Ертең Алматыдағы Мемлекеттік орталық мұражайда «Ғасыр әуені» атты көрме ашылады. Бұл – қазақ кәсіби музыка өнерінің негізін қалаушылардың бірі, көрнекті композитор, КСРО халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері Мұқан Төлебаевтың 100 жылдығына арналған көрме.
Көрмеге М.Төлебаевтың өмірі туралы кітаптар, фотоматериалдар, құжаттар және өзіне тиесілі жеке заттар мен сыйлықтар, оның ішінде, Сталин сыйлығы лауреатының белгісі қойылады. Көрменің құнды жәдігерлерінің бірі – оның роялі. Мұнда сазгер шығармаларымен қатар, оның анасы – Тәжібаланың өмірден ерте озған дарынды баласын жоқтап жазған «Ана зары», «Толғау» атты қолжазбаларының түпнұсқасын да тамашалауға болады. Көрменің ашылуына көрнекті тұлғаның жұбайы Дариға Ғазизқызы Төлебаева мен композитор шығармашылығын зерттеуші ғалымдар келеді. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенттері өнер көрсетеді. Мұқан Төлебаев 1913 жылдың 13 наурызында сол кездегі Талдықорған облысы Бөрлітөбе ауданының Қарашаған ауылында дүниеге келген. Ол 1938-1941 жылдары Мәскеу консерваториясы жанындағы Қазақ студиясында оқыды. Ұлы Отан соғысына қатысып, консерваторияны 1951 жылы бітіреді. М.Төлебаев спектакльдер мен кинофильмдерге арналған музыкалық еңбектер, кантаталар, опералар, камералық-аспаптық туындылар мен хорға арналған симфониялық шығармалар жазды. Ұлттық операмыздың ең үздік туындысы – «Біржан – Сараны» да Мұқан Төлебаев жазды.