Мемлекетшілдік һәм менеджерлік рух

Қазір біздің тұрмысымызда қандай бір бизнес құрылымын «шетелдік компанияның басқаруына беру» дейтін ұғым берік орнап келеді. Ала ағаштың ар жағынан келген маманға құдайдай сенетін болып алдық. Шын мәнісінде, ол атасы басқа қазақтың экономикасына жанашырлық танытып келіп отыр ма? Қазақтың өзінен артық жанын салып еңбек етуі мүмкін бе? Екі сұрақтың да жауабы мәлім. Көкірегімізде сайрап тұр. Бірақ қазір олардың жауабы маңызды емес. Маңыздысы – басқарудың өзіміздің қолымыздан да келетіндігі, ұлттық топ-менеджерлердің бар екендігі.

РУХТЫҢ «ДУМАНДАҒЫ» ЖЕМІСІ
Мұның жарқын мысалы – Астана төріндегі «Думан» ойын-сауық орталығы. Бізден нешеме мыңдаған қашықтықтағы мұхиттың арқадағы алып тамшысы деп суреттелетін бұл кәсіпорынның жұмысы ерекше күрделілігімен ерекшеленеді. Олай дейтініміз – мұндай мекеме еліміз түгіл, ТМД аумағында бұрын-соңды болмаған. Оның күнделікті жұмысына қажетті дүн-дүниенің біразын көз көріп, құлақ естімеген елдерден ғана табасыз. Және бұл – әлемдегі аса ірі аквариумдық бизнес нысандарының бірі.

Шетелдік менеджерлер әуелгіде «Думанды» да басқарудан дәмелі болған екен. Әдеттегідей қыруар қаражат сұраған. Бірақ біздің тарап осы жерде тамаша тәуекел жасап, оларға бермей қойыпты. Сөйтіп, еліміз үшін ең таңсық кәсіпорынның екі тізгін, бір шылбырын ұстауға Патима Төрәліқызы Мәтжанова лайық деп танылады.

Содан бері желдіріп жеті жыл өте шығыпты. Әдетте, біз он, елу, жүз деген дөп-дөңгелек даталарға дағдыланып алғанбыз. Әйтпесе қазақ үшін 7-ден киелі сан жоқ. Өмірдің ең маңызды белесі де – осы кезең. Биыл «Думан» сол белестен өтіп барады. Жеті жылды да толағай табыспен қайырып келеді. Барша Қазақстан жұртының көзайымына айналды. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін біледі. Жаһандық дағдарыс дауылы да оны шайқай алмады. Осы жылдарда тарифтер әлденеше рет қымбаттап үлгерді. Еселеп өскендері де бар. «Думанның» бағасы күні кешеге дейін өзгерген жоқ. Жеңілдіктерден де бас тартқан жоқ. Соған қарамастан кірісі кісі қызығарлық!

ЖОЛСЫЗДА ТАРТЫЛҒАН ЖОЛ
Орталықтың шаңырақ көтерген күннен бас директоры Патима Төрәліқызының кең кеңсесіне кіргеннен-ақ мұндағы басшылық тәртібінің басқаша екенін ұғынғандаймыз. Біз көріп жүрген бастықтардың кеңсесінде мұндай көп қағаз бен кітап болмайтын. Және осынша көп қағаз қыздың жүгіндей жинақы, жік-жігімен тұр. «Жұмысқа кіріскен бірінші күннен басталған ізденістен бір сәтке бас көтермеппіз. Жеті жыл жеті күндей боп өте шығыпты. Қазір де ізденістен ізденіс үстіндеміз», – деді ол әңгімеге кірісіп жатып. Бейне бір біздің қағаздың көптігіне таңырқағанымызды байқап қалғандай.

«Думан» ойын-сауық орталығы ашылған тұста мұндай нысан әлемде некен-саяқ болатын. Бұрынғы кеңестік кеңістікте атымен жоқ тіпті. Шаруаны шыр айналдырып әкетер мамандар буыны түгіл, жорамалдап жол көрсетер адам жоқ. Дайын тәжірибе жоқ. Белді бекем буып, жолсыздан жол салуға тура келеді.

Патима Мәтжанова «Думанның» құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан кезден араласты. Ғимаратты салып жатқан ағылшын компаниясында қызмет етті. «Ағылшын тілін білетінімнің көп көмегі тиді. Күні-түні интернетте отырып ғаламды шарлайтынмын. Жан-жаққа хат жазып, ізденіп жүріп әріптестер таптым. Дүниенің төрт бұрышындағы мамандармен байланыс жасадым. Сөйтіп жүріп жұмысымның мәнісін ұғып, өзімді жаңа салаға бейімдей бастадым», – деп еске алады «Думанмен» өткен алғашқы күндерін Патима Төрәліқызы.

Бірақ жалғыз үйренгеннен де ештеңе шықпайды. Мұндай ірі кәсіпорынға көп маман керек. Бұл жерде оған құқық қорғау саласында істеп, адам жанына терең үңілуге машықтанғанының септігі тиген болар. Әйтеуір, ерік-жігері күшті, ынтасы зор ұжым жасақтай білді (ұжымдағы қазірге дейінгі тұрақтылық – осындай пікір түюге себепші болды). Мұндай топ кәсіби дайындығы жоғары ұжымда болады.

БАС БАҒДАР – ПРЕЗИДЕНТ АРТҚАН СЕНІМ
Іс сәтімен басталса, жалғасы да сәтті болады. Қай замандарда да солай. Бұрын-соңды тарихымызда болмаған кәсіпорын басшылығын қолына алған П.Мәтжанова Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың орталықты ашу салтанатындағы сөзін басты бағдар етіп таңдайды. Мемлекет басшысы су жаңа орталықты ел игілігіне табыстап тұрып, оның әрбір қазақстандықтың отбасымен келіп, шынайы демала алатын орнына айналдыру керектігін айтқан болатын. Барлық стратегиялық жоспар осыған бағытталды. Сөйтіп, сәтті сапар – Президент сөзін табыс кілтіне айналдыра алудан басталды десе де болады.

Патима Төрәліқызының табыс туралы ұстанымы да өзгеше: «Табыс тиынмен ғана өлшенбейді. Ол халықтың қуанышы, әлеуметтік-саяси мәселелердің оң шешімін табуы түрінде де келуі мүмкін. Нағыз табыс – қалтаға түскен ақша емес, елдің көрген игілігі, алған жан рақаты», – дейді ол. Бәлкім, бұрынғы аса жоғары дәрежелі құқық қорғаушының бүгінгі күннің ең табысты ұлттық менеджеріне айналуына дәл осы ұстанымы септігін тигізген болуы керек.
Бұрын дәм-тұзын татып көрмеген салада мұндай жетістікке жету үшін жеті жыл өте аз мерзім. Кейіпкеріміздің өзі айтады: «Мені менеджерлікті тез меңгеруге жетелеген үш нәрсе деп білемін. Біріншісі – бала күннен қалыптасқан жауапкершілік. Бізді әке-шешеміз солай тәрбиеледі. Сенім артылды ма, ақтау – парыз. Екіншісі – ұлттық намыс. Шетелдік менеджерлердің бас айналдырар қаражат сұрап, біздің мамандарды көзге ілмегені жаныма қатты батты. Үшіншісі – өзіме өзімнің сенетіндігім».

Біреулер мемлекетті алға шығаратын нәрсе жоғарғы технология деп санайды. Тағы біреулер мемлекет аумағындағы табиғи ресурстардың молдығы дейді. Ал «Думанды» жетістікке жетелеген Патима ханым бұл екеуіне де қосылмайды. Оның ойынша, ең құдіретті байлық – адам ре-   сурстары. Онда да оның сансыз көп болғандығы емес, сапалы болғаны ұтымды. Атап айтқанда, біліктілік пен білімділік – басты сапа көрсеткіштері. Ал қандай ғажайып технология болмасын – білікті адамның жасағаны. Сонымен қатар жоғарғы технология бұрынғыдай құпиялылығын сақтап тұра бермейді, әлемге тез таралады. Қазба байлық та жөнімен жарататын адам ресурсы болмаса, соншалықты серпінді дамыта алмайды.

ТАҒЫ БІР САЛАДА АЛҒА ШЫҚТЫҚ
«Думанда» аз жылдың ішінде үлкен мектеп қалыптасып үлгерді. Біздің қатарымызда болып, аквариумдық кәсіпті меңгерген бір маманымыз Сочи қаласындағы мұхитаралын басқарып отыр, – деп сөзін сабақтады Патима Төрәліқызы. – Мықты бір сүңгуірімізді Ресейдің Санкт-Петербург қаласы арнайы қалап шақырып алды. Қарап отырсаңыз, Ресей – мұхиттарды зерттеуші ғылыми мекемеге де, маманға да бай мемлекет. Оның біздің маманға көз салуы бізді мойындағандық емес пе?!».

Ойын-сауық орталығының басшылығы табысты жұмыспен ғана тоқтап қалмаған. Жоғарғы инновациялық технологияларды енгізуді де ескере біліпті. Ұжымның өз қаражат күшімен үш деңгейлі аттракциондық кинотеатр бес деңгейлі болып қайта жабдықталыпты. Оның үстіне бұл сала бойынша мамандарымыз да ең мықтылардың бірі болып алыпты: «Біздің мамандар бес деңгейлі кинотеатрды көзін жұмып тұрып шашып тастап, әп-сәтте қайта жинап бере алады», – дейді бас директор шын мақтанышын жасыра алмай.

Қазақстан «Думан» мұхитаралы арқылы аса бай тәжірибе жинақтап үлгерді. Оның алғашқы күннен-ақ табысты жұмыс істеп кетуі басқарудың дұрыс жолға қойылғандығынан екені даусыз болатын. Әйтпесе, бизнестің бұл түрінде үлкен сәтсіздіктерге ұшырап, ауыр шығынға батқандар аз емес. Мәселен, Сочиде ашылып жатқан осындай кәсіпорын сатып алып келе жатқан небір құнды балықтарын ұшақта өлтіріп алған. Ал Санкт-Петербургте аквариумдағы балықтарды қырып алған жайттар болыпты. Айтпақшы, Санкт-Петербургтегілер біздің мамандардан сабақ алып, біраз үйреніп кеткен еді. «Бізде болса, жеті жыл бұрын келген ақсақал балықтар әлі өмір сүріп жүр», – деп күлді кейіпкеріміз. «Сонда балықтарды түр-түсіне дейін танисыз ба?» – деп сұраймыз біз таңданып. Бас директор іле жауап берді: «Әрине, танимын. Олар менің баламдай болып кеткен балықтар. Мемлекеттің қаражатына алынған соң, ерекше қараймын. Мемлекеттің мүлкіне жауапкершілікпен қарау қанымызға сіңген әдет қой».

Біздің мамандармен қазіргі кезде алыс шетелдегілер де санасатын көрінеді. Жаһандық жиындардың бәріне шақырып тұрады. Арнайы баяндама жасауды сұрап, тәжірибемізге қызыққандар да болыпты. «Мұхиттан үш мың шақырым алыста жатырсыздар. Жұмысын қалай жүргізіп отырсыздар?» деп таңданатындар да бар екен. «Ондайда «біз қазақ деген осындай халықпыз» деп мақтанып аламыз. Міне, біз өзімізге мүлдем бейтаныс аквариум бизнесінде де жетекші елдердің біріне айналдық», – дейді П.Мәтжанова.

МЕН КЕЙІПКЕРІМ ТУРАЛЫ
Патима Мәтжанова – еліміздің Бас Прокуратурасының керегесін кеңейткен, оның қалыптасуына сүбелі үлес қосқан заңгер. Әділет министрлігі жүйесінде Нағашыбай Шайкенов тәрізді ұлтжанды перзентпен бірге де қызмет істеді. Қызмет болғанда да жай қызмет емес, вице-министр болды. Әлі биіктей беруге мүмкіндігі зор еді. Бірақ оның аналық парызды бәрінен биік қойған азаматтығына еріксіз разы боласың!

КЕЙІПКЕРІМ ӨЗІ ТУРАЛЫ
«Бір университетке екі рет оқуға түскенім бар. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті болатын. Мәскеудегі алғашқы сынақта шыққан тізімнен өзімнің жоқ екенімді көріп, ауылға қайтып кеттім. Сөйтсем, бұл оқуға түскендердің тізімінің жартысы ғана екен. Мен де алған бетімнен қайтпай, келесі жылы қайта келіп сынақ тапсырдым. Ұстаздар таң-тамаша болып қарайды: «Былтыр сынақтан өтіп, оқуға қабылданып едің ғой, неге келмедің?» – деп. Құдай жар болып, екінші ретте де сынақтан сүрінбей өттім. ММУ-ді солай оқып шығып ем»...

P.S. Еліміздегі ең күрделі бизнес-құрылымын осындай биіктен көрсете білген, табысты кәсіпорынға айналдырған ұлттық топ-менеджерлеріміз бар екен. Мемлекеттің өсіп-өркендеуі үшін стратегиялық маңызы аса жоғары бизнес-құрылымдарды көзді тарс жұмып шетелдіктердің басқаруына бере бергенше, өзіміздегі осындай ұлттық мамандандырылған басқарушы компанияларға неге сенім артпасқа? Мұндайда ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК (!) мәселесі бәрінен жоғары тұруы керек. Ал бөтеннің аты бөтен, шетелдіктер қаншалықты сенімді?
Тағы бір айтпағымыз – кәдімгі РУХ ақын-жазушыларға ғана емес, мемлекеттік қызметшілер мен топ-менеджерлерге де ауадай керек екен. Олардың бойында рух қаншалықты күшті болса, табысымыз да «Думандағыдай» толағай болмақ.

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста