Асқар ЖҰМАДІЛДАЕВ, физика-математика ғылымдарының докторы, академик:
– Бірінші рет халықаралық математикалық олимпиада 1959 жылы Румынияда өтіпті. Содан бері дәстүрлі түрде мемлекеттердің келісуімен өтіп келеді екен. Биыл елімізде өткен 51-халықаралық математикалық олимпиада ТМД елдерінің арасында бірінші рет Қазақстанда өтті. Мұны біздің математиктеріміздің мықты әлеуетінің кепілі деуге бола ма?
– Олимпиаданың тарихы өте тереңде жатыр. Бұл олимпиаданың шығу тарихын тікелей Венгриямен байланыстырамыз. Австрия-Венгрия империясының құрамында болған венгр халқының ақындары неміс тілінде сөйлеуге қарсы шығады. Олар неміс тілі арқылы венгр халқын отарлап жатқанын сезіп қояды. Мажарлар алып империямен келісіп, білім жүйесіне өзгеріс енгізуді талап етеді. Білім реформасының құрамына олимпиада ұйымдастыру мәселесін де алға тартады. Ақындар секілді жұрт сөзбен емес, біліммен, ғылыммен жарыссын деген ұсыныс айтады. Міне, біз айтып отырған олимпиаданың тарихы Венгрияда 150 жыл бұрын пайда болған. Белгілі бір уақыттан кейін, аталған олимпиада Румынияда дүниежүзілік масштабта өткізілетін болып шешілді. ТМД елдерінің арасында халықаралық математикалық олимпиаданың біздің елде бірінші рет өткізілгені рас. Ал Кеңес өкіметі кезеңінде Мәскеуде бір рет өткізілгені есімде. Қазақстанда бұл халықаралық жарыстың өткізілуі мемлекетімізге зор бедел болды. Себебі халықаралық білім бәсекесінің өткізілуіне басқа мемлекеттер тарапынан сұраныс көп. Ол сұранысты математикалық одақ мақұлдай бермейді. Сондықтан ғылымды түсінген адамға бұл олимпиаданың маңыздылығы өте жоғары. Елімізде өткен бұл халықаралық олимпиадаға БАҚ онша мән бермеді деп ойлаймын. Маңыздылығын түсінген жоқ. Бірақ халықаралық олимпиадада бізді қуантқан бір жайт болды. Олимпиада үшін дайындалған есептерді жан-жақтан жиналған қазақ жігіттері тексеріп, нәтижесін қатысушыларға мәлімдеп отырды. Төрткүл дүниеден келген математиктердің шығарған есептерін тексеріп, оған баға беру оңай шаруа емес. Есептің қате жерін көрсетіп, оларды мойындатуың керек. Міне, осы тұрғыдан келгенде біздің қазақ жігіттері нәтиже көрсетті. Оларды АҚШ-тан, Канададан, Сингапурден, Швейцариядан тағы басқа елдерден арнайы шақыртып едік. Олар қуана-қуана келіп, көмектесті.
– Дәстүрлі түрде өтетін олимпиаданың ішкі жүйесі өзгермелі ме? Олимпиадаға қатысудың мемлекеттік талаптары қандай?
– Олимпиадаға қатысу үшін бірінші бақылаушы болып кіресіз. Сосын бір-екі жылдан кейін сұраныс жібересіз. Олар мемлекеттегі ғалымдарыңызды, математика ғылымының деңгейін зерттеп, сізді олимпиадалық комитетке тіркейді. Қазір әлемде 150-дей мемлекет болса, соның 105-і осы халықаралық одаққа кіреді. Негізі, ол одаққа кіру қиын емес, ал жеңу қиынның қиыны. Әрбір мемлекеттен қатысушылардың саны алты адамнан аспауы керек.
– Қазақстанның ұлттық құрамасының нәтижесі қандай болды деп ойлайсыз? 98 мемлекет қатысқан атышулы олимпиаданың ішінен 5-орынды олжалау сіз үшін қандай көрсеткіш болып саналады?
– Халықаралық математикалық олимпиадада биыл Қазақстан бірінші рет бесінші орын алып отыр. Баяғыда АҚШ-та өткен олимпиадаға қатысқанымызда 20-орын алып едік. Бұл көрсеткіштен жоғары шыққан емеспіз. Негізі, халықаралық математикалық олимпиаданың тұрақты жеңімпаздары бар десек те болады. Себебі Қытай, Ресей секілді мемлекеттерде математикалық дәстүр қалыптасқан. Қазақстан биыл Қытай, Ресей, АҚШ, Оңтүстік Кореядан кейінгі орынды олжалады. Біз бірінші рет Германия, Англия, Жапония секілді тарихы тереңде жатқан мемлекеттерден озып отырмыз. Бұл – біз үшін зор көрсеткіш.
– Олимпиаданың 2010 жылғы 17 жастағы жеңімпазы қытайлық Най Зипей: «Мен шығарған есептер маған еш қиындық туғызбады» деп жауап берген екен журналистерге берген сұхбатында. Әділ қазылардың арасында болған болсаңыз, қытайлық жас математиктің талғамы туралы айтсаңыз?
– Ол баланың дайындығы өте күшті болған. Оған таңғалудың қажеті жоқ. Егер сізді де бір жыл бойы осылай дайындаса, біріншілердің қатарынан көрінуіңіз әбден мүмкін. Ол Қытайдың тәрбиесін көрген, қуанышын ішіне жасыра білетін мықты, жас математик. Сіз қуанышын жасыра алмай, сыртқа айқайлап жүрген қытайдың қай баласын көріп едіңіз. Оларда дәстүр сондай. Барлық эмоциясын ішіне жасыра алады.
– 2011 жылы халықаралық математикалық олимпиадаға қатысушылар Нидерланды мемлекетінің астанасы Амстердамға аттанса, 2012 жылы білімді оқушылар Аргентинаға барады екен. Олимпиадаға қатысатын жас математиктеріміздің дайындығына кім көңіл бөліп жүр? Араларында сіздің шәкірттеріңіз кездесе ме?
– Байқап қарасам, араларында жанама шәкірттерім де, тура шәкірттерім де кездеседі. Барлығы дерлік алгебристер. Мысалы, Дамир Елеусізов деген менің шәкіртім олимпиаданың есептерін дерлік өзі құрастырды. Айналып келгенде, көбісі менімен байланысты. Ал келешекте болатын олимпиадаларға тоқталатын болсақ, ол олимпиадаларға, әрине, дайындаламыз. Қандай дәрежеде болатынын айта алмаймын. Оларда біздің елдегідей «Дарын» республикалық ғылыми орталығы секілді ұйымдар жоқ. Біздегі «Дарын» Қазақстандағы бүкіл олимпиадаларды өз мойнына алып ұйымдастырады. Ұйымдастыруға тікелей жауап береді.
– Математикадан ұлттық құрамамыз биыл үш алтын, екі күміс медальдарын жеңіп алыпты. Оған қоса өткен жылғы жүлдегерлер де бар. Жалпы, математикалық олимпиаданың жүлдегерлері қазір қайда жүр? Олар ғылымда қала ма?
– Математика ғылымдардың арасында өте ауыр салаға жатады. Сондықтан бұл ғылымды жақсы көріп, сүйсініп оқитындар аз. Ауыр сала. Жеңімпаздардың көбі қаржы, экономика, кеден ісі сияқты салаларға кетіп қалып жатады. Өкінішке қарай, мен білетін жақсы математиктердің дерлік барлығы шетелге кетіп қалды. Ешқайсысы ғылымда қалған жоқ. Қытайлар математикада қалды. Ал бізде тірліктің басы бар, аяғы жоқ.
Мен білетін жақсы математиктердің барлығы шетелге кетіп қалды
Последние статьи автора