«Ақбілекпен» танысамыз
Еліміздің Мәдениет министрлігі мен Ұлттық академиялық кітапхана бірлесіп жүзеге асырып келе жатқан «Бір ел – бір кітап» акциясы биыл да заңды жалғасын тауып отыр.
Биылғы шара аясында ел болып оқитын шығарма ретінде қазақ жазушысы Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романы таңдалып алынған болатын. Осы орайда ақын Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми‑әмбебап кітапханасының ұйымдастыруымен М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Қазақ прозасы және ұлттық идея» атты дөңгелек үстел отырысы өтті. Басқосуда университеттің оқытушы ғалымдарының аталған шығарма төңірегінде жасаған баяндамалары тыңдалып, талқыға салынды. Бұдан соң жиналған қауым жазушы шығармашылығы мен өміріне арналған виртуалды көрмені тамашалады. Мұндай шаралар енді мектептер мен кәсіптік училищелерде жалғасын таппақ. Ал Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілегімен» толық танысқысы келген оқырман романның электрондық көшірмесін www.kazneb.kz сайтынан оқи алады.
Математикке арналған марка
Қыркүйек айының ортасынан бастап елімізде ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, академик, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Орынбек Жәутіковтің туғанына
100 жыл толуына арналған пошта маркасы айналымға шығарылды.
Арнайы маркада ғалымның портреті бейнеленген. Оның авторы – белгілі суретші Николай Соколов. Марканың жалпы таралымы – 30 мың дана, көлемі – 28х30 мм. Марка «Беларусь баспа үйі» баспаханасында басылған.
Жәутіков Орынбек Ахметбекұлы (1911-1989) – Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының Қызыларай ауылында туған. 1934 жылы Қазақ педагогикалық институтының физика-математика факультетін үздік бітіріп, Ленинград мемлекеттік университетінің аспирантурасын тамамдаған.
Бүгінде еліміздегі Республикалық физика-математика мектебі Орынбек Жәутіковтің есімімен аталады.
Ерлікке тағзым
Таяуда Қазақстанның Ресейдегі елшілігі Мәскеу қаласының Братеево ауданы муниципалитетімен бірлесіп, Панфилов дивизиясының Мәскеу түбіндегі ерлігінің 70 жылдығына арналған мерекелік шара ұйымдастырды.
Бұл шара панфиловшыбатырлардың құрметіне аталған Алматы көшесінің маңында Братеева ауданында өткізілді. Осыған байланысты «Жасыл қырат» саябағында эстрада жұлдыздарының арнайы концерттік бағдарламасы өтті.
Шараға Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі Зауытбек Тұрысбеков, Мәскеу қаласы мэриясының өкілдері, Мәскеу қаласының Оңтүстік әкімшілік округінің басшылығы, Братеева ауданы муниципалитеті мен басқармасының басшылары, ардагерлер, жастар-патриоттық және басқа да қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Көрмеде – түркі әлемі
Бүгін Қазақстан Республикасы Президенттік мәдениет орталығында Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының Астанада өтетін кезекті отырысының аясында түркітілдес мемлекеттер суретшілерінің бейнелеу өнерінің үлкен көрмесі өтеді.
Көрменің экспозициясы Қазақстан, Әзірбайжан және Түркия суретшілерінің 40 картиналары және 40 фотосуреттерінен жинақталған. Көрмеде ұсынылатын туындылар түркі халықтарының бай мәдениеті мен дәстүрін бейнелейді. Аталған көрме өнер саласындағы ынтымақтастықты кеңейту ісіндегі басты қадам және түркі әлемінің ерекше алуан түрлі және бай дәстүрінің көрнекті үлгісі болары анық.
Көрменің ашылу салтанатына ұйымның Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Түркия мен Әзірбайжанның Мәдениет министрлері, Астанада аккредитацияланған дипломатиялық өкілдіктердің өкілдері, сонымен қатар, қала тұрғындары мен қонақтары шақырылып отыр.
Украиндар бір жасап қалды
Астанадағы «Жастар» сарайында «Украина менің жүрегімде» атты украин халықтық шығармашылығының I халықаралық фестивалі өтті.
Бұл Қазақстанда өткізілген Украина мәдениетінің алғашқы халықаралық фестивалі болып отыр. Үздік өнерпаздар жиналған шарада украин ұлтының өкілдері төл мәдениетін барынша жан-жақты көрсетуге мүмкіндіктер алды.
Фестивальға Қазақстанның барлық өңірлерінен және Украина мен Ресей елдерінен 400-ден астам қатысушы жиналды. Соның ішінде шараға Украинаның Халық әртістері Владимир Болдырев пен Олег Дзюба, украиналық «Некси» тобы, халықтық «Альтаир» би ансамблі (Ақтау), «Мираж» би ұжымы (Ақмола облысы), «Оксана» халықтық ансамблі (Ақтөбе), «Хуторянка» вокал ансамблі (Атырау) өз өнерлерін паш етті. Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.