Бізде 18 министрлік, 10 бірдей агенттік бар екен. Демек, жергілікті (облыстық) мемлекеттік органдарды қоспағанда, орталық мемлекеттік ведомстволардың 28 веб-сайты бар деген сөз. Ішкі істер министрлігі, Денсаулық министрлігі, Мәдениет министрлігі, Туризм және спорт министрлігі, тағысын тағы, кете береді. Барлық мемлекеттік органдардың жарлықпен бекітілген қазақша атаулары бар. Бірақ бір қызығы (әлде шыжығы), осы мемлекеттік органдардың барлығы дерлік ресми веб-сайттарының атауына сол министрліктің немесе агенттіктің орысша атауының қысқарған түрін алған.
Қараңыз, Ішкі істер министрлігінің веб-сайты – www.mvd.kz, Денсаулық сақтау министрлігі – www.mz.gov.kz. Тіпті Мәдениет министрлігінің өзі «Министерство культуры» қысқартылып, www.mk.gov.kz болып кетіпті. Веб-сайттың атауын жазар кезде қандай қағида басшылыққа алынғаны түсініксіз. Мемлекет – Қазақстан Республикасы, мемлекеттік тілі – қазақ. Мемлекеттік органның Елбасы жарлығымен бекітілген ресми қазақша атауы бар. Сөйте тұра, мемлекеттік органның интернеттегі веб-сайтына оның орысша атауы негіз (?) етіп алынады. Басқа-басқа, дәл осы үш министрліктің атауын латын әріптерімен қазақша жазуға болар еді. Сірә, түкке тұрғысыз, ұсақ нәрсе санаған болуы керек.
Бұл уәжімізді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінен басқа мемлекеттік органдарға қатысты да айтуға болады. Өйткені аталған екі органның ғана веб-сайттарының атаулары www.enbek.gov.kz және www.kyzmet.kz болып тіркелген. Рас, бұлардың қатарына басқалай атау мүмкін емес Статистика агенттігін (www.stat.kz ) де жатқызуға болар. Ал қалғандарына не жорық? Жарайды, ҚР Сыртқы істер министрлігінің www.mfa.kz, яғни Ministry of Foreign Affairs дегенді қысқартып алуын түсінуге болар, ал Қорғаныс министрлігі (www.mod.gov.kz) мен Төтенше жағдайлар министрлігі (www.emer.kz) неліктен ағылшыншаға жүгінгені түсініксіз.
P.S.
Сөз соңында мемлекеттік орган веб-сайттарының қайсысы бірінші қазақша ашылатыны, қайсысында алдымен тіл таңдауы тұратынын және қай сайттың қазақша нұсқасы тиісті материалдармен уақытында толтырылмай, екі-үш ай бұрынғы ескі ақпаратпен тұрғанын да теріп жазуға болар еді. Өйткені бұл да ұсақ-түйек болғанымен, мемлекетке, мемлекеттік тілге деген көзқарастың бір айғағы. Бірақ ол арасын екшеуді оқырманның өзіне қалдырдық. Интернетке «доступ» болса, қарап көріңіз.