Кентау НАЗАРБЕК, композитор:
– Сіздің атыңыз елге белгілі болғанымен, өзіңіз көпшілік алдында көріне бермейсіз. Жақында шығармашылық кешіңізді Астанада жоспарлапсыз. Мұның да өзіндік себебі бар шығар...
– 25 жылға жуық уақыт ішінде қандай қызмет атқарсам да, шығармашылық жұмыстан бір елі ажыраған емеспін. Әндерім елге танымал әншілердің орындауы арқасында жұртшылықтың жүрегіне жетіп, өнерсүйер қауымның бағасын алды деп ойлаймын. Осыған дейін Семей, Талдықорған өңірлерінде тұрып, қызмет атқарған уақытта өнер жанашырларының ұйытқы болуымен жеке шығармашылық кештерім өтті. Талғамы жоғары әнсүйер қауым бұған өз бағасын да беріп жатыр. Елордаға қоныс аударғалы мемлекет және қоғам қайраткері, академик Мырзатай Жолдасбеков ағамыз әндеріме ұдайы қолдау көрсетіп келеді. «Уақытын орайластырып, Астана төрінде шығармашылық кешінді өткізем десең, біз қашанда қолдауға әзірміз» деп ағалық жанашырлығын көрсеткен еді. Ойлана келе, құс қайтар уақыттың соңында өнерсүйер қауым алдына есеп беріп, әндерімнің бағын сынап көрейін деп шештім.
Жалпы, мен есер әннен аулақ адаммын. Сондықтан туындыларым қазақы сарынға жақын. Ұлт өнерінің көсегесін көгертейік деп жүрген көп қазақтың бірімін ғой. Сондықтан да кештің атын «Мен қазақпын» деп атауды жөн көрдік. Бұл кештің мақсаты – Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында шығармашылығымды қорытып, елімізге белгілі адамдар алдында әндерімді тыңдатып, зиялы қауымнан бата алсам деген ниет.
– Ерлан Рысқали, Еркін Шүкіманов сынды орындаушылар сіздің әніңіз туралы үнемі жылы пікір айтып, үлкен сахнада жиі орындап жүр. Әнді әншіге өзіңіз ұсынасыз ба әлде қолқа салып сізге арнайы жаздыра ма?
– Айтсаң да айт, айтпасанда айт деген ұстаным жоқ менде. Өнерде жүрген бауырларым мен қарындастарым әндерімді ұнатып айтып, үлкен сахналарда шырқап жүр. Оған шүкіршілік етемін. Әншілер жан қалауымен таңдап, орындап жатса, сазгер бақыты деген осы шығар. Жалпы, жүректен туынды туып, ол ретке келгеннен кейін өзіммен үндес әнші болса, ұсынамын. Әннің жілігін шағып, майын ішкен өрелі әнші болса, ұнатқанын алады. Әрбір әншінің өзіндік талап-талғамы бар. Дегенмен әнші әнді ұнатпай, тек композитордың көңіліне қарап айтса, бұл әннің болашағы жоқ, яғни тыңдарман қабылдамайды деп ойлаймын. Бүгінгі эстрада әндерінің ішінде естісінен гөрі, есері көбірек болып тұр ғой. Түрлі ән, түрлі мәтін. Жасыратыны жоқ, кейбірін тіпті адам түсініп болмайды. Бұл орайда өз шығармаларымның мұндай бейшаралық деңгейге төмендемеуіне баса мән беремін. Себебі Абай, Шәкәрім, Мұқағали өлеңдеріне ән жазғаннан кейін әуеннің өзі ұлы шайырлардың деңгейіне жетеғабыл болуы тиіс.
– Мұқағали Мақатаевтың 25-тен астам өлеңіне ән жаздыңыз. Бұл ішкі дүниеңіздің Мақаңмен үндес екенің көрсете ме?
– Мұқағали – ұлтжанды ақын. Жан дүниесі тереңде жатқан оның әр өлеңі әнге сұранып тұр десем, артық айтқаным емес. Ақын қаламынан туған нәзік жырлардың барлығы шыншыл. Менің ұғымымда шынайы туған дүние ғана халыққа түсінікті болмақ. Қазақтың боямасыз болмысын көрсеткен ақынның бірегейі де сол Мұқағали. Өзің айтқандай, таным-түйсігім Мұқағалидың ішкі әлемімен үндес деп сезінемін. Сондықтан ба, тез, әп-сәтте жазылған әндерім де болды. Мысалы, ұлым Айбынға арнаған «Арманда ұлым», «Жүр, қалқам, сырласайық», «Үш бақытым» секілді әндерді осының қатарына жатқызуға болады. Бір сөзбен айтқанда, Мұқағали менің жаныма жақын.
Ұлы Абай бабамыздың өлеңдеріне жазған әнімді Еркін Шүкіманов бауырым, шайыр Шәкәрім өлеңіне жазған әнімді Ерлан Рысқали бауырым, Клара Төленбаева қарындасым Мұқағалидың сөзіне жазылған «Үш бақытым» атты әнімді нақышына келтіре орындап, «Отанын, халқын, тілін» сүйетін тыңдарманның сүйіспеншілігіне бөленуде. Мен өз ұлтын шынайы сүйген өнер адамын айрықша құрметтеймін. Мысалы, кейбіреулер сахнада «елім, жұртым» деген жалындаған өлең немесе ән жазуы мүмкін, ал бірақ сахнадан тыс былайғы қылығы, ісі мүлде ұсақ-түйекке, жікшілдікке бағытталған ойын байқап, таңғаласың. Ал елін шын сүйгендер ғана мәңгі елімен бірге жасайды. Абай, Шәкәрім, Шәмші, Мұқағалидың шыншылдығы осында жатыр. Себебі мұндай шығармалардың ғұмыры ұзақ болады.
– Жалпы, ән айтқаныңызбен сазгерлік қырыңыз кейін пайда болды емес пе? Мысалы, кешегі Желтоқсан оқиғасынан кейін туған әніңіз табан астында тапталған ұлт намысы мен тілге деген құрмет нышаның айғақтайды...
– Желтоқсан оқиғасынан кейін ұзақ тебіреністе жүріп, алғаш рет тіліміз туралы ән жаздым. Бірақ содан кейін сазгерлікке бірден ден қойып кеттім дей алмаймын. Тоқсаныншы жылдары аздап ән жазып жүрген шақта мені сынаушылар өте көп болды. Содан болар мен бірден бұл саладан алшақтап кеттім. Ол кез өнерден сырт айналып, тасадан кім келіп сын садағымен түйреп алады екен деп сыншыларға үрке қарап жүрген шағым болды. Сондай жастықтың албырт шағында мені қанатының астына алып, шығармашылығыма шынайы бағасын беріп, бағыт сілтеген марқұм ұстазым – Теміржан Базарбаев еді. Тіпті әндерімді нотаға түсіріп, ағалық қолдау көрсетті. Шындығында, Темкең сол бір кездері жалғыз маған ғана емес, өнердің айнасында талпынып жүрген жас өнерпаздардың тұсауын кесіп, қанатымен су сепкен еді. Және де үміт күттірген жастарды ғана маңайына жинап, топтастырды. Қазіргі уақытта, менің байқауымша, Теміржан Базарбаевтай өнер жанашырлары тым аз секілді.
– 25 жылға таяу уақыт деген өнер адамы үшін аз уақыт емес. Өткенді бір түгендеп, ел алдында есеп беретін шақ. Жалпы, өнерде жүрген сіздің әндеріңіз өз бағасын ала алды ма?
– Негізінен, жазған әндерімнің барлығын халықтың бағасын алған әншілер орындағанды жөн санаймын. Көп жағдайда тілшілер қауымы менен осыны сұрап жатады. Халық бағасын алуы ол әншінің жеткізуіне де тікелей байланысты. Сондықтан бұл сұраққа менен гөрі, өнерге баға беріп жүрген сыншылар жауап бергені дұрыс.
– Шығыста туған композиторсыз. Кешегі Абай мен Шәкәрім, заңғар жазушы Мұхтар Әуезов туған топырақта өмірге келіп, ұлылардың ізі қалған өңірде білім алып, ержеттіңіз. Есіміңізді неге байланыстырып қойған?
