Мен ештеңеден қорықпаймын!

Дастан ОРАЗБЕКОВ, «Сынақ» бағдарламасының жүргізушісі:

– Дастан, сіз «Ел арнада» тұ­сауы кесілген «Сынақ» бағ­дар­ла­масының тізгінін ұстаған екен­сіз, тележүргізуші болған қалай екен?
– Несін жасырайын, экранның бергі жағы­нан қарағанда қиын ештеңесі жоқ секіл­ді көрінетін, өзімнің көзім жеткені – теле­жүргізуші болу оңай емес екен. Қызы­ғы мен қиындығы қатар жүреді. Бірақ әр нәрсенің екі жағы болады ғой, сол секілді, жүргізуші болғанның жақсы жағы да бар. Себебі мұнда саған еркіндік беріледі. Өз ойыңды көрерменге қалай жеткізем десең де еркің. Бірақ сол еркіндікті дұрыс пай­да­лана білу қажет. Ол үшін қара сөздің жілігін шағып, майын ішпесең де, шешендік өнер­ден құралақан болмауың керек екен. Өкінішке қарай, мен сол мүмкіндікті толық пайдалана алмай жүргенімді де мойын­дай­мын. Үйренетінім көп екен. Бірақ ба­рым­­ды салып тырысып жатырмын. Өйткені теле­жүргізуші болу менің кішкентай ар­мандарымның бірі болатын.
– Сахнада мыңдаған көрерменнің ал­дында жүзбе-жүз тұрып ән салған қиын ба әлде көрінбейтін мил­лион­даған көрерменмен камера арқылы сыр­ласқан қиын ба?
– Менің сахнада жүргеніме 15 жылдай уақыт болды. Сондықтан, әрине, мен үшін залда, көз алдыңда отырған көрерменмен жұмыс жасау оңай. Бірақ камера да жат емес, әрине, киноға түскен аздаған тәжі­ри­бем бар. Камера сыртындағы мил­лион­даған көздерді сезініп жүрмін десем де болады.
– Сахнада күнде көріп жүрген әріп­тес­­теріңіз сынақ алаңына келгенде, сын сағатта өздерін қалай ұстап жа­тыр? Және өзіңіз сол ойыншылардың қа­тарында бол­ған­да, сіз не істер еді­ңіз?
– Мен осы алаңға келіп, оларды мүл­дем басқа қырынан танып жатырмын! Әдет­те, біз көбіне қуанышқа, тойға жиылып, арқа-жарқа болып жүреміз ғой. Ал «Сынақта» мен олардың қорқынышын көрдім. Олар өздерінің үрейін жеңе ал­маған сәттеріне куәгер болдым. Кейбірінің шындап қорыққанда қалай шыңғырғанын көріп, дауыстарының мықты екенін біліп алдым (күледі). Тіпті арасында маған «се­нен мұндайды күтпеп едік» деп қатты ренжігендері де болды. Бірақ мен оған еш ренжімеймін. Өйткені мен өзімді соған дайындап келген болатынмын. Кез келген адам қиын сәтте өзін қалай ұстарын біл­мейді. Әсіресе қорыққан кезде өзіңе ие болу қиын. Мүмкін, мен де осы ойынға қаты­сушы ретінде келсем, оқыс қылық көрсетіп жіберетін шығармын. Сондықтан бәріне сабырмен қарауға тырысып жүрмін. Құй сеніңіз, құй сенбеңіз, бірақ мен осы ойынға қатысатын болсам, бірінші болып шығып кететін шығармын. Себебі мен ештеңеден қорықпаймын. Ал қорықпаған, өз үрейімен күреспеген адам бұл бағ­дар­лама үшін қызық емес!
– Өмірдің өзі – сынақ! Басыңызға қан­дай да бір қиындық түс­кен­­де, сынақ болғанда сіз өзі­ңізді қалай ұстайсыз?
– Адамның ең басты жауы – ашуға бой алдыру, шектен тыс эмо­цияға ерік беру. Мен қандай жағдай болса да, өзімді сабырлы, бірқалыпты ұстауға тырысамын. Тек қорыққанда немесе қинал­ған­да ғана емес, қатты қуанғанда да өзім­ді салқынқанды ұстауға тыры­са­мын. Тіпті күтпеген жағдай бол­са да, барынша өзімді тежей ала­мын.
