Бүгін Талдықорған қаласындағы Тіл сарайында Нью-Йорктің «Metropolitan Classics» («Метрополитан Классикс») баспасынан ағылшын тілінде жарық көрген қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың таңдамалы жинағы мен көрнекті жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» атты атақты повесінің тұсаукесері өтті. Жоба Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен жүзеге асырылды, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Кездесуде облыс әкімі А. Баталов, Халықаралық қазақ ПЕН клубының президенті Б. Ғабдуллин, жазушы, ПЕН клуб мүшесі С. Елубай және бірқатар қаламгерлер қатысты.
Облыс басшысы А. Баталов:
Қазақтың бай әдебиеті әлемдік биікке көтеріліп, қазақ шығармалары ағылшын тілінде оқылатын болды. Бұл – үлкен жетістік. Бүгін, міне, Хантәңірінің мұзбалағы, ақын Мұқағали мен «балалық шаққа саяхат» жасаған жазушы Бердібектің есімдері Нью-Йорктің төрінде аталып, қазақтың мерейін асырды. Осындай мәдени құндылықтар алмасуының берері көп деп ойлаймын, - деді өзінің құттықтау сөзінде.
Халықаралық қазақ ПЕН клубының президенті Бигелді Ғабдуллин де өзінің тілегін білдірді:
Бүгін біз шығармашылық топпен бірге жобаның «алғашқы қарлығаштарын» «Біз – қазақтар...» деген ортақ тақырыппен таныстырып отырмыз. Қазақ әдебиетінің үздік шығармаларын ағылшын тіліде сөйлету – біздің талайдан бергі арманымыз еді. Бұл мақсатымызға жұмыла жұмыс істеген шығармашылық топ пен әдебиеттің шынайы жанашырларының арқасында қол жеткіздік. Бұл - тек қазақ халқының ғана емес, күллі түркі халықтарының қуанышы. Бұл бағыттағы жұмысымызды бұдан әрі де жалғастыратын боламыз, келесі кезекте «Біз қазақпыз...» сериясының жалғасы ретінде Олжас Сүлейменовтің, Әбіш Кекілбаевты, Смағұл Елубайдың шығармаларын шығару жоспарда бар, - деді.
Б. Ғабдуллиннің айтуынша, туған жерінде тұсауы кесіліп отырған екі автордың да кітаптары шетелге танымал Amazon.com сайтына қойылған. Оқырмандардан сұраныс көбейген жағдайда Нью-Йорк баспасынан жинақтардың тиражын көбетіп басуға да мүмкіндік болады.
Мұнан соң сөз алған көрнекті жазушы Смағұл Елубай «Қазақ әдебиетін насихаттау – қазақ халқын насихаттау. Сондықтан қазақтың классик ақын-жазушыларын 52 елдің мемлекеттік тілі болып отырған ағылшын тіліне аударуды Пен клуб алдына мақсат етіп қойды. Осы кітаптардың презентациясын Нью-Йоркте жүздеген адамдардың қатысуымен өткіздік. Ол істің басы-қасында Бигелді Ғабдуллин жүрді. Бұл - қазақ ПЕН клубының тарихында шетелде жасаған тұңғыш тұсаукесері. Алматы облысының осындай руханият жанашыры ретіндегі үлгісі басқа облыстарға жұғысты болса екен деймін», - деді
Презентация барысында Нью-Йорктің «Metropolitan Classics» («Метрополитан Классикс») баспасынан ағылшын тілінде жарық көрген ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың таңдамалысы мен талантты жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесі көпшілікке таныстырылды. Мұқағали ақынның кітабын ағылшын тілінде сөйлетуге құрамында америкалық ақын Марина Карцева (Марина Влади), қазақ әдебиетшілері Қайрат Бақбергенов, Қайсар Жорабеков, Елена Михеева, Меруерт Тілеубаева, Ғұсман Төлеғұлұлы, Амантай Өтегенов бар аудармашылар тобы жұмыс жасады. Алғы сөзін жазған талантты ақын – Ұлықбек Есдәулетов. Ал Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесін американдық аудармашы Кэтрин Фитцпатрик аударды.
Аталған шығармаларды ағылшын тілінде сөйлету - Халықаралық қазақ ПЕН клубының президенті Бигелді Ғабдуллин мен АҚШ-тағы белгілі баспагер Владимир Карцевтің табанды еңбегінің жемісі.
Сонымен қатар аталмыш жобаның жүзеге асырылуына «ҚазМұнайГаз» компаниясының қаржылық қолдауы үлкен демеу болғанын атап өту керек.
Алматы облысының әкімі Амандық Баталов жиынды қорытындылай келе осы еселі еңбектің атқарылуына атсалысқан барша шығармашылық топқа алғыс айып, қонақтарға сый-сияпат жасады. Тағы бір атап өтерлігі, облыс басшысы Талдықорған қаласындағы «Жастар» демалыс саябағында жасалатын сквер ішіне Мұқағали Мақатаевтың ескерткіші қойылып, бұл жер Мұқағали оқулары өтетін орынға айналатынын айтты.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.