысым жоқ екенін анық біледі, &ndash деді ақын.
 
"Асыл Арна" директоры дінді жеткізген ата-баға деген құрметі ретінде телеарнада кезінде Матриду мектебі туралы хабар ашқанын атап өтіп, "менің ақидама еш күмәнданбасаңыздар болады" деп жауап берді.
 
qamshy.kz