Бiрiншi шумақ: Қара сөздiң қаймағын қалқып, «қиыннан қиыстырушы» ақын ауамен емес, өлеңмен тыныстайды. Олай болса, сол «сөз патшасының» қазiргi қоғамдағы қал-қадiрi қалай? «Ханға лайықты алтын тағында отыр» деп айтысты айтуға болар. Ал жыраулардан тамыр тартып, Абай шоқтығын биiктеткен жазбаша поэзия ше? Жазбаша поэзия қазiр тек бiр ғана талды қармап тұрғандай. Ол талдың аты – мүшәйра. Айтыскердi айтыс асырағандай, ақынды мүшәйра ғана асырап отыр ма? Жалпы, мүшәйра қазақ өлеңiн көркейте ала ма? Осы төңiректе ой қозғап көрелiкшi...
Қайырма:
Сәкен ИМАНАСОВ, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегерi:
БIТКЕН IСКЕ СЫНШЫ КӨП
Жасыратыны жоқ, бiздiң елде көбiне-көп айтыс басым түсiп жатты да, жазба ақындар сайысына көңiл бөлiне қоймай, қағаберiсте қалып та жүрдi. Сондай бiр кезде ақын Жүрсiн Ерманов осыдан он шақты жыл бұрын Республика сарайында өз қаражатына дүрiлдетiп мүшәйра өткiзгенiн бiлемiз. Ол мүшәйраға бiз де атсалысып, өзiмiзге тиесiлi сыбағамызға ие болғанымыз бар-тын.
Жыр мүшәйрасының тағы бiр мазмұндысын сол Жүрсiн Ерманов әйгiлi меценаттар Өмiрзақ Сәрсенов пен Амангелдi Ермегияевтердiң қолдауымен өткен жылы «Қазақстан» ұлттық телеарнасы арқылы жыл бойына өткiзген едi.
Әрине, бiткен iске сыншы көп, бұл жолы бәйгеде аты озғандар марқайып, бәйге тимегендер ерiн баурына ала шалқайып, бiраз әнгiменiң тууына себеп те болды. Бiрақ бастама жақсы едi.
Жалпы алғанда, мүшәйра, ең алдымен, қазiргi қазақ жырын насихаттауға айрықша септiгiн тигiзер шаруа екенi анық.
Исраил САПАРБАЙ, тәуелсiз «Платиналы Тарлан» сыйлығының иегерi:
ӨЛЕҢ ҚҰНЫН «КӨК ҚАҒАЗБЕН» ӨЛШЕУДI ҚОЮ КЕРЕК!
Мүшәйра өткiзу ниетiн қолға алып, ақындарды жұрт алдында әспеттегiсi келген ағайын өлең құнын (ой еңбегi, талант өлшемi, бәсеке бәсi болған соң) көпшiлiк жұрт алдында «көк қағазбен» өлшеудi қойып, сый-сияпаттың мұнан басқа ерекше түрлерiне көңiл бөлгендерi абзал. Айтыстағы марапат рәсiмiн мүшәйрада қайталаудан не ұтамыз? Бұл арада жазба ақынның жан дүниесiн, шығармашылықпен айналысу үрдiсiн, ең бастысы – психологиялық мiнез-құлық ерекшелiгiн еске алып, назарда ұстаған жөн. Мысалы, ақын шығармашылығын бағалағыңыз келе ме, үйiнде қатталып жатқан қолжазбасын кiтап етiп шығарыңыз. Ақынға жақсылық жасағыңыз келе ме, шипажай не демалыс үйлерiне жолдама алып берiңiз. Ол да Құдайдың жазықсыз бiр пендесi ғой, демалсын, оңалсын, оңашада өлең жазсын. Ақынға жұмыс iстеткiңiз келе ме, су жаңа компьютер сыйлаңыз. Ақынмен сыбайлас, сырлас болғыңыз келе ме, Тастаяқтан артықты таппайсыз!.. Әйтсе де, мұның бәрi әлгi сiз өткiзген мүшәйра арқылы атқарылсын. Жыр жарысының жеңiмпаздарына бұдан артық қандай құрмет-қошемет, сый-сияпат керек, айтыңызшы?!.
Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегерi, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының бiрiншi орынбасары:
АҚЫН ӘРТIС ЕМЕС!
– Ақын әртiс емес, бишi емес, бiрақ оған елдiң алдына шығып, iштен шыққан шерi, дертi – өлеңiн оқитын мiнбер керек. Мiне, сол жағдайда, мүшәйра ақынға, анда-санда болса да, мiнберге шығуға жағдай туғызады. Мүшәйра ғана қазақ поэзиясын құлатпай көтерiп тұр дей алмаймын. Менiң ұғымымда мүшәйра – ең алдымен, халық пен ақынды байланыстырушы дәнекер.
Соңғы шумақ: Мүшәйра төңiрегiнде әңгiме қозғағандағы ойымыз ақындарды бiр-бiрiмен таластыру емес, осы бiр жыр жарысының төңiрегiндегi шынайы ахуалды ашып көрсету едi. Қалай болғанда да, қазақтың қасиеттi қара өлеңiн тыңдар құлаққа жеткiзуде мүшәйра атаулының қалтқысыз қызмет еткенi анық. Десек те, нағыз поэзияның шын бағасын ешбiр жыр додасы анықтап бере алмайды. Ақиқатын анықтау – өлең сүйер қауымның өз талғамында.