– Сіз сонда эмоцияңызды ешқашан көрсетпейсіз бе?
– Неге? Әрине, көрсетемін! Мен өз эмоциямды сахнада көр­се­темін. Ішімдегі барлық булық­қан сезімдерді тек қана сахнада шығарамын. Менің ән сал­ға­ным­ды көрген адамдар, сахнаға шығарда ішімдіктен тартып алған шығар деп те ойлауы мүмкін. Бірақ олай емес, мен ән салғанда барымды салып айта­мын. Өмір болған соң, қиын сәттер, өкпе-реніштер болады ғой. Сондай ішіме жиналған реніш-қайғының бәрін мен бокс залында шығарамын. Былғары қолғапты сермеген сайын бар ашу-ыза дегенің ортая түседі. Содан жеңілдеп қала­мын, өмірге деген, айналамдағы адам­дарға деген көз­қарасым да жақсарады. Және ешкіммен ренжіспеймін де.
– Үлкен өлшеммен алғанда, өмірде неден қорқасыз?
– Мен өмірде отбасым үшін қорқамын. Бар тілегім – ата-анам, бауырларым, бала­ла­рымыз аман болса екен. Отбасымызда, Отанымызда тыныштық, бірлік-береке болса. Мен үнемі жанұясын уайымдап, жақын­дарым ауырмаса, қиналмаса екен деп жүретін тынымсыз адамдардың қата­рынанмын. Одан бөлек, әрине, дос­та­рым­ды жоғалтып алудан қорқамын, сат­қын­дық­тан қорқамын. Бірақ өмірдің өзі – сынақ қой!
– Өмірлік ұстанымыңыз қандай?
– Менде бір ғана ұстаным, бір ғана бағыт бар. Ол – тек қана алға!
– Сіз бір ұл тәрбиелеп отырған әке­сіз. Баланың бойында батылдықты, жігіт­тік намысты ояту үшін не істеу керек?
– Тәрбие – ең басты мәселе. Менің ойым­ша, балаға жақсы мен жаманды айыра білуді үйрету керек. Бала соны білсе, батылдық өзі-ақ пайда болады деп ойлаймын. Себебі батырлық – білекте емес, жүректе. Қара күшті батырлықпен шатас­тыруға болмайды. Сондықтан алдымен бала­ның санасын оятып, дұрыс пен бұрыс­ты үйрету керек. Және баланы бала екен демей, өз қатарыңдай сөйлесіп, ақыл­да­сып отыру керек деп білемін. Мен, өкінішке қарай, балама көп уақыт арнай алмасам да, онымен кәдімгідей жігітше сөйлесемін. Бала үшін оның қасында күнде болып, ештеңе бере алмағаннан, аз көрсең де, жанында болған сәтте оған сыйлай алған махаббатың маңыздырақ! Мені қазір алаңдататын бір-ақ мәселе бар. Ол – ба­лам­ның ауылда емес, қалада өсіп жат­қан­дығы. Мен оның компьютердің алдында емес, өзім сияқты ауылдың шаңына аунап, қозы-лақтың соңынан жүгіріп, асық ойнап өскенін қалар едім.
– «Сынақ» бағдарламасын көрер­мен не үшін көруі қажет?
– Бұл бағдарламаны көрермен өздері жақсы көретін жұлдыздарын екінші қыры­нан тану үшін көруі қажет. Бұл жерде қаты­су­шылар өз қорқыныштарымен күресіп, соны жеңеді. Сынақтың өзі де адамға сол үшін беріледі ғой. Морт кетіп сыну үшін емес, қиындыққа қарсы шығып, барлы­ғына төтеп беру үшін. Ал қиындықты кім қалай жеңеді, біз көрерменге соны көрсе­те­міз! Сондықтан көруге тұрарлық қызық жоба деп есептеймін!
– Әңгімеңізге рақмет!

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста