«Мен қалай пайда болдым?», «Су қалай ағып жатыр?»
Бала тәрбиесі деген ұғына білгенге жай ғана еңбектеген шақалақтан, жүретін, сөйлейтін, тамақ жейтін пендені өсіріп шығару емес, кәдімгідей ойлай алатын, басқалардың жай-күйін де сезіне білетін, адамгершілік қасиеттерді толық сіңірген саналы азаматты қалыптастыру екен. Ол жайлы Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Әкенің баласына берер ең үлкен сыйы – дұрыс тәрбие» деген. Сондай-ақ осы ретте Аллаһтың Елшісі ата-ананың баласының алдындағы міндеттеріне оған жақсы ат қоюды және қыз болса текті жердің жігітіне ұзатуды, ал ұл болса, иманды келін алып беруді айтады. Өйткені бала – ата-анасына Алланың берген аманаты. Қиямет қайымда әрбір адамның іс-әрекеті Амал Таразысына салынар шақта, алдымен оны дүниеге әкеліп, өсіріп-баққан әке-шешесі сұрауға алынады екен. Олай болса, бүгінгідей ғылым мен техникасы қарыштап дамып, ақпарат сәт сайын алмасып отырған заманда біз балаларымызды қандай рухта тәрбиелеп жүрміз?
Айша Кеңесбаева, «Асыл арнаның» тілшісі;
– Бала өзінің сұрақтарына үлкендердің құлақ асып, тәптіштеп түсіндіріп бергенін қалайды. Осы ретте менің бір байқағаным, қазіргі кезде бала көп жайдың жапсарын теледидардан іздейді екен. Әсіресе, баланың ең үлкен ұстазы – мультфильм. Ал сол «ұстазы» балаға қандай тәлім-тәрбие беріп жатыр? Біз баламызды теледидар алдында отырғызыппыз да, қалғанын ұмытып жүре беріппіз, сөйтсек, барлық қауіптің көкесі сол экран арқылы сәби санасына сіңіп жатыр екен ғой. Мәселен, елімізде тіпті қазақшасы да судай евангелистік рухтағы мультфильмдер қаптап көрсетіледі. Ал Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз туралы мультфильмінің түсірілгені жайлы естігеніміз болмаса, көргеніміз жоқ. Ол өзі аяқталды ма, неге енді көрсетпей жатыр? – Біз «Асыл арнада» шамамыз келгенше, балаларға Ислам елдерінде жасалған имани негіздегі мультфильмдерді аударып беріп жүрміз. Олардың тақырыптары жан-жануарлар, олардың өзара достығы және көбіне Пайғамбарларға көктен түскен уаһилар жайлы.
«Ұлды ұлша тәрбиелесең – ұл болады, құлша тәрбиелесең – құл болады» деген атам қазақ. Қазіргі қазақ балаларынан кім болғысы келетінін сұрасаңыз, көбі ойланбастан «супермен», «бэтман», «спайдермен» деп жауап береді. «Мэндердің» бәрі – батыстық мультфильм кейіпкерлері екені айтса да түсінікті. Демек, бұл кейіпкерлер баланың арман әлемінің кілтін тапқан. Қулықпен болса да, «ерлікпен» болса да. Байқамасақ, «балаларға арналған мультфильм» деген шекпен жамылған туындылардың астарында атеистік идея бұғып жататын көрінеді. Ислам ғалымдары «Том мен Джерри» мультфильмі бақилық өмір жайлы, Жұмақ пен Тозақ және Ақырет күні жайлы дұрыс емес ақпар береді», – дейді. Сондай-ақ Пайғамбарлар, әсіресе, Аллаһтың Елшісі Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с) жайлы, оны мазақ қылмақ пиғылдағы жалған оқиғалар жататынын айтады. Тіпті баланы пұтқа табынуға жетелейтін де мультфильмдер бар көрінеді. Христиандар мен католиктер бұл жағынан ертерек қамданып, балаларына түрлі-түсті кітапшалармен қатар, Исаны дәріптейтін анимациялық дүниелерді жасап үлгерген. Осыларды көріп, көңіл таразысына салған Ислам ғалымдары адамзатты бесігінен ізгілікке, ар-ұят пен адамгершілікті ту етуге үндейтін таза ислами мультфильмдер шығаратын компания құру керектігін айтып отыр. Бір біз емес, күллі әлем мұсылмандары балаларының ертеңі үшін алаңдаулы, олар ашық соғыстан емес, сананы жаулап алуды көздейтін ақпараттық соғыстан қорқады.