Көрмеде – тарихи кітаптар
Кеше Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында арнайы кітап көрмесі есігін ашты.
Аталған шара барысында ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институты ғалымдарының 10-нан астам ғылыми еңбектерінің тұсауы кесілді. Жаңа еңбектердің қатарында «Қазақ хандығы тарихы: құрылуы, өрлеуі, құлдырауы», «Новейшая история Казахстана: Кризис и распад советской системы. І том», «Новейшая история Казахстана: Выход из кризиса. ІІ том», «Новейшая история Казахстана: Устойчивый Казахстан. ІІІ том», «Независимый Казахстан и Лидер нации», «Ключи к успеху: Казахстан и мир в преодолении кризиса (2007-2010 годы)», «Современная история Казахстана (2010-2011 гг.): Хрестоматия. ІІ том», «Тәуелсіз Қазақстан мәдениеті: жылнама құжаттары», «Тәуелсіз Қазақстан тарихын зерттеудің өзекті мәселелері. Оқиғалар хроникасы» атты құжаттық-сараптамалық жинақтары бар. Ұлтымыздың арғы-бергі тарихынан сыр шерткен бұл кітаптарда Қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы мен дамуының негізгі кезеңдері, Қазақстандағы қазіргі қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және әлеуметтік-мәдени үрдістер баяндалған.
Қос қаламгердің Тәуелсіздікке тартуы
Бүгін Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде екі бірдей қаламгердің жаңа кітаптарының таныстырылымы өтеді.
Алматы облысы әкімшілігі мен Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен жүзеге асырылмақ шара барысында қазақтың көрнекті қаламгері, қоғам және мемлекет қайраткері Балғабек Қыдырбекұлының екі кітаптан тұратын «Алатау» атты романы мен көрнекті ақын, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты, «Парасат» орденінің иегері Несіпбек Айтұлының «Наурызбай батыр» атты дастанының тұсауы кесіледі. «Тәуелсіздік сабақтары» деген тақырыпқа негізделген бұл шараның соңы әдеби-поэтикалық кешке ұласпақ. Тұсаукесер рәсімінің басталуы сағат 11.00-де. Бұл кітаптар екі қаламгердің Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына тартуы ретінде шығарылып отыр.
«Жұлдызды есімдерді» білесіз бе?
Алматыдағы Орталық көрме залында ертең «Жұлдызды есімдер» деп аталатын Орталық Азиядағы қолданбалы өнер көрмесі өз жұмысын бастады.
Осынау ерекше көрмеде жұрт назарына жеке коллекцияларда жиналған сирек туындылар ұсынылуда. Олардың арасында Әбілхан Қастеев, Сергей Калмыков, Евгений Сидоркин, Андрей Дячкин, Салихэтдин Айтбаевтың және өзбекстандық суретші-модернист Михаил Авинина, Виктор Уфимцев, Владимир Рождественский, Михаил Курзиннің туындылары бар. Сондай-ақ Қазақстанда сирек кездесетін Леонид Брюммер, Виктор Шутенков, Валенина Кузнецова, Валентин Антощенко-Оленевтің де картиналары қойылған.
Қазкоммерцбанктің қолдауымен ұйымдастырылып отырған бұл көрменің ашылу салтанатына кескіндеме әуесқойлары, коллекционерлер қатысты. Көрме барысында атақты Өнер шеберлерінің картиналары саудаға шығарылып, одан түскен қаржының бір бөлігі Әбілхан Қастеев атындағы өнер мұражайының жанындағы балалардың көркемсурет мектебіне аударылмақ.
Жас ғалымдар бас қосты
Кеше Павлодарда жас техниктердің республикалық форумы басталды.
Жас ғалымдар бас қосқан бұл шараға еліміздің барлық аймақтарынан келген жоғары сыныптың 150 оқушысы, техникалық мектептер мен үйірмелердің жетекшілері, ТМД елдерінен келген белгілі өнертапқыштар қатысуда.
Шараға мұрындық болғандар – Республикалық қосымша білім беру оқыту-әдістемелік орталығы, ҚР Білім және ғылым министрлігі және Павлодар облысының әкімдігі. Форум бағдарламасы бойынша техникалық шығармашылықтың көрмесі өтіп, балалар жұмыстарын қорғайды, белгілі ғалымдармен кездесу және шеберлік сыныптары ұйымдастырылады. Алдағы уақытта шараға қатысқан үздік жас ғалымдардың еңбектері арнайы ғылыми жинаққа топтастырылмақ.
Алдар Көсе – арамызда
Бүгін Алматыдағы Silk Way City сауда орталығында (Төле би – Наурызбай батыр көшесінің қиылысында) «Алдар Көсенің басынан кешкен қызықты хикаялары» атты қазақстандық толықметражды жаңа көркем фильмнің тұсаукесері және кинофильмнің режиссері мен актерлерінің қатысуымен баспасөз мәжілісі өтеді.
Фильм сценарииі бойынша Алдар Көсе біздің заманымызға түсіп қалады. Алайда бұл тұста өте оғаш жағдай туындайды: кедей-кепшікке үнемі көмектесіп жүретін қайырымды әрі елгезек Алдар Көсе заманның өзгергенін – өзгенің жақсылығы үшін емес, керісінше, өз пайдасы үшін, бірақ қалғандарға зиян келтіре отырып, біреуді алдау мәртебеге айналғанын көреді. Алдардың өзін де алдап, оның ескіден сақтап келе жатқан білезігін ұрлап кетеді. Ал осы білезіксіз Алдар өз заманына қайтып орала алмайды. Қайткенде де білезікті қайтарып, суайттарды жазалау қажет. Бұл істе Алдарға оның достары мен махаббаты – ХХІ ғасырдың қызы көмекке келеді. Фильмнің премьералық көрсетілімі сағат 17.00-де басталады. Жаңа туындының режиссері – Бегайдар Шалдарбеков, басты рөлде – Бақытжан Әлпейісов.
Тәуелсіздік құрдастарының сыйы
Бүгін елордадағы ҚР Президенттік мәдениет орталығында Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы студенттерінің «Тәуелсіздіктің құрдастары» атты көрмесі ашылады.
Бұл көрмеде академияның жас суретші-студенттерінің 90-нан астам қайталанбас туындылары ұсынылады. Шараның басты ерекшелігі – ондағы туындылардың авторлары — Тәуелсіздіктің құрдастары саналатын 20 жастағы талантты студент жастар. Көрме экспозициясына әртүрлі тақырып пен жанрды қамтыған: сурет, мүсін өнері, темірден, ағаштан, күмістен, былғарыдан, қыштан және басқа да материалдардан жасалған декоративті-қолданбалы туындылар кіреді. Бұл жұмыстардың авторлары, яғни академия студенттері өздерінің шығармашылығы мен таланты арқылы еліміздің егемендігінің нығаюына өз үлестерін қосып отыр. Көрме апта бойы жүргізіледі.