Мінезсіз өнердің өзіндік үні болмайды
Мамырдың 23-і күні сағат 19.00-де Алматыда, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында «Періште емес, пендеміз... » деген атпен белгілі айтыскер ақын Ақмарал Леубаеваның шығармашылық кеші өткелі отыр. Сол қарбалас дайындықтан шығармашылық кеш иесін бір сәт бөліп әкетіп, сөзге тартқан едік:
– Өлермен өнер – айтыс сахнасында жүрген 20 жыл уақыт Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейлі мерекесімен тұспа-тұс келіп отыр. Ә дегенде Алматыдағы ең алғаш аяқ басқан, 1991 жылы Мұқағали ақынның 60 жылдығына арналған айтыста бас бәйгені алдым. Әділқазылар төрайымы – Фариза Оңғарсынова апамыз. Мэлспен бетпе-бет келдім. Адайлардың ауылына аттандаған ұқсаймын, сонда бір ақын ағамыз Фариза апайға келіп, «байғұс көнеді, бетпақ жеңеді болмасын, мына қызға айтсаңызшы» десе керек. Бұзықтығым болған шығар, бірақ өлең көтеріп тұр ғой мені. Фариза апай болса бір жапырақ қағазға «Қаймықпа, қызым, өлең сенімен бірге» деп жазып жіберіпті. Сол қағазды жоғалып қалмасын деп, ширатып-ширатып домбырамның шанағына салып жібердім. Бертінге дейін сонда жүрді. Дәл осы айтысқа бүгінгі Парламенттің төрінде отырған, қазір ел-жұртқа әділ ой-пікірін айтып жүрген депутат Бекболат Тілеухан да қатысқан.
– Әнші ретінде болар?
– Жоқ, айтыскер ретінде. Ол айтысқа Елена Әбдіхалықова, қазіргі «Асыл арнаның» басшысы Мұхаметжан Тазабеков, Мэлс Қосымбаевтар қатысқан. Бәріміздің тұсауымыз осынау ақиық ақын Мұқағалидың мерейтойына арналған айтыста кесіліп еді. Шығармашылық кешімді де сол сәтке шегініс жасаудан, яғни:
Жиырма жыл болды қазаққа
Тәуелсіз таңы атқалы,
Жиырма жыл болды
осы өнер басыма бақ боп қонғалы, – деп бастағалы отырмын. Қазақ үшін Тәуелсіздіктен асқан той бар ма, сол тойдың бір бұрышында болса да айтыс өнерінің жалауы желбіреп тұрса екен деген оймен осы кешті ұйымдастыруды жөн көрдім.
– Кейінгі кездері айтыстан көрінбей кеттіңіз. Ел «Ақмарал көп жылтыңдап шыға бермейді, шықты ма, бас жүлде – қанжығасында» дейді. Сондай бір оңтайлы деген сәтті күтіп жүрсіз бе? Әлде өзіңізге тең келер қарсылас қалмады деген ой бар ма?
– Шынымды айтсам, «қашан бас бәйгені аламын?» деп күтіп отырғаным жоқ. Анам марқұм айтатын, «күлшесі артық туған балам едің» деп. Тірлігіңді Құдай өзі оңғарады дегені ғой. Шақырған жерден қалмаймын, өйткені өлең маған Алладан келген аманат. Сол аманатты адалдап, қазақ деген жұртыма беруге тырысамын. «Айтысқа соңғы кездері шықпай кетті» дегендерге айтарым, бір жағы бұл аралықта менің ғылымға ден қойып, диссертация қорғауым да әсер еткен шығар. Бәлкім, біреулер «бүгінгі жастардың біреуі бірдеңе деп қала ма деп тартынатын шығар» деп ойлауы мүмкін. Айтыс жасқа, сондай-ақ жынысқа да қарамайды. Бірақ уәжге тоқтайтын ұл мен қыз болса. Қазір егер айтысқа шықсам да, баламмен жасты баламен бет жыртысып, соны жеңу үшін шықпаймын. Бұған дейінгі айтқаныма жаңа ой, тың ізденіс қосу.
– Осы 20 жыл ішінде неше жерде жеңіске жетіп, қанша жерде «қап, әттеген-ай!» дегеніңіз есіңізде бар ма?
– Сіз қайта сыпайылап қойдыңыз ғой, әйтпесе көбіне осы сұрақты «қанша машина алдың?» деп тарс еткізетін. Бұған бір жауап айтамын: қазақ қорадағы малы мен үйдегі жанын санамайды ғой. Өткенімнің есебі өзіме аян, алар асуым әлі алда, Алла қаласа. Мен үшін бәйгенің ең үлкені – ел-жұрттың алдындағы абыройым.
– Еңсеңізді түсіріп, қиянат келіп килігіп, қарсыласыңыз мықты болмаса да, сізді соның алдында жығып берген кездер болды ма?
– Айтыс деген атының өзі айтып тұр ғой – бірде жеңсең, бірде жеңілесің. Мен жүрегімде қандай да бір ренішті, өкпені сақтамауға тырысамын. «Мынау мені бір жерде сүріндіріп еді, мынау мені Шымкент деп шеттетіп еді» деп кек сақтау менде мүлдем жоқ. Өтті, кетті. Сол жерде қатып қалып не болмаса сол нәрсеге қайта орала беруден ешқандай пайда жоқ, қайта зиян болмаса. Арқама бұрылсам да, айналып алып қайта алға жүретін адаммын.
– «Періште емес, пендеміз...», шығармашылық кешті осылай атау сырыңыз неде?
– Мен сізге қарсы сұрақ қояйын: осы жолды оқығанда сізге қандай ой келді бірінші?
– Кім де болса пенделігін мойындап, адуындап тұрған жерінен айылын жия қоятын секілді...
– Ал енді қараңыз, 4-5 мың адамның алдына шығамыз. Қаумалаған халқың сені періштедей көріп, алақанына салып аялайды да, кейде сенің де пенде екендігіңді ұмытып кетеді. Көрермен де пенде, біздің де сол көрерменнен айырмамыз жоқ, пендеміз. Ал енді бізді елдің алдына шығарып, еңсемізді биіктетіп, періштедей қылып тұрған – өнер. Бесікте ана баласын әлдилейді, мектепте ұстаз шәкіртті тәрбиелейді, сол періштені пендеге айналдыратын да өмір ғой. Қазір біздің ұлттық идеологиямыздың бір бағаны сияқты болып тұр ғой осы өнер. Жапонияда, мәселен, екіқабат әйелдің белдемшесіне жапон музыкасын қойып қояды екен. Сол арқылы іштегі бала бойға біткен күннен туылғанша тоғыз ай бойына жапонның музыкасын тыңдап өседі. Қазақ екенімізді әлемге мойындататын ән, өнер, қасиетті қара домбыра, қобыз ғой. Осы қара домбыраны өлтірмей, қара сөздің, ұтқыр ойдың қуатын сездіріп тұрған – әсіресе айтыс өнері. Қазақтан басқа ешбір халықта мұндай өнер жоқ.
– Ел төбесіне хан көтере сыйлайтын мықты ақын ретінде өзін мойындату үшін айтыскерге не керек, мінез бе? Қара қылды қақ жаратын, басы кесілетін болса да шындықты айтуға екінің бірінің ерлігі жете бермейді ғой. Болмаса бармақтай ғана бақ шеше ме бәрін?
– Тек айтыскерге, ақынға ғана емес, жалпы, өнер адамына мінез керек. Мінезсіздің міні болмайтын шығар, бірақ сол мінсіз өнердің өзіндік үні де болмайды.