– Есімімді қалай қойғанын білмеймін (күлді). Бірақ Оңтүстік Қазақстан облысындағы Кентау қаласына ешқандай қатысы жоқ. Шамасы, ата-анам жақсылық пен өнердің кені болсын деген игі ниетпен қойған болуы керек. Адамға есім бейсауат қойылмайды. Шындығында, мен Шығыс Қазақстан облысына қарасты Абай ауданында дүниеге келдім. Сол елдің азаматы болғаныма қуанамын. Өзімнің азаматтық тұрғыда қалыптасуыма Алаштың астанасы – Семей қаласы міндетті түрде әсер етті. Шығыста жүріп біраз дүние жасадым. 150-ге жуық әнімнің басым бөлігін де осы Семей қаласында жаздым десем болады. Кейін үш жылға жуық Алматы облысында тұрып, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің қоғамдық мамандықтар факультетінің деканы қызметін атқардым. Бүгінде Астанадағы Ұлттық өнер университетінің «Қорқыт» атындағы ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкерімін.
– Кейін жұмыс жайымен қоныс ауыстырып, өзге өңірлерде тұрақтап қайттыңыз. Осының барлығы шығармашылыққа әсерін тигізді ме?
– Ел аралап, Алматы облысынан Астанаға қоныс аударуым шығармашылығыма өз әсерін тигізді. Ел көріп, жер көріп жүріп көңілге түрлі әуендер ұялап, әртүрлі әсерлі ән болып шықты. Алла жазса, шығармашылық кешімнен кейін жоспарлап отырған жұмыс жетерлік. Дәстүрлі және эстрадалық жанрдағы әндерімнен дискі шығарсам деймін. Еркін Шүкіманов пен Ерлан Рысқали әндерімді Қазақ ұлттық консерваториясында өз шәкірттеріне үйретуде. Демек, әндерім өнерсүйер қауымға насихатталуда. Биылғы жылы республикалық «Жас қанат» байқауында жас әнші Келбет Отынбаева М.Мақатаевтың сөзіне жазылған «Рақмет, дала» әнін орындап, жүлделі екінші орынға ие болды. Осының барлығы – көңілге мерей. Жазған шығармалар насихатталып, тыңдарманға жетіп қуантса, одан артық өнер адамына бақыт бар ма?! Қынжылтатыны, менің әндерімнің насихатталуы тым кештеу басталғаны. Бірақ ештен, кеш жақсы деген ғой.
– Әңгімеңізге рақмет! Өнеріңіз өрге жүзсін. Шығармашылық табыс тілейміз!
Құлаққағыс
Кентаудың «Мен қазақпын» атты ән кеші 2013 жылы 15 қарашада сағат 18:00-де Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің үлкен концерт залында өтеді. Шығармашылық кеште Қазақ ұлттық өнер университетінің ұлт - аспаптар оркестрі, Ерлан Рысқали, Еркін Шүкіман, Азамат Жылтыркөзов, Алма Аманжолова, Досымжан Таңатаров, Гүлмира Сарина, Толу Сембаев, Клара Төленбаева, Секен Сыздықов сынды елімізге кеңінен танымал өнер майталмандары қатысады.
Туындылары терең сезіммен келетін әнші
Осыдан біраз жыл бұрын көгілдір экран алдында сұхбат беріп отырған кезімде маған бір кезекті сұрақ қойылып еді. – Сіз қалай қарайсыз, қазір композитор дегендер тым көбейіп кетті, осы дұрыс па? – деген. Сонда менің берген жауабым былай еді: – Дұрыс. Тіпті одан артық көбейе берсін. Себебі бұл – өте қуанышты жағдай. Бұл – біздің жастарымыздың ішкі сезімдері оянып, мәдениетке деген құштарлық пайда болды деген сөз.
Кейіннен ойлап отырсам, көбейіп кеткен ештемесі жоқ. Саусақпен санап алуға болады екен. Солардың ішінде, менің айтайын деп отырған әңгімем Кентау Назарбек жөнінде, оның композиторлық творчествосы туралы ағалық лебіз. Меніңше, Кентаудың ән жаза бастаған себебі – оның даусына байланысты ғой деймін. Кентаудың дауысы – әжептәуір нәзік тенор. Диапазоны, яғни даусының кеңдігі кәдімгі тенорлардан сәл асып түседі. Әрине, жазған әндерінің де диапазоны соған сәйкес. Кентау өз әндерімен бірталай концерттерде көрініп, сүйкімді, сұлу даусын ел-жұртқа паш етіп келеді.
Бойымен де, даусымен де, әнімен де, жүріс-тұрысымен де ел-жұрттың назарын өзіне бағындырып алады. Домбыраны да жақсы ойнайды. Әндерін домбырамен сүйемелдеуі әуенмен әдемі қабысып тұрады. Кентау әндерін фортепианоның сүйемелдеуімен де айта алады. Ішкі сезімі терең, ән айтқанда белгілі бір пәлсапалық ой тастайды. Кентаудың әндері көбінесе халық әндерінен гөрі, кәсіби ария, романс, балладаларға жақын, өзінен-өзі симфониялық оркестрге сұранып тұрады немесе көп дауысты хорға, ансамбльдерге салғың келеді.
Кентаудың әндері терең сезімді келеді. Әсіресе Абайдың сөздеріне жазған әндері ұлы ақынның айтайын деген ойын айшықтай түсетін, ең қуаты күшті туынды деп бағалаймын. Абай «Құлақтан кіріп, бойды алар» деп айтқандай, ән осы Кентаудың әндеріндей бойды алып кетпесе, ән болмайды. Қазіргі кезеңде әннің халі қалай болып кеткені бәрімізге мәлім. Құлағымызбен естіп, көзімізбен көріп жүрміз. Қимыл мен ән бірігіп кетті.
Ағалық, ұстаздық тілегім – сол: жылтырағанға әуес болмай, сәл қол жеткен жетістікке тоқмейілсіп, тоқырап қалмай, әрдайым ән қанатында қалықтай бер! Өнер өлкесіндегі жолың өрге жетелеп, ел мақтан ететін өреннің бірі бол. Қалған батаны әндеріңді бағалаушы халық өзі бере жатар.
Теміржан БАЗАРБАЕВ (марқұм) Композитор, Қазақстанға еңбегі сіңген өнер қайраткері, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі. 2000 жыл
Еркін ШҮКІМАНОВ, дәстүрлі әнші:
– Студенттік жылдары Семей қаласында оқып жүргенімде халық әндерін үйренуге деген құлшыныс бізде өте жоғары болды. Семейде өтетін қалалық, облыстық шалалардан тыс қалмай, Тұрсынғазы Рахымов, Мәдениет Ешекеев сынды ағаларымыздан бір елі ажырамайтынмын. Үлкендерге ере жүріп, үлкен өнердің тұтқасын ұстаған Кентау ағамызбен сол кезде-ақ таныс болдым. «Менің әндерім бар, үйрен» деп әнін ұсынғанымен, оны жетік түсінуге біздің өреміз жетпеген-тұғын. Оны орындауға бірден еніп кеттім деп айта алмаймын. Сөйтіп жүргенде Кентау Назарбектің «Бір бәйтерек, бір шынар» әні Семей өңірінде кеңінен тарап, «әу» дейтіндердің басым бөлігі осы әнді құштарлана орындауға тырысып-ақ жүрді. Сазгер есімі осылайша ауызға іліне бастап еді. Бертінде Толғанбай Сейсенбаевтан «Жастық» деген әнді естіп, қатты ұнаттым. Шындығында, ол әннің Кентауға тиесілі екенін білмеген едім. Толғанбай ағамыздың әні шығар деп жүріп, кейін орындауға құлшыныс білдіріп, авторын сұрастырсам, Кентау Назарбек екен. Тереңіне бойлап, сөзінен бөлек сазына да ерекше мән берілген «Жастық» әні жалындаған жастықтың шынайы болмысын көрсететін өрелі ән болды.
Дүниеге көп қызықпайтын Кентауды құдайдың өнерпаз қылып жаратуы тегін емес. Ол туған топырақ – қазақтың жазба әдебиетінің негізін салған Абай елі, Шыңғыстау етегі. Осындай киелі өңірден шыққан оның осындай өнер иесі болмауы мүмкін емес. Кешегі Шәкір Әбенов, Мейрамбек Жанболатовтардан кейін төбе көрсеткен ғаламат өнер иесі. Абай мен оның шәкірттерінің әндеріне қанып өскен Кентау туындыларының халықтық нақышқа ие болуы, психологиясын шынайы көрсетуі – осыдан. Әндерінің тұла бойынан ұлт мәдениетінің нышаны айқын сезіліп тұрады
Асан ОМАРОВ, абайтанушы:
– Кентау Назарбек – халық арасынан шыққан қазақтың ән өнеріне атақ-даңқ дәметпей-ақ, аянбай тер төгіп жүрген талант иесі. Ширек ғасыр уақыт ішінде ол толағай табыстарға жетіп, шығармашылық жағынан шындала түсті. Ендігі жерде оның ән мұрасы ескеріліп, еленіп жатса, оның еңбегінің еленгені болар еді. Тоқсаныншы жылдары Кентау Семей қаласындағы Теміржан Базарбаевтың тәлім-тәрбиесін алып, жиі келіп жүрді. Жас жігіттің бұл жүрісі тегіннен-тегін емес екен, «Бір бәйтерек, бір шынар» деген сазды әнімен есімі аймаққа бірден белгілі болып шыға келді. Бірден тез тараған ән сол уақытта той-томалақтың көрігін қыздырушы еді. «Әнге сұранып тұрған өлең болса» деп бізге өтініш айтқанда, біз сеніңкіремей, уақытша әуесқойлық шығар деп күмәнмен қарайтынбыз.
Уақыт өткен сайын тас бұлақтың көзі ашылмай қалған ба, Тыныштықбек Әбдікәкімов, Мұратбек Оспанов, Мұрат Тастағанов, Алмахан Мұхаметқалиқызы, Дәмеш Омарбаева сынды ақындардың сөзіне жазылған Кентаудың мөлдір әндері талай жүректің түбіне бойлады. Себебі Кентау жеңіл-желпі ән жазбайтын, ішкі дүниесі философияға бейілді, өзінше ойшыл сазгер. Мысалы, Абай өлеңі оның ақын мұрасына деген айрықша ілтипатын көрсете алды. Әндерінде қазақылық бояудың қанық, халықтық реңктің басым болуы өзіндік ерекшелігін айқындап тұрады.
Ерлан РЫСҚАЛИ, дәстүрлі әнші:
– Кентау Назарбек – адамгершілік пен өмірдің эталоны бола алатын адам. Ол кісінің жүрегі ақ, көңілі кең болса, әндері де сондай мөлдір, тұнық. Ешқандай артық қосындысы жоқ. Сазгер – бүгінгі таңда қазақтың иісі шығып тұрған ұлттық классикалық ән айтуда үзіліп бара жатқан сазгерлік үрдісті Тұрсынғазы Рахымов ағамыздан кейін қайта жаңғыртқан тұлға. Бұл кісінің әндері өз алдына бір бөлек, ат төбеліндей көп ішінен көрініп тұрады. Кешегі Сегіз сері, Біржан сал, Ақан серіден бастау алған, одан әрідегі Абай атамыздан Шәкір, Жәнібек ағаларымыз жалғаған дәстүрді бойына сіңіріп, дала және бүгінгі әуендерді бір арнаға тоғыстырып, өзінше сара да дара жол салған сазгер. Жаны таза адамнан ғана тек жақсы дүниелер шығады. Ағамыздың әндері туралы талдап, күрделі дүниелер айтуға болады. Әндерінің бір ерекшелігі – ол кісі лирикалық әндерді керемет жазады. Ойға жетелеп, патриоттыққа тәрбиелеп, ұлттық сананы оятатын әндерді көп жазған адамның бірі – Кентау аға Назарбек. Бұл кісінің шығармашылығы алда шырқау биікке шығып, өз бағасын алады деген сенімдемін.
Бетті дайындаған Жанкелді ҚАРЖАН