Талдықорғанда «Мұқағалитану бастауы» басталды. Ақиық ақынның 80 жылдығына орай осындай сериямен үш кітап жарық көріп, Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында тұсауы кесілді. Белгілі қаламгерлер «Мұқағали» журналының бас редакторы Батық Мәжитұлы, «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбайұлы, «Жетісу» газетінің басшысы Жақыпжан Нұрғожаев және композитор Бейбіт Дәлденбай мен суретші Тоққожа Қожағұловтар құрастыруды қолға алған кітаптардың баспадан жарық көруіне мұрындық болған – Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов.
«Білгің келсе, алдымен зертте мені» атты кітапта ақын жайлы зерттеулер жинақталса, «Есіңе мені алғайсың» деп аталған жинаққа Мұқаңның көзін көрген замандастарының естеліктері топтастырылған. «Мен, сірә, өлмейтін шығармын» кітабының өзі үш тараудан тұрады. «Жыр арқауы – Мұқағали» бөлімінде ақынға арналған өлеңдер, «Мұқағали – ән қанатында» бөлімінде Мақатаевтың сөзіне жазылған әндер жарияланса, Серік Тұрғынбеков пен Әкім Таразидің драмалары – «Мұқағали бейнесі – сахнада» тарауының еншісінде.
Кітаптың тұсаукесерінде сөйлеген құттықтау сөзінде облыс әкімінің орынбасары Серік Мұқанов тойға тарту ретінде аталмыш сериямен басылатын кітаптарды жарыққа шығару биыл да жалғасын табатынын жеткізді.
Батық МӘЖИТҰЛЫ, ақын, «Мұқағали» журналының бас редакторы:
– Мұқағали тойы осыдан бір жарым жыл бұрын басталды. Бүгінге дейін мерейтойға жыл бұрын дайындалу деген болған емес. Бұл той осынысымен де ерекше. Екіншіден, Мұқаңның 80 жылдығы биыл Жамбыл ауданынан бастау алды. Оның өзіндік себептері бар. Осыдан бір ғасыр бұрын Қатағанмен айтысында Сүйінбай ақын үш жүздің тарихын тереңнен толғап, үш жүзді бір қазақтың баласы деп бауырына басса, дәл бір ғасырдан кейін Мұқаң «Алатау, Алтай, Атырау» деп бүкіл қазақ даласын құшақтады. Ұлылар үндестігі деген осы болар. Бүгінгі тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартып отырған кітаптар мұқағалитану ғылымының басталғандығын білдіреді.
Мұқағалитану дәуірі басталды
Последние статьи автора