М.Әуезов атындағы академиялық драма театры маусым жабылар тұста көрерменге жаңа қойылым тарту етті. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы-драматург Иранбек Оразбаевтың «Мен ішпеген у бар ма?» спектаклі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрмет орденінің иегері, профессор Оразхан Кенебаевтың режиссерлігімен жұрт назарына ұсынылды.
Тарихи оқиғаға көркемдік көзқарас тұрғысынан келген қойылым авторларының өзіндік ізденістері байқалады. Баласын жайдақ суға теңейтін әке ұстанымы мен әділеттілікке ұмтылған жаңа буын таласынан өрбитін туынды бүгінгінің көзі ашық, көкірегі ұйқыдағы шендісі мен жаңалыққа ұмтылған жасампаз жасын көрсетуді мақсат тұтқандай. Абайға қатысты тарих, Әуезовтің ұсынуындағы Абайдың көркем бейнесі қай кезеңнің оқырманына болса да ұлы тұлғаны абсолюттік мінсіз кейіпкер образына енгізді. Бірақ жаңа қойылымды тамашалау барысында біз білетін биік Абай ол үдеден аласара береді. «Не Оразбай, Күнтумен бірге боласың, не менің теріс батамды аласың» деген Құнанбай шарты мен дегеніне көндіре алмай, алақанын теріс айналдыратын әке батасы да спектакль басынан-ақ Абайды оп-оңай зарлы да шерлі кейіпке енгізіп жіберді. Көп көңіліне күрескерлігімен жақын әділетті образ осылайша «ә» дегеннен-ақ шарасыз, күйгелек кейіпке енді. Абайға қатысты тарих оның әкесі екеуінің бір-бірін көрместей болып кектесіп кетпегенін көрсетеді. «Қарғайын десем жалғызым, қарғамайын десем...» деп отыратын қазақ әр батаның салмағын сезінетін халық. Қойылымдағы әкенің теріс батасын, бәлкім, шығарма авторлары «ескі мен жаңа заман тартысын әке мен бала тартысы арқылы суреттедім» дейтін Мұхтар Әуезовтің түсіндірмесімен ақтар. Бірақ бүгінгі көзқарастағы көрермен үшін Құнанбай мен Абайды тек саналар қақтығысы мысалында ғана емес, олардың адами қарым-қатынастары, ата мен бала сабақтастығы, аға буын мен ұрпақ үндестігі арқылы көру маңыздырақ еді.
Абайдың рөлін сомдаған актер Берік Айтжанов көрермен қауымға өзіндік ізденісімен танылып жүрген әртіс. Бірақ ол жаңа Абай бейнесін ашуда адуынды Құнанбай, Оразбай мен Кунтулардан кейінгі сатыға шегеріле береді. Тіпті әйелі Әйгерімнің де бейнесі қойылым барысында одан озық тұрғандай.
Режиссердің айтуынша, «тән мен жан – сананың, ақ пен қараның, ескі мен жаңаның бітіспес тартысы, әсіресе қазіргі алмағайып, жаһандық экономика, геосаяси мүдделер жағдайында аса өзекті болып отырған тартыс. Бүгінгі таңда нәпсісін тыйғанды – қор, нәпсісі билегенді – зор деген түсінік белең алып барады. Тарихта да ақылдыдан гөрі бай мен бағланның айтқаны болған. Бұл – қауіпті жағдай». Ұлы Абайға у ішкізген ел ішіндегі әділетсіздік, қараңғылық пен күндестіктен туатын озбырлықтар, әлдінің әлсізге жасайтын әлімжеттіктері қай кезеңде де күн тәртібінен түспей келе жатқан тақырып. Жұрт назарына «пейіліңді түзе, ниетіңді өзгерт» психологиясын ұсынғысы келетін қойылым осындай қоғам дертімен алысқан күрескердің қайраткер, қажырлы, дана бейнесін емес, шарасыз зарлы тұлғаның кейпін ұсынғандай.
Ортасынан озған ауқатты, аузы дуалы, жұртқа ықпалды қажы Құнанбайды бүгінгінің бейпілауыз байына сыншы, ақын, ұстаз, дана Абайды ел мүддесін ту ғып ұстар, қасына жұрт үйірсек кемеңгердің кейпінде емес, кектіден жәбір шеккен қорғансыздың бейнесінде көру – жас көрерменге қойылым жүгін ұғындырып, бүгінгінің мұндай олқылықтарынан сақтандыра алды деуге бола ма?
Тарихи шындыққа көркемдік көзқарас формасы Абай заманындағы жағымсыз Оразбай мен Күнтулар бейнесін жауыздықтың символындай етіп көрсетеді. Ал жұрт аузындағы кейбір дерек жазбалар Оразбайдың өзіндік азаматтық ұстанымы болғанын алдыға тартады. Мәселен, Абай қайтыс болғанда ағайындарының біреуі шауып келіп, «Абай өліпті!» – деп Оразбайдан сүйінші сұрапты. Сонда қатты ашуланған Оразбай әлгіні қамшымен осып-осып жіберіп: «Ол қазақтың сөзін сөйлеген Абай емес пе еді? Мен онымен сөз таластырсам, артымда атым қалсын дедім ғой. Қазақтың Абайы өлгенде несіне қуанасың? Шын қасірет қазаққа енді туған екен ғой» деп, 40 қара көк атты ақын қазасына бата есебінде байлаған деседі. Бұл форма тұрғысынан, қойылымдағы Оразбай мен Күнту бейнесі өздерін-өздері-ақ ақтап алады.
Біз үшін Абай – асқақ тұлға. Абайдың өлең болып өрілген уайымы, қара сөз болып төгілген қуаныш пен қайғысы келешектен күдер үзгізбейді.
Абайдың сенімі – болашақта. Шығарма авторы Иран-Ғайыптың пьесасындағы ізденіс пен жанның айғайы да осы болашақтың уайымы, болашақтың зары екенін сезінесіз. Абай арқалаған ауыр жүкті қалың көпке ұсынудағы авторлар ізденісінен біз олардың «Білімдіден шыққан сөз – талаптыға болсын кез», – дейтін Абай мұратын көрдік. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа қойылымның талғампаз көптің жүрегіне қозғау салатыны анық.
Тақырыпқа орай
Оразхан КЕНЕБАЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрмет орденінің иегері, профессор:
– Абай сахнаға көптік етпейді. Абай заманынан бері адам баласы туралы не өзгерді? Алсам, ішсем, жесем екен деген психология өзгерген жоқ. Содан бері тек киім ғана өзгерді. Психология сол күйінде қалды. Мен рухани бай адамдардың қоғамы туса деп ойлаймын. Абай – қазақтың ар-намысын, ұжданын жырлаған ақын. Сондықтан да Абайды еске алып қойсақ, артық емес. Ол бізді тазартады. Сонда ғана арсыздыққа бармаймыз. Қай басшы болмасын, бай адамды тыңдаған, ақылдыны тыңдамаған. Сол уақыт жеткен сияқты қазір. Нәпсісін тыйғанды - қор, нәпсі билегенді зор дейміз. Осыдан құтылу керек. Елді немесе ұжымды кім билеу керек дегенде, Құнанбай: Оразбай, Күнту сияқты бауырлармен ел биле, – дейді. Ал Абай білімді билеу керек екендігін ерекше атап айтады. Осыдан шыққан соғыс қой. Мен отыз үш жасымда Құнанбайдың рөлін ойнағанымда оның адвокаты болыппын, толысқан шағымда прокуроры да болғанды дұрыс көрдім.