Қазақтың маңдайына біткен дара тұлғалы ақыны Мұқағали Мақатаевтың туған күнін атап өтушілердің қатары жылдан-жылға артып келеді. Мұны биыл да байқадық.
Бұл есеп үшін ғана керек шаралар емес-ті. Мұқағали Мақатаевқа деген құрметтің құдіреті екендігі айдан анық. Оның ай маңдай жыр шумақтары қай қазақ баласын да иіріміне тартпай қоймайды. Оның поэзиясына ықыласы ауғандардың төменгі сынып оқушылары қатарынан табылуының өзі – ақынның саф алмастай өлеңдерін бір елдің мұрасындай қалдыра білгендігінің белгісі. Бір айта кетерлігі, ақиық ақынның жырлары қазақ поэзиясына, қазақ тiлiнiң лексикалық қазынасының баюына, тіпті оның одан әрi дамуына үлкен септігін тигізбей қоймайды.
Ақынның дүниелерін оқу-әдістемелік құрал ретінде пайдаланып жүрген көп мектептің ішінде айрықша атап өтуге тұрарлығы – Алматы қаласындағы №175 мектеп-гимназия. Ақынның туған күнін атап өтуді үрдіске айналдырған бұл мектеп биыл да ерекшеленіп қалды. «Шыңға біткен шынар жырдың иесі» атты кеш әдеттегіден өзгеше өтті. Кешке Мұқағали Мақатаевтың досы Оразақын Асқар қатысты. Оның қаламгер досы жайында айтқан жарқын естеліктері кешке қатысушыларды еліте түсіп, бір сәтке болса да Мұқағалидің әлеміне сапарлатып қайтқандай болды. Кеш қызықты өтті. Бір-екі ауыз сөзбен айтсақ, ақынның өлеңдері оқылып, поэмаларынан қойылымдар қойылды. Әндері де шырқалып, оқушылардың ақынға арналған тырнақалды өлеңдерінің тұсауы кесілді. Қазақ тілі тереңдетіліп оқытылатын 5 «ә» сынып оқушылары Д.Шайзахов, Г.Қуандықова, Н.Серік, А.Серік, А.Мұртазалардың кеште белсенділік танытулары олардың қайталанбас ақын М.Мақатаевтың өнеріне табынатындықтарын байқатып қалды. Осы кешті ұйымдастырып, әсерлі өтуіне ұйытқы болған аталған мектептің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының жетекшісі Гауһар Шыңғыс: «Мұқағали Мақатаевтың туындылары – қазақ тілі мен әдебиетін терең меңгергісі келген жанға таптырмайтын құрал, бай азық. Оның жазғандарын оқушыларға тек ақынның туған күнінде ғана емес, ұдайы дәріптеп жүрсек, ұтарымыз көп», – дейді.
Мұқағали әлеміне саяхат
Последние статьи автора