«Қазақ қашаннан бері мұсылман болды, елімізге Исламның енуінен бастап күні бүгінге дейін қай кезеңде, қай жерде, қандай мешіт пен медреселер ашылды» деген сұраққа біз осы уақытқа дейін толыққанды жауап таба алмайтынбыз. Қасиетті Рамазан айында руханиятымызға үлкен үлес қосатын ерекше еңбек жарық көрді. «Қазақстанның мешіттері мен медреселері» деп аталатын бұл еңбектің авторы –Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі.
Бұл – сонау Ислам діні елімізге ене бастаған ІХ ғасырдан бергі салынған ғибадатханалар мен қазақ сахарасына исламды жеткізген ғұламалар жайлы нақты деректерге сүйеніп жазылған тұңғыш еңбек. Кеңестік кезеңде қазақты «қазан төңкерісіне дейін сауатсыз болды» деп кемсітіп келгені жасырын емес. Ал аталған еңбектегі бағзы замандардарда халыққа қызмет етіп, бүгінде іргетасы шөгіп, тіпті белгілі бөлігі ғана тарихи жәдігерлік ретінде сақталған діни орындарға дейін фотосуретімен, тарихымен берілген. Міне бұл – қазақтың бағзы замандардан бері дінді ұстанып, ілім-білім иесі болғандығын айғақтайтын дәлел. Дін бізден гөрі бұрынырақ еніп, ілгері дамыды деген татар, өзбек, әзірбайжан халықтарында да мұндай сипаттағы еңбек әлі жазылмаған. Демек, Әбсаттар қажы – Орталық Азия бойынша бұл салаға тұңғыш қалам тербеуші.
Оңғар қажы Өмірбек, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы:
– Әр қазақтың төрінде домбыра ілулі тұруы керектігі сынды, дінді білсем деген әрбір мұсылманның үйінде Құранмен қатар осы кітап тұруы керек. Бұл еңбектің басты мақсаты – қазақ даласындағы мешіттер мен медреселердің тарихын зерттеу арқылы өзге елдерге ұлтымыздың діни ілімінің тереңде жатқанын дәлелдеу. Осы жолда Бас мүфти Сауд Арабиясына, Пәкістан, Иран, Түркия, Марокко, Тунис секілді көптеген елдердің кітапхана, мұрағаттарында отырып, көп зерттеген. Бір сөзбен айтқанда, бүкіл институттың атқаратын жұмысын ғалымның бір өзі атқарды деуге тұрарлық.
«Аруна» баспасынан жарық көрген кітап үш бөлімнен тұрады: бірінші бөлім мешіттер тарихы жайында болса, екіншісі – медреселер, ал үшінші бөлімде қазақ жеріне Ислам дінінің таралуына қызмет еткен діни ғұламалар өмірі жайында баяндалады. Заман талабына сәйкес кітап қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған. Бұл өз кезегінде еліміздегі Ислам дінін қабылдап жатқан өзге ұлт өкілдері үшін де жақсы жаңалық.
Кітап үш томдықтың алғашқысы, қалған екі томы алдағы уақыттарда жарық көреді деп жоспарлануда. Бір «әттеген-айы» — таралымның тым аздығы. Үш мың данамен шыққан кітап еліміздегі ресми тіркелген 2336 мешітке бір-біреуден таратқаннан артылмайды екен.